Ғылым • 17 Сәуір, 2023

Әйгілі ғалымның мұрасы сараланды

267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана медицина университетінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, көзі тірісінде профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасын басқарған Ерболат Дербісәліұлы Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Әйгілі ғалымның мұрасы сараланды

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Елде медициналық Ұлттық орта­лық­­тар ашылғалы білікті дәрігерлер са­лаға терең бойлап, ауруы асқынған нау­қастарды емдеп жазып жатқанына куә болып келеміз. Сол тәжірибелі дәрі­гер­лер кез келген ауруды емдеп-жаз­ған­нан бұрын алдын алған тиімді­рек еке­нін үнемі ескертіп-ақ келеді. Де­мек, профессор Ерболат Дәленовтің өзі бас­тап, профилактикалық медицина инс­ти­тутын ашу туралы ұсынысты тек­тен-тек көтерген жоқ. Сол үшін де профилак­тикалық медицина, ауру­ларды диагностикалау және алдын алу саласындағы іргелі зерттеулермен айналысуға мүмкіндік беретін инс­титутқа осы бағытта талмай еңбектенген Ерболат Дәленовтің есімін беру орынды шешім болғаны анық.

Институттың ашылу салтанаты­­нан кейін, Ерболат Дербісәліұлын еске ­ал­у­­ға арналған конференцияда ғалым­­ның өмірі, еңбек жолымен қоса, институт­тың даму бағыты жөнінде толым­ды ой-пікір айтылды. Конференцияда Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғиният, мемлекет және саяси қайраткер Қырымбек Көшербаев, Ерболат Дербі­сәліұлының ұлы, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов, көрнекті медицина ғалымдары мен қоғамдық денсау­лық сақтау қайраткерлері академиктің еңбек жолындағы айтулы оқиғаларды жіпке тізгендей жік-жігімен баяндаса, ғалымның көзін көрген жайсаңдар көкейде бір үзік сырдай сақталған естелігін айтты. Әуелі Ерболат Дербі­сәліұлымен замандас, сырлас болған Қырымбек Көшербаев, ғалымның аза­маттық ұстанымы, пайым-парасаты жа­йында сөз бастап, көпшілікке ой саларлық түсінікпен түйіндеді.

– Меніңше, руханиятта, ғылым-білімде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз да, ғалым да бола алмайды. Ерболат Дербісәліұлы о баста дүниедегі ең қымбат, асыл нәрсе – адам өміріне жанашыр бола білді. Ол азаматтық позициясын жастай айқындап, ғұмырын сол жолға арнады. Біз замандас, сырлас болғасын кездесіп, пікірлесіп тұрушы едік. Ерекең тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында сананы нарықтық рельске кө­шіру кезеңінде медицинаның өзекті мәселелерін, даму жолдарын биліктің алдында жоғары кәсіби деңгейде қоя білді. Бүгін біз Ерболат Дербісәліұлы­ның өмірінен қандай тағылым аламыз деген сұраққа жауап беруіміз керек деп есептеймін. Ерекең заман құбылса да уақытын мақсатына тәуелді етіп, айтулы жетістіктерге жетті. Өзінің мектебін қалыптастырды. Шәкірт тәрбиеледі. Бүгін біз соның куәгері болып отырмыз, – деді Қ.Көшербаев.

Расында солай, Ерболат Дербі­сәлі­ұлы профилактикалық медицина ғы­лыми мектебінің негізін қалады. Көр­некті ғалымдардың тұтас бір тобын даярлады. Олардың алды – қазір медицина саласына еңбегі сіңген дәрі­гер. Академик Е.Дәленов – қазіргі Астана медицина университеті, бұ­рын­ғы Целиноград медициналық инс­титутының алғашқы түлектерінің бірі. Ол елдегі профилактикалық медици­на академиясының және валеология академиясының, Нью-Йорк Ғылым ака­демиясының құрметті академигі, елдегі Медицина ғылымдары академиясы­ның корреспондент-мүшесі болған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та Ерболат Дербісәліұлының ізденістеріне тоқталып, министрліктің профилактикалық медицинаға қолдауы жайында хабарлады.

– Академик Ерболат Дербісәліұлы Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының ашылуы медицина ғылымын ғана емес, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін маңызды болып отыр. Өйткені профилактикалық медицина – саланың басым бағыттарының бірі. Біз аурудың алдын алып, асқынуына жол бермей емдесек, медицинаның тиімділігі артар еді. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы­ның алғашқы медициналық көмекті қар­жыландыру көлемі 60%-дан кем бол­мауы керек деген қағидасын, қазір елде 56%-ға орындап, қаржының басым бөлігін осы бағытқа жұмсап жатырмыз. Ерболат Дербісәліұлы ағамыз осы оқу орнында профилактикалық медицинаны зерттеумен шектелмей, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Олардың басым көпшілігі – отандық медицина­ның өркендеуіне еселі үлес қосып жүрген ғалымдар, дәрігерлер. Ағамыздың жо­лын жалғаған шәкірттері ғылыми-зерт­теу институтын ашуды басшылыққа алған екен. Бұл университеттегі ғана емес, ел медицинасындағы үлкен жаңа­лық болып отыр, – деді министр.

Профилактикалық медицина инсти­тутындағы мамандар түрлі ауруды диагностикалап, алдын алу саласында іргелі зерттеулермен айналысады. Сондықтан институттың жұмысы білім берумен қатар, ғылыми бағытта дамиды. Институттың зерттеу география­сы елорда тұрғындарын, сондай-ақ еліміздің солтүстігіндегі Қостанай, Ақмола, Петропавл және Павлодар облыс­­тарын қамтиды екен. Академик Ерболат Дербісәліұлының аманатын ар­қа­лаған институт қызметкерлері салада бі­лікті кадр даярлау ісіне серпін беріп, меди­цина ғылымын өрістетуге жол ашады деп сенейік.