Экономика • 27 Маусым, 2023

Халықтың күні әлі де көмірге қарап тұр

1653 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жасыл экономика мен жаңғырмалы энергия туралы жиі айтқанымызбен, еліміздің энергетика саласы әлі де қатты отынға тәуелді екені белгілі. Жақын­да Астанада өткен Қазақстан көмір өнеркәсібінің IV форумы саладағы бірқатар қордаланған мәселеге назар аудартты.

Халықтың күні әлі де көмірге қарап тұр

«Жаңа энергетикалық парадигма жағдайында көмір саласын дамыту мүмкіндіктері» атты форумда сала мамандары өзекті та­қырыптарды талқыға салды. Көмірді жеткізудің жаңа экс­порттық бағыттарын іздеп, қатты отынды байыту және жо­ғары құнды өнімдерге қайта өңдеу бойын­ша жаңа технологияларды енгізу, көмір химиясы мен көмірді таза және тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын дамыту, өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көміртексіздендіру саясаты аясында көмір өндіру перс­пективаларын айқындау, өндірістің тиімділігін арттыру мәселелері кезек күттірмейді.

 

Қатты отынды Үкімет қадағалап отыр

Форумда Индустрия және инфра­құрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханұлы саланы дамыту стратегиясына қатысты Үкіметтің жоба-жоспары жөнінде айтты.

«Бұл форум салалық мәсе­лелерді кеңінен талқылауға, бә­секеге қабілеттілік пен инвес­тициялық тартымдылықты арттыру үшін оны дамыту стратегиясын әзірлеуге арналған алаң болып отыр. Бүгінгі таң­да көмір өнеркәсібі электр энер­гиясының 70%-ға жуығын өн­діруді, кокс өндірісінің 100% жүктемесін қамтамасыз етеді. Отан­дық сектордың және ел тұр­ғын­дарының отынға қажет­тілігін қанағаттандырады», деді ол.

«Қазір еліміздегі отыз шақты кәсіп­орын халыққа, энергетика және өнеркәсіп салаларына қажет көмірді өндірумен айналысады. Сөйтіп, 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр еліміздің көмір өндіруші кәсіпорындары 113,9 млн тонна көмір өндірді, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артық», деп сөзін жалғаған вице-министр ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында көмірді экспорттауға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартқанын айтты. 

Бүгінде Үкімет 8 жобаны жүзеге асыруды және өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейтін Отын-энергетика кешенін да­мытудың 2029 жылға дейінгі тұжырым­да­ма­сын бекітті. Екібастұз ГРЭС 1 және 3-те жаңа энергоблоктардың құрылысы басталып, 2028 жылы Көкшетау мен Семей қалаларында ЖЭО іске қосылады екен. Өзбекстанға 2025 жылдан бас­тап кезең-кезеңімен 12,8 миллион тоннаға дейін көмір жеткізу қарастырылған. Бұйыртса, бұдан былай көмірді экспорттау бағыттары кеңейеді. Осыны айтқан министр орынбасары жаңа жобаларға тоқталды.

Тамыз айында «Богатырь» разрезінде өнді­ріс көлемі жылына 50 млн тоннаға артып қарашада Шұ­баркөл көмірде 400 мың тонна арнайы кокс, белсендірілген көмір (400 тоннаға дейін) және гуминді тыңайтқыштар (900 тоннаға дейін) өндіретін жаңа зауыт іске қосылады», деді И.Шар­ханұлы.

Оның айтуынша, нақты шараларға қарамастан салада проблемалар бар. Олардың бірі – қосылған құны жоғары жаңа өнімдерді (газ, бензин, мотор майы және т.б.) алу үшін көмірді тереңірек кешенді өңдеу жобаларын жүзеге асыру керек. Бұл, әрине, еліміздің көмір әлеуетін пайдалану тиімділігіне айтарлықтай әсер етіп, жарқын болашақта көмір өнеркәсібін дамытудың басым бағыты болады.

 

Белгісіздік – басты қиындық

«Тау-кен металлургиялық кәсіпорын­дар­дың республикалық қауымдастығы» ММ атқарушы директоры Н.Радостовец өз баяндамасында бірнеше түйінді мәселені алға тартты. «Қазақстан экономикасын декарбонизациялау жөніндегі Үкімет саясатын және көмір өнеркәсібін одан әрі әртараптандырудың нақты жос­парының жоқтығын ескере отырып, бүгінде бұл сала белгісіздік жағдайында екенін ашық айту керек. Көмір өндіру­дің келешек перспективаларында қалып­тас­қан белгісіздік компанияларға одан әрі жұмыс пен шығындарды жоспарлау туралы көзқарасты қалыптастыруға мүм­кіндік бермейді», деді ол.

