Ауыл • 11 Сәуір, 2023

Ауыл-аймақ тағатсыздана күткен тұжырымдама

385 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қараша айында «Ауылдық аумақтарды дамыту» жөнінде тұжырымдама әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған еді. Президенттің осы тапсырмасын орындаған Үкімет күні кеше Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Ауыл-аймақ тағатсыздана күткен тұжырымдама

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Расын айтқанда тәуелсіздік жылдары ауылға, ауыл шаруашылығына аз көңіл бөлінген жоқ. Бірақ ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген миллиардтаған қаржы дітте­ген жеріне жете алмай, жол-жөнекей бағыты өзгеріп кетіп отыратын. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы әуелі тұғыры мығым тұжырымдама дайындап алып, ауылды дамыту ісін соның қағидалары мен негіздерінен ауытқымай іске асыруды көздеген болар. Сондықтан бірінші кезекте бекітілген тұжырымдама бойынша ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Сондай-ақ тұжырымдама аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бо­йынша түрлі шаралар қарастырыл­ған. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында Президент лауазымына кіріскеннен кейін осы тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған сәттен бастап негізі қаланған құжат бо­йынша көптеген жұмыс атқарылды.

Ауыл мен ауыл шаруашылы­ғына қатысы бар мемлекеттік органдар және осы салаға қатысты зерттеу институттары, сондай-ақ ауыл шаруашылығында қызмет ететін мамандардың бәрінің ой-пікірі ескеріліп, екшеліп, ұтымды ұсыныстардың барлығы тұжырымдамадан орын тапты. Енді бұйыртса, ауыл инфрақұ­ры­лымдары дамып, ауыл шаруа­шылы­ғындағы және ондағы кәсіп­керлердің ісі оңалары анық. Себебі ауылдағы нашар инфра­құрылымдар көптеген кәсіп­кердің қанат жайып, бизнесін кеңейтуіне қолбайлау болып келгені кәдік. Аталған құжатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 па­йызы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл­дық елді мекенді (АЕМ) кешен­ді жаң­ғыртуға баса назар ауда­рыл­ған. Енді мұндай елді мекен­дер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсу­дің жаңа нүктелеріне айналады.

Осындай нақты әрі айқын құжатты ауыл адамдарының күткеніне көп болғаны рас. Өйткені жылдан-жылға ауыл экономикасы кері кетіп, ауыл тұр­ғындарының тұрмысы төмендеп, елді мекендер тозып бара жатқаны жасырын емес. Мұны ескерген Үкімет ауылдағы барлық жағдайға жіті назар аударған сияқты. Себебі құжаттағы негізгі мақсаттардың бірі ретінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту деп анық көрсетілген. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электр­мен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Құжаттан нақты орын алған осы игіліктер жүзеге асса, ауыл халқы елді мекендерден қоныс аудармай, дала тіршілігін түлетіп, тұрақтап қаларына дау жоқ. Себебі алдымызда «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген заман туып келе жатқанын бәрі көріп, біліп отыр. Сондықтан ұланғайыр жері бар, ауыл шаруашылығына қолайлы біздің ел азық-түлік өндіру бойынша әлемдік нарықта өзінің лайықты орнын алатын кез келіп жетті. Ол мақсатты жүзеге асырудың нық тұғыры осы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы болмақ.

Тұжырымдамада тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженер­лік коммуникацияларды жүргізу жұмыс­тары жалғасатыны нақты көрініс тапқан. Бұл ретте ауыл­дық елді мекендерде өз қызмет­керлеріне үй салып берген жұмыс беру­шілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден ас­пай­тын үй құнының 50 па­йыз мөл­шерінде субсидияланады. Бұл жағымды жағдай ауыл ша­руа­­шылығындағы жұмыс беру­­ші­лердің қызметкерлері мен еңбек­­шілеріне үй салып беруге деген ықыласын барынша ынталан­ды­ратыны айтпаса да түсінікті болар.

Құжатта ауыл тұрғын­дары­­ның қауіпсіз өмір кешуі де назардан тыс қалмаған. Сондықтан ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу көзделіп отыр. Ал аудан орталықтарында бейне­бақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын бел­гілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша көптеген жұмыс жүргізіледі.

Арнайы айтарлығы, шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, инфра­құрылымды жаңарту мен негіз­гі қызметтерді қамтамасыз ету­дің нәтижесінде халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жос­парланып отыр. Бұған қоса еңбек тап­шылығы бар өңірлердің ше­каралас ауылдық округтер тұр­ғын­дарының жалақысына үстем­еақы қосу мүмкіндігі қара­лады. Тұжы­рымдамада көрсе­тілген­дей ауылда жаңа жұмыс орын­да­ры көптеп ашылып, онда­ғы тұр­мысты ізгілендіру шара­лары мық­тап қолға алынса, ше­ка­ра­лық аудандардағы халық­тың сол аумақта тұрақтап қа­ла­ры­­на үміт зор. Өйткені ауыл ша­руа­шы­лы­ғының жұмыстарын жеңіл­­дете­тін жаңа технология­лар мен соны жұмыс әдіс-тәсіл­де­рі енгізілсе және оны мең­геру үшін ауыл жастарын жаңа үрдіс­те оқытып дайындаса, елді ме­кен­дер­дің экономикасы көтерілетіні анық.

Ауыл адамдары өндірген ауылшаруашылық өнімдерін саудаға шығаруды, базарға немесе зауыт-фабрикаға жеткізуді, әйтпесе сатып, лайықты ақысын беруді мемлекет немесе үлкен корпорациялар міндетіне алса, ауыл халқы жаппай бел буып, білек түретіні күдік тудырмайды. Сондай-ақ ауылдағы кәсібін кеңейтуге капиталы жоқ шағын және орта бизнес иелерін нақты қаржылай демеу болса, көп адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туар еді. Расын айтқанда, қазіргі күнде ауылды жерлерде шаруа­сын дөңгелетіп әкетуге ақша­сы жетпей, «әттең тонның кел­тесі» деп жүрген қарапайым кәсіп­керлер өте көп.

Ауылдық аумақтарды дамы­ту­дың 2023-2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы басқа да бірқ­атар іс-шараны көздей­ді, оның ішінде ауыл тұрғын­дарын жер­гілікті өзін өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көр­сету, туризмді дамы­ту, экспорт­ты ын­таландыру, эколо­гия­лық қауіп­сіздікті қамта­масыз ету және т.б. бар. Туризм демек­ші, ауыл­дағы бұл бағытты дамы­ту үшін үлкен ақпараттық қол­дау да қа­жет. Сонымен қатар ел ішін­дегі ғана емес, шетел турис­терін де ауыл­ға келтіру үшін тағы бір­қа­тар біліктілікті арттыру жұмыс­та­рын жүзеге асыру керек бо­лар. Не­гізі осы айтыл­­ғандардың бәрі ту­ра­лы толығырақ білу үшін мін­дет­­ті түрде әр ауыл адамы тұжы­рым­­­да­ма­ның өзінен оқып білуіне болады.

Осынау ел ырыздығын арттыру үшін арнайы дайындалған тұжырымдама Мемлекет басшы­сының өз бақылауында болса құба-құп. Өйткені бұған дейін ауыл шаруашылығын көтеріп, дамытуға арналаған қаншама бағдарлама құрдымға кеткеніне ел-жұрт куә. Енді бұйыртса, осы тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайыз­ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100 пайыз, интернетпен 97 пайыз қамтылады. Сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өт­кізіледі.