Білім • 29 Қаңтар, 2023

Саналы ұрпаққа арналған ұлттық жоба

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жас буынның қауіпсіз ортада өсіп, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына қоғам жауапты. Балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне және жаңа стандарттарға сай мектепте білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл ретте елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып жатыр. Бүгінде мақсат-міндеті айқын жоба аясында әр өңірде 2025 жылға дейін салынатын мектептердің жер учаскесі белгілі болды.

Саналы ұрпаққа арналған ұлттық жоба

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елде үш ауысымда білім беретін және апатты жағдайдағы мектептердің саны жылдан-жылға азайып келеді десек, жаңылмаймыз. Алайда кейбір қала, аудандарда мектеп құрылысын мерзімінен кешіктіретін құрылыс компаниялары кездеседі. Мұндай келеңсіздіктер кейде мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттен қаралған қаражаттың аздығынан туындайды. Ал «Жайлы мектепке» мақсатты қаражат республикалық бюджеттен қаралады. Әрі жаңа мектептер нысандардың құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынатынын ескерсек, осы жаңашылдық сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге, сондай-ақ құрылыс сапасына әсер етеді. Мектеп саларда құрылыс компанияларының мейлінше отандық өндірушілердің тауарын пайдаланумен қатар жергілікті халықты жұмыспен қам­туға бұрыннан басымдық беріп жат­­қанын білеміз. Өйткені ауқымды жұ­мыс­қа тұрғылықты халықты тарту құры­лыс компаниясына да, жұмысшыға да тиімді.

«Жайлы мектеп» жобасы мақұлданып, республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінетінін біл­дік. Кейін министрлік хабарлағандай 2025 жылға дейін бас-аяғы 840 мың орынға шақталған мектептер пай­да­ла­н­уға берілетін болды. Жаңа үлгідегі мектептердің құрылысы биыл бас­талып, 2024-2025 жылдары аяқ­талады

Әр жылдары білім саласындағы реформалармен қатар мектеп құрылысын жандандыруға серпін болған бағ­дар­ламалар іске асты. Бірақ уақыт өте мек­тептердің ескіріп, елде туу көрсет­кіші де артып жатқанын естен шығар­мау керек. Мұның өз есебі бар. Сон­дықтан жыл басында халық тығыз шоғырланған және бала саны көп елді мекендер басшылыққа алынып, қала, аудан, ауылдарда салынатын мектептің саны да нақтыланады. Жобаның мән-маңызы ұғынықты болу үшін Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке жүктелген тапсырмаға тағы бір тоқталсақ.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың бала­ның заманауи мектепте оқуына жағ­дай жасаймыз. Осылайша, апат­ты жағдайдағы және үш ауысым­мен оқитын мектеп мәселесін толық шеше­міз. Бұл ауыл және қала мектеп­те­рінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олар­дың заңсыз тапқан қаржысы мем­ле­кетке өтіп, түгелдей мектеп құры­лы­сына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», деді Президент.

Ізін ала «Жайлы мектеп» жобасы мақұлданып, республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінетінін біл­дік. Кейін министрлік хабарлағандай 2025 жылға дейін бас-аяғы 840 мың орынға шақталған мектептер пай­да­ла­н­уға берілетін болды. Жаңа үлгідегі мектептердің құрылысы биыл бас­талып, 2024-2025 жылдары аяқ­талады. Жобаның бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы. Бүгінге дейін Оқу-ағарту ми­нис­трлігі республикалық маңы­зы бар қала әкімдерімен, өңір басшы­ла­рымен, «Жайлы мектеп» салу үшін жер телімін бөлу мәселесін, жоба­лық құжаттарды әзірлеумен қатар инженерлік инфрақұрылымдарды реттеу жөніндегі тапсырманы кеңесіп пішкен. Яғни электр жарығы, су, жылумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылаған-ды. Ведомство басшылығы кейбір қала, ауылдарды аралап, жоба барысын бақылады. Онда мектептегі кәріз жүйесі, кіреберіс жол, тротуардан бөлек, оқушыларды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету жайы да қа­рал­ған. Оқу-ағарту министрлігі қа­нат­қақты жобаның барысын, нәти­жесін бақылайды. Өйткені межелі міндет жоспардағыдай мүлтіксіз іске асуға тиіс. Жоба шеңберінде бір ғана Астана қаласында 2025 жылға дейін 46 мың оқушыға арналған 24 мектеп салу жос­парда бар екен. Нақ қазір елордада құрылыс, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларымен бірлесіп жаңа мектеп салуға 102 жер телімі қаралыпты.

