
Орал, Жезқазған, Талдықорған, Ақтөбе театрларының өркен жаюына үлесін қосып, бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өнердегі жолын сәтті жалғап келе жатқан белгілі сахна саңлағы жуырда «Мұрат Ахманов шығармашылығы апталығын» өткізіп, «Тойы көп үй» атты жаңа премьерасының тұсауын кесіп, ұзақ жылдар бойы аншлагпен қойылып келе жатқан алты спектаклін көрерменге ұсынды. Өнерде жүріп, жан-жақты қырын жетілдіре түскен режиссер драматургиямен де айналысып, ертегі, пьесалар жазып, шығармалардың сахналық нұсқаларын жасады. Осы еңбектің бәрін жүйелеп, жинақтап «Мұрат Ахманов» атты жаңа кітапты жарыққа шығарып, апталық аясында оны да өнерсүйер қауымға тарту етті.
– Мұрат Ноянбайұлы, өзіңіз қызмет ететін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сіз сахналаған спектакльдердің апталығы табыспен жүрді. Демек, бұл ұзақ жылғы шығармашылығыңызға шолу ғой?
– «Шығармашылыққа шолу бола ма» деген оймен басталып еді. Алайда мен бірталай жыл жұмыс істеп, қалыптасуы жолында қызмет еткен Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, репертуарына менің де қойылымдарым енгізілген Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры белгілі бір себептерге байланысты апталыққа қатыса алмайтын болды. Ал ұзақ жыл еңбек еткен Б.Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театрының бой көрсететіні қуантты. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы тәлім беретін 2-курс студенттерімнің өтінішімен қойған «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!» спектаклі сахналанды. Оған қоса, арнайы Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына арнап қоямын деп ниеттенген «Тойы көп үй» спектаклін
75 жылдығында сахналаудың сәті де биыл бұйырды.
Мен 12-13 жасымда А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің табалдырығын аттадым. Ол кезеңде бұл училищеде тек қаланың балалары және өзге ұлттың өкілдері ғана тәлім алатын. Ұлтқа қызмет еткендермен қатар жүріп, ұлтын сүюдің үлгісін көрген Шара Жиенқұлова директор болып келгеннен кейін училищенің байырғы ұстанымын тас-талқан етіп, ауыл-ауылды өзі аралап жүріп, сыр-сымбаты талапқа сәйкес келетін жас таланттарды таңдап алып келетін еді. Содан, міне, өнер кеңістігінде жүргеніме 50 жыл болыпты. Одан кейін, өнер жолымды Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында биші болып бастадым. Барлық балет бишісі секілді «Доктор Айболит», «Щелкунчик», «Спартак» деген спектакльдердің көпшілік сахнасында жүріп, сахналық қойылымдардың дайындалу кезеңімен таныстым. Кейін мемлекеттік ән-би ансамблінде биші болып жұмыс істедім, уақыт тауып әскерге барғанымда да өнерден алысқа кетпедім. Әскери ансамбльде екі жыл биледім. Әскерден соң Алматы театр және көркемсурет институтына түсіп, сонда Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімовтерден дәріс алдым. Оқуды тәмамдаған соң Б.Римова театрында қызмет етіп, Х.Бөкеева театрында шығармашылығымды жалғастырдым. Талдықорған театрының алғашқы уығын қадағандардың арасында біз де болдық. Алматыға тек 25 жылдан соң ғана оралдым. Бұл жылдардың бір күні де текке өткен жоқ, толассыз тәжірибе жинақтаған нағыз өмір мектебі болды. Бүгінгі күні менен тәлім алған шәкірттерімнің бірі – актер, бірі – мұғалім, бірі – директор, бірі – театрдың көркемдік жетекшісі. Ұстаз үшін бұл да мақтаныш.
– Шолу демекші, өзіңізге жиі есеп беріп тұрасыз ба?
