Қылмыс • 31 Мамыр, 2023

Құлқынның құрығына түскендер

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара­қо­р­лықты табыс көзіне айналдырды деп айыпталған күдіктілерге қатысты бірнеше істі прокуратураға жолдады. Бір өкініштісі, айып тағылып отырған адамдардың ішінде осы қылмыс түрімен күресуге тиіс құқық қорғау саласы өкілдерінің де бар екені.

Құлқынның құрығына түскендер

Мәселен, 2021 жылы қыл­мыс­тық істі тоқтатамын деп алдау­ арқылы 40 млн теңге пара алған полиция генерал-майоры­ Б.Биляловқа қатысты тергеу аяқ­талды. Айыптау актісі про­ку­­ра­тураға жіберілген. Сон­дық­­тан Қылмыстық-процестік кодекс­тің 201-бабына сәйкес тер­геу мүддесі үшін өзге ақпа­рат­ жария етуге жатпайды.

Сонымен қатар Алматы об­­лысы бойынша Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы қызмет ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бас­шыларына қатысты сот­қа­­ дейінгі тергеуді аяқтады. Олар орындалған жұмыс акті­­леріне қол қойғаны және жал­пы қамқорлығы үшін кәсіп­кер­лерден жалпы сомасы 396 млн теңгеге ірі және аса ірі­ мөл­шерде пара алғаны үшін­ айып­талған болатын. Тер­геу­ сотының санкциясымен күдік­ті­лер қамауда отыр. Қазіргі уа­қыт­та қылмыстық іс ҚПК 300-бабы тәртібіне сәйкес сотқа жібе­ру туралы мәселені шешу үшін­ Алматы облысының прокуратурасына берілді.

Парақорлық қылмысына қа­­­тыс­ты тағы бір оқиға Абай­ об­­­лы­сында тіркелген. 29 ма­­­­мырда Абай облысы бо­йын­ша­ Қылмыстық істер жөнін­де­­гі мамандандырылған ау­да­н­­аралық соты Экология, гео­­логия және табиғи ресурс­тар­ министрлігі Орман шаруа­шы­лы­ғы және жануарлар дүниесі ко­митетінің «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ басшылығына және бас­қа да тұлғаларға қатысты үкім­ жария­лады.

Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қыл­мыстық топқа қатысқан және кәсіпкерлерден әр кездері 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алғаны дәлелденген. Кәсіпкерлер заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берген. Резерваттың үш басшысы 10 жыл­ға сотталды, ал бес азамат пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айы­рылды. Бұдан кейін сот­тал­ған адамдардың бәрі өмiр­ бойы­на мемлекеттiк қыз­мет­те, жергiлiктi өзiн-өзi бас­­қару органдарында, қар­жы ұйым­да­рында және квази­мем­ле­кет­тiк сек­торда еңбек ете ал­майды. Үкім заңды күшіне ен­ген жоқ.

Сонымен қатар осыдан бір­неше күн бұрын Антикор­руп­­циялық қызмет Кентау қала­­сының экс-әкіміне қатыс­ты­ тергеуді аяқтаған болатын.­ 2013 жылы ол Премьер-ми­нистр­ Кеңсесінің қызметкері бо­ла отырып, ірі жекеменшік ком­па­ниясының меншік иесін жауап­ты лауазымды адамдарда аса ірі сомада пара беруге көндірген. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде береді. Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсаған. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге итермелеу және алаяқтық ретінде сараланып, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материал­дары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды.

Айта кетейік, Конс­ти­ту­ция­­ның 77-бабы 3-тармағының 1-тар­мақшасына және Қыл­мыстық-процестік кодекс­тің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген кінәсі дәлелденіп, соттың заңды үкімі шыққанға дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.