
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен аталған бастама биыл сәтті жүзеге асып жатыр. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының грантын ұтып алған Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенті Ертай Мамырбеков аталған оқу орнындағы студент достарымен «Juzz band» атты вокалды аспаптық топ құрып, тұңғыш концерттерін беріп те үлгерді.
Өткен апта соңында Қазақ ұлттық өнер университетінің Еркеғали Рахмадиев атындағы залында алғашқы концертін ұсынған колледж студенттерінің өнерін көпшілік тамашалады. Концертке Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері бойынша комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов келіп, жастарға сәт сапар тіледі.
Жаңадан құрылған жас талаптардың алғашқы аяқ алыстары жаман емес. Топты құрушы ҚазҰӨУ колледжінің І курс студенті Ертай Мамырбеков – барабаншы, қасындағы Санжар Смағұлов – пианист, Даниал Иромашвили – саксофоншы, Асанәлі Лян мен Ернұр Жанхан – гитарашылар.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының өнер және мәдениет саласына 70-тен аса үміткер қатысып, Ертай Мамырбеков вокалдық-аспаптық ансамбль құру және концерт өткізу идеясымен жеңіп алды. Бұл біздің университет үшін үлкен мақтаныш қана емес, оқу ордамыздың 25 жылдығына тарту болды», деді Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Ғайни Мұхтарова құттықтау сөзінде.
Концертте ансамбльдің аспаптық орындауларына эстрада мамандығының студенттері қатысып, көбіне ағылшынша, французша әндер шырқады. Арасында ғана қазақ тілінде бірер ән орындалды. Жастар мұндай олқылықтың орнын кейінгі концерттерінде толтырса құба-құп.