Медицина • 24 Қаңтар, 2023

Күрделі ісікке жасалған операция

572 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Ұлттық ғылыми онкология орталығында дәрігерлер сирек кездесетін қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа операция жасады.

Күрделі ісікке  жасалған операция

Пациентке «Клацкин ісігі» диаг­нозы қойылыпты. Ашып айтар болсақ, обырдың осы түрі өт жолдарында, бауыр аймағындағы түтіктерде дамиды екен. Дәрігерлер кейінгі 30 жылда әлемде қатерлі ісікке шалдығып, қайтыс болғандар саны еселеп артып жатқанын алға тартады. Соның ішінде бауырдан тыс өт жолдарының қатерлі ісігі аз тіркелгенімен, аурудың осы түрін диагностикалау және дер кезінде анықтау күрделі мәселе болып тұр. Мұндай диагноз орта есеппен 100 мың адамнан бір, ары асса үш адамға ғана қойылуы мүмкін екен. Тағы бір статистикаға көз жүгіртсек, Клацкин ісігі Еуропа немесе Америка халқына қарағанда азиялықтардан жиі анықталады деген болжам бар.

Дәрігерлер Клацкин ісігіне тән симптомдардың жоқ екенін айтады. Мұндай жағдайда пациент жіті тексерілмесе, дәрігерлердің дертті бірден анықтауы күрделірек. Мәселен, дерттің ауырсыну сипаты холецистит, холелитиаз сынды аурулардың белгілеріне ұқсас болғандықтан, кейде диагноз дұрыс қойылмауы әбден мүмкін. Бірақ медицинада «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген дөп айтылған сөзге тоқтаймыз. Яғни кез келген азамат жеңіл ауруды асқындырып алмай уақытында диагностикадан өтуі қажет. Сол секілді Клацкин ісігінің соңғы сатысында науқасты емдеу күрделенеді. Тіпті 95 пайыз жағдайда ісік артерия мен қақпалық көктамырға бітіп кететіндіктен, операция жасау да мүмкін болмайды екен. Яғни мұндай диагнозбен операция жасататындар санаулы деген сөз. Дәрігерлердің көмегімен Клацкин ісігі дер кезінде анықталып, операция жасаған науқас жайында гепатобилиарлы хирург, трансплантолог Абылайхан Шарменов айтып берген еді.

– Емханамызға Қарағандыдан 70 жастағы әйел жүгінді. Қараша айында сарғаю белгілері байқалған екен. Науқастың денсаулығын тексере келе, Гепатопанкреатобилиарлы хирургия, онкогепатология және трансплантация орталығының мамандары Клацкин ісігін анықтады. Ауру бастапқы сатыда болғанымен, сол жақ өт жолдарын зақымдап үлгерген. Пациенттің инфаркт және жүректі шунттау секілді қосалқы аурулары болғанына қарамастан, дәрігерлік консилиум өткізіп, операция жасау туралы шешім қабылданды. Бауырының 70 пайы­зын алып тастадық. Қазіргі таңда науқас белсенді. Орнынан тұрып, тамақ ішіп, тіпті жүгіре де алады, – дейді дәрігер.

Ал пациент кез келген сыр­қатқа жеңіл қарауға болмайты­нын айтуда. Сонымен қатар ол ел тұрғындарын жыл сайын меди­циналық тексеруден уақ­тылы өтуге шақырды.