– Сөз басында айтып өткенімдей, өнердің соңында жүріп қай жер керек етсе, сол орыннан табылып, бірқатар мекеме ауыстыруға тура келді. Жиі көшіп-қонып, қала, мекенжай ауыстыру отбасыма да оңай болмады. Жаңа ортаға енді үйренісіп келе жатқанда, балалардың басқа мектепке ауысқаны олардың психологиялық тұрғыдан қайта бейімделуін қажет еткені секілді түрлі өзгерістер отбасыма қиын болған шығар, бәлкім. Өнер деп жүргенде оны ойлауға мұрша да болмапты. Бірақ мұның да қолайлы бір жағы бар. Қазір отбасымызбен қай қалаға барсақ та құшақ жая қарсы алар достарымыз да, таныстарымыз да жетерлік. Ал енді менің шығармашылығыма келсек, көшіп-қонып жүргенімде Б.Римова театрындағы көркемдік жетекші әрі актер болып жүргендегі кезең, Оралдағы Х.Бөкеева театры ашылуы және онда режиссер болып жұмыс істеген кезең, С.Қожамқұлов театрындағы қайта қалыптастыру кезеңі көп дүниені қайта сараптап, өзімше ой түйіндеуге жетелейді. Уақыт биігінен көз салсам, әрдайым толғанысқа түсіп, бәрін қайтадан бастауға тура келген жағдай көп болған екен. Алайда тек театрмен шектелуді жөн көрмеген соң, академияда ұстаздық етіп, кино саласына да бет бұрдым. Міне, осы аталған еңбек жолымда өзіме үнемі «ол жерде қандай пайдалы қызмет атқардым?» «қолымнан не келді, не келмеді?» «одан не таптым, не жоғалттым?» деген сұрақтар айналасында жауап іздеп, өзімнен үнемі есеп алып отырдым.
– Яғни бір орында қайырлап қалғыңыз келмей, әрдайым жаңашылдыққа бой ұрып, жаңа дүние жасау өмірлік ұстанымыңыз болды ма?
– Ағымнан жарылып айтсам, қызмет мекенімді саналы түрде ауыстыруды ешқашан мақсат еткен емеспін. Тағдыр қақпақылдап әкеліп өз толқынына салды, мен сол ағыспен жүрдім. Барлық жұмыс орнымды арнайы шақыртумен ауыстыруға тура келді. Институтты тәмамдап жатқанымда «Қобыланды» рөлінде ойнаған дипломдық жұмысымды көрген Бәйтен Омаров «М.Әуезов театрына барамын» деп дайындалып жүрген мені Талдықорғандағы Б.Римова театрына алып кетті.
Сонымен қатар осынау өмір ағысында жан жарым Хазима Нұғманова үнемі менің жанымнан табылды. Хазима да бүгінгі күні Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының белді актрисасы. Гастрольдік сапарларға шықсақ та, спектакльде ойнасақ та, бірге жүрдік. Балаларымның тәрбиесімен де өзі айналысып, ағайын-туған, дос-жаранның да көңілін тауып, менің тек шығармашылықпен шұғылдануыма қолайлы жағдай жасағаны үшін жарыма ризамын.
– Жуырда көрермен назарына ұсынылған Баққожа Мұқайдың «Тойы көп үй» шығармасын таңдауыңызға не себеп болды?
– Бұл шығарманы алғаш Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрында қызмет етіп жүргенімде қолға алдым. Айта кететін жайт, бұл театрға баруыма себепкер болған бірден бір адам осы шығарманың авторы Баққожа Мұқай еді. Кейін «Драматург ағамның шығармашылығына назар аударып, неге спектакль қоймасқа?» деген мазасыз ойлардан соң пьесаларының барлығын оқып шығуды жөн көрдім. Сәйкесінше, «Тойы көп үй» пьесасы көңілімді тербеп өтті. Пьесадағы басты кейіпкер Заңғардың прототипі дәл Баққожа ағамның өзі секілді елестеді. Өйткені Алматының төрінде тұратын Баққожа ағамның шаңырағынан кісі аяғы үзілмейтін. Ағайыны, туғаны болуы шарт емес, шаруасы болып шаһарға келген кез келген, танитын-танымайтын Нарынқолдың адамы Баққожа ағамды іздеп табатын. Неге десеңіз, кім келсе де, ағамыздың есігі әрдайым ашық тұратын. Ал енді шығарманың басты кейіпкері Заңғарға келсек, ол өте бауырмал, сезімтал, адамгершілік қасиетке бай тұлға. Кейбір адамдар, бұл образды өтірік, ертегі, ондай мінсіз адам болуы мүмкін емес деп айтуы мүмкін. Бірақ өмір қаталдыққа, жауыздыққа бой алдырды деп қанша жерден жамандасақ та, өмірді өмір етіп ұстап тұрған Заңғар секілді жақсы адамдар. Өкініштісі, сондай жандар көбіне еленбей, тасада көрінбей қалып жатады. Жалпы, спектакльде басты кейіпкердің өзі кездескен жандарға жақсылық жасап, бақытын табуға көмектесетіні, соңында өз тағдырымен арпалысып, сүйген жарынан сәби сүйе алмаған қасіретін бастан кешкені, қайғысы көп бола тұра, кең жүрегіне бүкіл әлемді сыйдырғысы келетін қасиеті жүрегі тұмшаланған жандарға үлгі болса дедім.