Ескеретін жайт, кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн балаға өсіп, бала саны 3,7 млн-ға жеткен. Әсіресе халық тығыз қоныс­тан­ған қалаларда мектеп салу мәселесі өзекті. Соған қарамастан, елде жыл сайын білім мекемелері салынып жат­қа­нын ескерсек, «Жайлы мектептің» бұған дейін қабылданған жобалардан айырмашылығы неде деген орынды сауал туады. Шын мәнінде, атауы хабар беріп тұрғандай «Жайлы мектептің» өзге мектептерден артықшылығы көп. Тарқатып айтар болсақ, әуелі жоба аясында білім беру ұйымдарының ауылда, яки қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынатыны қуантады. Ауыл мен қаладағы мектептердің сапасында айырмашылық болмайды. Бұл – бір. Екіншіден, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретхана, спорт залдары болады. Бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік шараларына басымдық берілмек. Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мектепте оқу құралдарын сақтайтын және киім ауыстыруға қолайлы жеке шкафтар қойылады. Кітап оқуға, балалардың шығармашылығын шыңдауға және бір мезгіл тынығуға қолайлы жағдай жасалады. Әр мектепте физика, химия, биология және роботтехника пәндері бойынша жаңа үлгіде жабдықталған кабинеттер ашылады. Ол кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген бұрышынан жылдамдығы жоғары интернетке қосылуға мүмкіндік беріледі. Бұған қоса ерекше білім алуды қажет ететін балалардың мәселесі де ескеріледі. Әр мектептің жобалық қуатына қарай бір емес, бірнеше спорт залы болады екен. Жоба шеңберінде мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттары, аялдамалар оқушыға қолайлы болуы керек. Мек­тепке апаратын жолдарды жа­рық­тан­дыру жағы да оңтайлы шешілуге тиіс. Ол ол ма, жайлы мектеп саларда ашықтық қағидаты сақталуы шарт. Кез келген азамат интерактивті кар­та арқылы жайлы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақы­лап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады.

 

«Жайлы мектеп» өнеркәсіпке де жайлы болса...

Жайлы мектепте оқушылармен қатар ұстаздарға да жағдай жасалатыны қуантады. Құрылыс саласына серпін беріп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға да септігі тиеді. Ендігі кезде жиһаз өнеркәсібін өркендетіп отырған кәсіпкерлер де мектептің керек-жарағын қамтуда отандық өндіріске басымдық берілсе деп отыр. Осы ұсыныс жөнінде Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының жетекшісі Қанат Ибраев тарқатып айтып берді.

– Біздің қауымдастық 1998 жылы құрылды. Құрамында жүз ірі зауыт бар. Олардың әрқайсысы нарықта өз орнын бекемдеген. 20-30 жылдан бері түрлі үлгідегі жиһаз өндіруге бейімделген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ая­сын­да салынатын мектептерді жиһаз­бен қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді. Былтыр ресми дерек бойынша отандық өндірушілер жалпы 69 млрд теңгенің тауарын өндіріпті. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша пайдалануға берілетін мектептердің жиһазына шамамен 209 млрд теңге жұмсалады екен. Осы қаржы елдегі жиһаз өндірушілерге тисе, ел азаматтарын жұмыспен қамтуға да шарапаты тиер еді. Бізде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар. Қазір мектепті жиһазбен қамту жайы құрылыс компанияларының еншісінде. Ал олардың дені жиһазды шетелден тасуды жөн көреді. Жаңылмасақ, бізге ол тауарлар негізі Қытай, Түркия, Ре­сей­ден келеді. Сондықтан жергілікті құрылыс компанияларына отандық жиһазға тапсырыс беруді міндеттесе, мұның өзі осы саланы өркендетуге үлкен қолдау болғалы тұр, – дейді ол.

Қазір Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі ауысымда оқитын 120 мың оқушыға шақталған 54 мектеп салу жоспарда бар болса, Түркістан облысында 60-тан аса мектеп бой көтеретіні белгілі болды. Сол секілді өзге де өңір, қала әкімдері 2025 жылға дейін салатын мектептердің жер учаскелерін нақтылады. Көктемде жоспар бойынша іргесі қалана бастайтын мектептердің құжаттары сақадай сай болса, құрылыс компаниялары да іске ерте қамданар еді. Қалай дегенде басқа-басқа ұлттық жоба аясында пайдалануға берілетін мектептерді мер­­­зі­мінен кешіктірілгені жарамас.