Астанада су тапшылығы байқала бастағанда «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшылығы тұрғындарды суды үнемдеп пайдалануға шақырғанын білеміз. Жауапты мамандардың басым көпшілігі су қысымының төмендеуін Астанадағы урбанизация және тұрғын үй кешендерінің көбеюімен байланыстырды. Сонда біз де «Астана су арнасына» барып, судың тапшылығына сорғы-сүзгі стансасының жобалық қуаты және оған су қоймасынан тартылған құбыр көлемінің қатысы барын біліп, бұл турасында газет бетінде көлемді мақала да әзірлеген едік. Мұнда сорғы-сүзгі стансасына келетін судың мөлшерін бағамдасақ, су тапшылығы ең әуелі Астана су қоймасынан (Вячеслав) тартылған үш құбырға байланғанын аңғарамыз. Неге десеңіз, сорғы-сүзгі стансасына келетін су мол болса, ондағы мамандар резервуарларды толтыру үшін судың қысымын төмендетіп әуре болмас еді. Сондықтан кәсіпорын басшылығы су қысымын реттеу мақсатында міндетті шара қабылдап, белгілі бір мезгілде су қысымы төмендейтінін ескертті. Су қысымы уақытша бәсеңдейтін уақыттың кестесін дайындап, алдын ала жариялады. Осылайша, стансадағы мамандар түнде 00.00-ден кейін су қысымын азайтып, сол уақытта суды 20 мың текше метрлік 4 резервуарға жинауға кірісті. Есесіне, түнде жиналатын 80 мың текше метр су таңертең жоғары қысыммен берілді. Қалалық сорғы-сүзгі стансасының басшысы Талғат Бекмағанбетовтен қаладағы екі сорғы-сүзгі стансасының әлеуеті тәулігіне 305 мың текше метр ауыз су өндіруге жететінін сұрап білген едік. Бірақ стансадағы мамандар жаз шықпай жатып қалаға тәулігіне 330 мың текше метр су беріп, жоспарды жобалық қуатынан асырып орындады. Білсеңіздер, су үш кезеңнен өтіп әбден тазартылған соң ғана тұтынуға жарамды болады. Оны тазартуға шамамен 5-7 сағат уақыт керек. Жоғарыда бірер жыл бұрын су тапшылығын алдын алуды ескерген жергілікті әкімдік екі жоба бастағанын айттық. Содан қазір Астана су қоймасынан Теміржолшылар тұрғын алабына жаңа су құбыры тартылса, «Интернациональный» тұрғын алабында сорғы-сүзгі стансасы салынып жатыр. Енді осы сорғы-сүзгі стансасының әлеуеті тәулігіне 105 мың текше метр суды тазартуға жетеді деп межеленген. Урбанизация үрдісі үзілмей тұрған елорда халқы үшін жаңа стансаның суы да санаулы жылда аздық етуі әбден мүмкін. Бұл енді бөлек тақырып. Қаладағы кейбір үйлердің тұрғындары судың қысымы азайғаннан бұрын ара-тұра мүлде болмайтынына алаңдаулы. Мұндайда тұрғындар ауыз су келген сәтті пайдаланып, ыдыстарын қаз-қатар тізіп, суға толтырып алуға үйреніп алған. Тағы бір жайды ескерсек, көбіне-көп ауыз су стансаға қашық жатқан және кейінгі жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлерге жетпей жатыр. Кейде жекелеген үйлерде әлсіз сорғының күші төмен қысыммен келген суды тартуға дәрменсіз.
Бірер күн бұрын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаладағы су қысымына қатысты тұрғындарға үндеу жариялады. Онда елорда әкімі суға қатысты мәселе барын растап, нақ қазір тәулігіне 25 мың текше метр су жетпейтінін ашып айтты.
«Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Кейінгі 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мыңға артты. Кейінгі айда суару жұмысы басталып кетті. Өткен аптада болған +30 градустан асатын аптап ыстық осы аптада да жалғасады деп болжанып отыр. Осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастаған. Бірінші нысан – сорғы стансасы. Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың текше метр су берілетін болады. Екінші нысан – су құбыры, яғни Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Бұл нысан да аяқталып қалды. Келер аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су қысымы берілетін болады. Сонымен, бір айдың ішінде бүгінгі су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Ал тамыз айында бұл стансаның екінші кезеңінің құрылысы бітеді. Тиісінше, қалаға күніне қосымша 85 мың текше метр су беру мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті», деді елорда әкімі.
Негізі, Астанадағы ауыз су мәселесі бұған дейін де талай мәрте қаузалған соң, 2019 жылы екі жоба басталды. Бірақ соның өзінде келер күнге дұрыс болжам жасалмағаны байқалды. Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да Астанадағы су тапшылығына қатысты мәселені қаузаған-тын.
«Биыл су мөлшерінің аздығы мен одан кейінгі су тапшылығын ескере отырып, Қ.Сәтбаев арнасынан Есіл өзені бойынша шамамен 60 млн текше метр, Нұра өзені бойынша шамамен 95 млн текше метр қосымша су беру туралы бірлескен шешім қабылданды. Оған қоса, Астана су қоймасының түбін шамамен 47 миллион текше метр болатын шөгіндіден тазарту қажет», деген еді министр.
Иә, 1968 жылы салынған Астана су қоймасындағы судың сапасына қазірден назар аударған жөн. Яғни қала маңынан басқа да су көздерін қарастыру қажет-ақ. Бұл мәселеге қазір қала әкімдігі, депутаттар, үкімет назар аударып отыр. Ел үкіметі елордадағы су тапшылығын болдырмау үшін жерүсті және жерасты су көздерін пайдаланудың жолдарын қарастырып жатыр. Ақыры суға қатысты мәселелер қаузалып жатқанда кейбір шығындардың орнын шаруашылық мақсатта пайдаланатын сумен толықтыруға көңіл бөлінсе дейсің. Сонымен қатар суды үнемді пайдалану да маңызды. Өйткені экологиялық ахуалға байланысты таза ауыз суға жарымай отырған елдер бар. Уақыт өте мұның соңы кейбір елдерде геосаяси ахуалдың өршуіне алып келуі мүмкін. Мұндайда суды үнемдеп пайдалану туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары аздық етеді. Бұл мәселе суды үнемдеп пайдалануға орайластырылған арнайы құрылғылар арқылы реттелсе керек. Қазіргі жағдай бойынша көп ұзамай №3 сорғы-сүзгі стансасы іске қосылса, су тапшылығы шешілгелі тұр. Сосын кезекті төртінші стансаның да жобасы әзірленер. Оң жағалаудағы су жүйесіне түсетін жүктеме әжептеуір азаяр.