Айта кететін жайт, бұл спектакльді алғаш рет қойып отырған жоқпын. Бір жылдары Б.Римова театрында дәл осы қойылымды сахналаған едім. Шығарманың көңілімнен шыққаны сонша, Ғ.Мүсірепов театрында да қайталап қоюды жөн көрдім. Өйткені өмірді жарық етіп тұрған осындай жақсы адамдардың болатынын әр өңірдің көрермені міндетті түрде тамашалауы керек деген ойдамын. Шығарманы қайталап қойған сайын мүлде жаңа қырынан ашылып, бір-біріне ұқсамай, даралана түскені өзімді де таңғалдырады. Баяғыда А.Тоқпанов ағамыз: «Мен М.Әуезовтің «Абай жолын» жатқа білемін. Мен оны бірнеше рет оқыдым. Әр кезеңінде әртүрлі түсініппін. Алғаш оқығанымда Абайдың жас кезін қатты түсінсем, орта жасқа келгенімде орта буын кезін ұғындым, ал қазір Абайдың қарттығы жаныма жақын» дейтін жарықтық. Сол секілді «Тойы көп үйді» мен үшінші мәрте қоюға оқталып отырмын. Қазіргі мынау қиын да қатыгез заманда Заңғар секілді жақсы адамдардың да бар екенін көрсету қажет.
– Көгілдір экранда тұғыры биік тұлғаларды сомдадыңыз. Болашақта жоспарда тұрған түсірілімдер бар ма?
– Жалпы, өнер адамдарының ішінде кино актері тәуелді мамандықтың бірінен саналады. Қалаған фильмге түсе салу біздің қолымызда емес, болашақ фильміндегі кейіпкерді қалай көргісі келеді, ол жеке режиссердің көркемдік танымынан туады. Менің пайымымда ол «тағдырға» байланысты, яғни ол маған бұйырылған рөл болса, өзіме ғана тиесілі болады. Кино саласына жасым елуден асқан соң ғана бет бұрдым. Б.Римова театрында жұмыс жасап жүрген кезімде әріптес актриса Әлихан Ыдырышова «Астана – махаббатым менің» сериалындағы Бектасовтың рөлін ойнауыма себепкер болған еді. Одан кейін «Менің күнәлі періштем», «Тропинка к облакам», «Парыз», тағы басқа сериалдармен кино әлеміндегі жолым жалғасын тапты. Ең басты образдарымның бірі әрі бірегейі, әрине, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жайлы түсірілген «Елбасы жолы. Астана» сериалында Елбасы бейнесін сомдағаным. Сонымен қатар қазақтың ұлы тұлғаларының бірі Әлкей атамызды «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» жобасында сомдауды бұйырды.
– Ал ерік сізде болса, қай тұлғаны сомдар едіңіз?
– Театр өмірінің тынысын тамыршыдай тап басып танитын Әшірбек Сығай ағамызбен кездесе қалсақ, кәсібімізге байланысты сын-мақтауы аралас керекті кеңес сөзді күтетін ежелгі әдетіміз. Бірде ағамыз: «Мұрат, сен Абайды қолға ал. Абайды сомда. Сен сол кезеңге жеттің» деген еді. Ағаның сөзінің әсері болды ма, әлде іштей толысып жетілгеніме өз көңілім де сене ме, қазақ ұлтының ең биік тұлғасы Абайды сомдағым келетінін жасырмаймын. Абайдың даналығы, өмірі, трагедиясы, арпалысы, күресі, жолы, поэзиясы, махаббаты – бұлардың қайсысын алсаң да өте терең әрі мәні зор.
