Қоғам • 01 Қаңтар, 2023

Әлеуметтің қалқаны болар кодекс

614 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кез келген ел ең әуелі әлеуметтің әл-ауқатын реттеуге басымдық береді. Сол себепті де Президент Әлеуметтік кодексті әзірлеу туралы бастаманы 2020 жылы көтергенімен кейінгі Жолдауларында жобаны толықтыратын, тұздық болатын ұсыныстар айтып келді. Демек Президент тапсырмасы қолданыстағы заңнамаларды жетілдіріп, бірізділендіруге арқау болып отыр. Былтыр жыл соңындағы Үкімет отырысында жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы мақұлданды.

Әлеуметтің қалқаны болар кодекс

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Тамара Дүйсе­нова Әлеуметтік кодекс жобасын­да көзделген әлеуметтік қамсыз­дандырудың тиімділігін арттыру жө­ніндегі шаралар туралы жан-жақты айтып берген еді.

Әлеуметтік кодекстің бірінші жаңа­лығы – мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйе­лерінің деректері негізінде қалып­тастырылатын Отбасының цифрлық картасы. Аталған жүйе арқылы кез келген азамат мемлекеттің қолдауын тиісті органдарға жүгінбей-ақ ала алады. Мемлекет бұл қажеттілікті өзі анықтап, барлығын автоматты түрде ресімдейді. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін былтыр қыркүйек айынан қанатқақты режімде енгізудің нәтижесінде 51 мың адамға мемлекеттік қызметтер жөнінде SMS хабарлама жолданды. Сәйкесінше жәрдемақы немесе әлеуметтік тө­лем алу мүмкіндігін 11,7 мың адам өтініш бермей-ақ пайдаланған. Қа­зір Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алу­ға құқығы бар қазақстандықтарға қан­дай да бір өтінішсіз жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Осы тізімде жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жандарға, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлем, жұмысынан және асыраушысынан айырылған отбасыларға тиесілі әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршысына) жәрдемақымен қоса мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқалы» және «Күміс алқалы» көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек бар.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгі­ленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жолданады. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау түгелдей автоматты режімде жүргізіледі. Содан кейін тиісті сома қаражат алушының банк шотына аударылады. Ақпараттық жүйе қанатқақты режімде іске қосылған сәттен-ақ мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдаудың бар екенін, тіпті жағдайына қарай әлеуметтік көмек алатынынан бейхабар азаматтар да болыпты. Ендеше, ақпараттық жүйенің мүмкіндігі мол деп айтуға негіз бар. Өйткені қазір мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған. Жоба 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен толықтырылып, ақпараттық жүйенің мүмкіндігі артады. Мысалы, биыл қаңтардан бастап қосымша әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілсе, 2024 жылдың қаңтарында денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. Ал 2025 жылы жүйеде мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады деп жоспарланған.

Екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді. Яғни Әлеумет­тік кодексте балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары қаралады. Мысалы, бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту (500 мыңнан ас­там ананы қамту); Ұлттық қордың инвес­тициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ретінде енгізу (6 млн-нан астам баланы қамту); 6-дан көпбаланы дүниеге алып келген аналарға «наградталған ана» деген жаңа мәртебе қаралып, жәрдемақы мөлшерін ұлғайту (250 мыңнан астам ананы қамту).

Үшінші жаңалығы – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформация­лау, оның басты мақсаты мүгедектігі бар адамдар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызмет­тердің қолжетімділігін арттыру.

«Жан басына шаққандағы норматив енгізу көзделіп отыр. Қызметтер үшін жеке нормативтер, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, кейбір қызмет түрлерін немесе тауарларды одан әрі монетизациялауға әкеледі, екінші жағынан, арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға жеке секторды кеңінен тарту саланың инфрақұрылымын ауылдық жерлерге жеткізуге мүмкіндік береді. Тағы бір өзгеріс – мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту. Мүгедектігі бар адам­­дардың туыс­тары тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекшілер немесе әлеуметтік қыз­мет­керлер ретінде ресімделетін болады. Әлеуметтік қыз­мет көрсету жүйе­сін трансформация­лау шеңберінде әлеу­меттік қызметкерлер инс­титутын күшей­ту көзделген. Әлеуметтік жұмысқа тек тәуелсіз бағалау арқылы біліктілігін дәлелдеген және сертификаты бар мамандар ғана жіберіледі», деді Т.Дүйсенова.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойғанын айта кеткеніміз жөн. Мемлекеттік жастар саясатын және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңда бірқатар жаңашылдық бар. Сонымен биыл ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге болып бекітілді.

Төртінші жаңалығы – жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру. Мұн­да қолданыстағы 5 әлеуметтік тәуе­кел бойын­ша сақтандыру жүйесі ха­лық­аралық стандарттар мен нақты эко­номикалық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан жүйенің негізі сақталады, тек оның мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға ғана емес, ең алдымен формалды жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу дең­гейін арттыру үшін заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталмақ. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін шағын бизнестің жалдамалы қызметкерлеріне бірыңғай міндетті төлемді, онлайн-платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы салық режімін енгізу, өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделді. Тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшерін кезең-кезеңімен арттырумен қатар жүретін болады. Биылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға жарналарды төлеу кезеңіне сәйкес МӘСҚ-тен 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде төлемдер көзделген.

Зейнеткерлер үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейеді. Сондай-ақ еңбек зейнетақысының мөл­ше­рін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70%-на дейін артады. Өз жинақтары есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер тарапынын қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұдан басқа, салымшылардың өз активтерін басқару жөніндегі құқықтарын кеңейту бойынша өзгерістер қабылданады. Осы­лайша, белгіленген жеткіліктілік шегі аясында салымшылар зейнетақы жи­нақтарын емдеуге және тұрғын үй сатып алуға ғана пайдаланылатын болады. Салымшыларға зейнетақы жинақта­ры­ның 50 пайыздан аспайтын бөлігін актив­терді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте Мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепіл­дікті жинақтың Ұлттық банк басқа­ратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.

Бесінші жаңалығы – халықты жұ­мыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, бұл 3 бағыт бойынша іске асы­рылмақ. Бірінші – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін, соның ішінде платформалық жұмыспен қамтуды тануды білдіреді. Екінші – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Үшінші бағыт – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын қалыптастыру. Бүгінде жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, МӘСҚ-тен жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш беру процесі толығымен цифрландырылып, Электрондық еңбек биржасы арқылы іске асырылып жатыр.

Ведомство басшысы жаңа көші-қон саясатын қалыптастыруға және ең­бек заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағыт­талған заңнамаға бірқатар түзетулер әзір­лен­генін айтты. Мұның мақсаты ел эконо­микасын сұранысқа ие және білікті кадр­лармен қамтамасыз ету, жұмыс беру­шілер мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарын жетілдіру болып отыр.

Министрлік Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғыртуға мүдделі. Ендігі кезде әлеуметтік қыз­метке арнайы әлеуметтік қызмет алушылардың жұмыспен қамтылмаған отбасы мүше­лерін тарту жоспарланған. Еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясатын іске асыру мәселесі де күн тәртібінде. Бір сөзбен айтқанда, Әлеуметтік кодекс қазақстандықтардың туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін маңызды құжаттардың бірі.