Абай – қай кезеңде қолға алсаң да өміршеңдігін жоғалтпайтын актуальды тұлға. Өзімнің де шығармашылық жоспарымда театрда «Абайды» сахналау ойымда бар. Реалистік бағытта жазылған М.Әуезовтің шығармасын қайыра бір сүзіп шығып, өз көңіл кеңістігімде сызып алған жобаммен толықтыра отырып, өзімше қойғым келеді. Абай – жұмбақ әлем. Не құдірет екенін түсінбеймін, сырын ашуға талпынған сайын жұмбағын жасыра түседі. Абайды басқа емес, неге өз ағайыны қамшының астына алып сабады, қанын ішіне тартып неге оған кектенді? «Абай қайтты» дегенді естігенде, шын жылаған да осы Оразбай емес пе? Ендеше, ағайынның арасындағы бұл қайшылықта бір шындықтың бары рас қой. «Қара сөздерін» оқығандардың кейбірі Абай қазақты жек көрді деп ойлайды. Шоқ секілді тиген жерін қарып түсер шындықты қабылдауға екінің бірінің дәті көтермейді. Өзгеге қатысты шындықты көргісі келетін адам өзіне келгенде естігісі келмейді. Өтірік мақтағанға мәз болып жүре береді. Абай сияқты шындықты шыжғырып айтқан адам жоқ. Абай айтқан сол шындық шымбайымызға батқаннан кейін бәлкім, әртүрлі әңгімені бықсытып жүргеніміз. Осы себепті, Абай қазынасын ақтарып отырып, ішінен қазаққа пайдасы тиетін шындықты шырқыратып айтатын дүние қойғым келеді.
– Шығармашылыққа қызмет ететін әр адам айғайлап айтпаса да, ішей өз деңгейін, артықшылығы мен кемшілігін өте жақсы бағамдайды. Жалпы, режиссер ретінде өз ерекшелігіңіз туралы не айта аласыз?
– Ұлтжандылығым болар. Шығармашылықтағы басты бағытым да осы – ұлтжандылық. Оған дәлел, «Махамбет», «Құрманғазы», «Ант», «Әбілқайыр хан», «Кетбұға», «Жалаңтөс Баһадүр», «Райымбек, Райымбек», «Сырым батыр», «Мәңгілік елдің Алтын адамы» қойылымдары. Осы арқылы мен өзімнің, елімнің алдындағы азаматтық борышымды атқаруға талпыныс жасадым. Ал спектакльдегі пластикалық шешімдерді құруда маған хореографиялық училищеде алған тәлімім көп көмектесті.
– Қазіргі қазақ театр өнерінің бағыты туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі кезде театр сахнасында экспериментальды қойылымдар мөлшерден артық белең алып барады. Ал өзіміздің ұлттық құндылықтарға толы спектакльдерді жаңа формада қою ізденісі шабандау. Неге біз Шекспирді, Чеховты, Островскийді жаңа формада қоя береміз? Неге біз Әуезовті жаңа формада, жаңа шешіммен көркейте алмаймыз? Ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, керісінше тереңдетіп, әлемдік театрлар аренасына өзіміздің ұлттық бояу-бедерімізбен неге шықпаймыз? Неге біз үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жат жұрттың топырағында жаралған тамыры, тегі бөтен өнерге қарап өңеш созып тұрамыз? Өзгені өнері қанша озық болса да, осы мәселені қаперде ұстаған дұрыс. Шетелден келген азаматтар немесе өсіп келе жатқан ұрпағымыз біздің ұлттық қасиетімізді, өнерімізді, сөз саптауымызды, тарихымызды білуі керек. Әрине, бізге Шекспир де, Чехов та керек, алайда қазақтың ұлы туындыларын да ұмытпауымыз қажет. Бәрібір біз басқа ұлт бола алмаймыз!
Оған қоса, театр санының алпыстан асқаны кей әкімге ұнамай отырған сияқты, «театрларды қысқарту керек» деген әңгімесін естіп, шошынып қалдым. Тоқсаныншы жылдардың топалаңынан қанаты күйіп әрең шыққан театрды қысқартқаннан кімнің бақшасы кеңігелі тұрғанын да түсінбедім.
– Өнер саласында режиссер ретінде жинаған тәжірибеңіз мол. Көрермен көңілінен шығатын көптеген қойылымдарды сахналадыңыз. Кәсіби маман ретінде жас режиссерлерден кімдерді ерекше атап өтесіз?
– Былтыр Атырауда өткен Рақымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестиваліне арнайы шақыртумен қонақ болдым. Сол фестивальде шәкіртім Мұқан Томанов Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» деген шығармасының желісімен спектакль ұсынды. Қалай ұнағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазіргі бағыттағы, бүгінгі күндегі экспериментальді қойылымдардың барлық белгісі бар, үлкен театр тілімен қойылған спектакль көрдім. Тек театр ғана солай сөйлей алады. Тіпті мен өзімнің театрға деген көзқарасымнан өзгеріс сездім.
Сонымен қатар бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша сұраныста жүрген, жан-жаққа барып қойылымдарын қойып және сол спектакльдері биік дәрежеде бағаланып жатқан режиссер бар. Ол біздің театрымыздың көркемдік жетекшісі – Фархад Молдағали. Оның қойылымдары қай жерге барса да, жоғары бағасын алады. Фархадтың «Қарагөзінен» бастап кешегі «Құлагері», Б.Римова театрында қойған «Қорғансыздың күні», Қ.Қуанышбаев театрындағы «Алтайдан ауған ел» сынды спектакльдері тың жаңалыққа толы. Көрермендер арасында үлкен рухани сұраныс тудырған «Жусан иісі», «Махаббат хаттары» секілді керемет қойылымдардың режиссері Жұлдызбек Жұманбай да ізденісте келе жатқан жас дарын. Жұлдызбектің басқа театрларда қойылып жатқан «Жамбылы», «Мұхиты» ұлттық тұрғыдан қарағанда, жаныма ерекше жақын терең туындылар. Міне, осы үш жас режиссердің есімін айрықша атағым келеді.
– Кейде театр орта буыннан жоғары естияр, есті көрерменнің, ал кино жастардың сүйіп тамашалайтын өнері деп, шекара белгілейтіндер бар. Ал сіз айтып отырған театр мен сіз түсіп жүрген киноның жолы қай жерде түйісіп, қай тұстан айырылады?
– Театрдың тілі мүлдем бөлек. Театр формасында жасалған өнерді кинодан көрсете алмайсың. Ал кинодан көрсеткенді театрда дәлме-дәл қайталау мүмкін емес. Екі өнер тек бірін-бірі толықтырып тұрады. Маған екеуі де жақын, сиқыр секілді өзіне ынтық еткенін қоймай келеді. Драматургия мен режиссураның ең сәтті таңдалған туындыларын көрерменге таныстырып, жан дүниесінің жарқырап, миында «жанартау атқылатып», жүрегін ізгілікке баули түсетін кино мен театр өнеріне қатар қызмет етіп келе жатқаныма қуанамын. Кино адамды танымал етеді, ал театр актерді жетілдіреді, байытады.
– «Екі салада жүргеніме қуаныштымын» дедіңіз. Сіз тек екі салада ғана еңбектенбей, шәкірт те тәрбиелеп жүрсіз. Педагог болғанның да өз қиындықтары бар шығар?
– Ұстаздық тәжірибемде өнерге адасып келген балаларды да аз кездестірмедім. Олармен дұрыс жұмыс істеп, нағыз таланттарды таңдап, тәрбиелеп, қанаттандырып ұшырып жіберу қажырлы еңбекті талап етеді. Өйткені қабілетін шыңдап, нағыз маман етіп оқытпасаң, келешекте талай жобаларға барғанында режиссердің соры болады. Адамға пайдалы қызмет қылғаннан артық ұлы істің болуы мүмкін емес. Осындай жарқын сәт үшін шығармашылықты ширата түсу керек. Өмірден түйгенім – осы.
– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