«Электр энергиясын өндірудің тапшылығына және халықты газбен нашар қамтамасыз етуге байланысты Үкіметің «жасыл» күн тәртібіндегі мақсатты міндеттерді қайта қарау және көмірді сақтау қажеттігі туындады. Көмірді таза жағудың қолданыстағы технологияларын ескере, оны өндірудің қоршаған ортаға әсерін азайту перс­пективалары бар. Енді көмірден жаңа тауар өндіруді жолға қоюдың жолдарын нақты белгілеп, қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жасап, көмір өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындау маңызды деп санаймыз», деп сөзін жалғаған атқарушы директор жоғарыда айтылғандарға байланысты көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеп, онда бүгінгі таңда саланың алдында тұрған өзекті мәселелерді нақтылау қажет деп атап өтті.

 

Көмірді экспорттау мәселелері

Көмір өнеркәсібін одан әрі дамыту мәселелері сыртқы нарықтағы қатты отынға қазіргі сұранысты және Қазақстандағы энергия тұтынудың өсуін ескергенде оның маңызы арта түсетінін көреміз. Оған деген үлкен сұраныс жаңа жобаларға, кө­мірдің сапасын арттыруға, экологиялық жобаларды жүзеге асыруды инвестициялауға мүмкіндік береді.

Енді көмір экспортының тиімділігіне ықпал ету қажет. Қазіргі уақытта геосаяси жағдайға байланысты Еуропа елдеріне көмір тасымалдауда қиын­дықтар туып жатыр. Ақтау және Құрық порттарында жүк өткізу қабілетінің жетіспеушілігі тағы бар. Бұндай жағдайда тұрақты көмір экспортын жасау мүмкін емес. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет үкіметаралық деңгейде көмек көрсетіп, көмір компанияларына шикізат экспортына ынталандырушы тарифтер түрінде квота беруі қажет. Көмір экспорты ішкі нарықта бұл шикізаттың тапшылығына ықпал етпейді. Өйткені Қазақстанда көмір өндіру көлемі сұраныстан айтарлықтай асып түседі.

Бұйыртса, Транскаспий халықаралық көлік және Балтық бағыттарында көмір экспорты бо­йын­ша үлкен перспективалар ашылады. Бұл туралы форумда «Транскаспий халықаралық көлік мар­ш­­руты» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Клайпеда Стивидоринг Компани» АҚ өкілдері айтып берді.

 

Көмір бағасын реттеу орынсыз

Қазіргі уақытта АЗРК жылу көмірінің бағасы реттеуді енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Осыған байланысты АЗРК-ның жылу көміріне бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсынысын орын­сыз деп санаймыз. Көмір өндірудің нарықтық фак­тор­ларға тікелей тәуелділігін ескере отырып, оның бағасын ұстау өндіріс шығындарын өтей алмауға әке­леді және көмір өндіруді тоқтатып қоюы бек ықтимал.

Көмір өндіру маңызды елдерде бағаны мемлекет­тік реттеу жоқ екенін ескерген жөн. Мұндай қадам нарықтық экономиканың қағидаларына қайшы және тиісті нарықтағы бәсекенің жойы­­луына әкеліп соғады. Қазіргі уақытта көмірқыш­қылсыздандырудың жаһан­­дық үрдісіне байланысты көмір өнер­кәсі­бі көптеген қиындықтарды бастан кешіріп жатыр. Олар үшін несие ресурстарына қол жетімділік жабылды. Өткізу на­рығы қысқарылып жатыр. Ең ірі тұтынушылардың бірі Ре­сей қазақ көмірінен біртіндеп бас тарта бастады. Сондықтан өндірістің қысқаруына жол бермеу­ге және көмір компанияларының экономикалық бел­­сенділігін қолдау үшін жылу көміріне бағаны мемле­кет­тік реттеуді қолданбау керек. Бұл – өте маңызды.

 

Биржалық сауданың оң нәтижелері

Көмір нарығындағы жаңалық 2021 жылы бекітілген көмірді биржалық сату тәртібі болды. Онда көмір өндіруші кәсіпорындардың өңірлік операторларға көмірді тауар биржасы арқылы сату жөніндегі міндеттемесі қарастырылған.

Ішкі нарыққа жеткізу жоспарланған жалпы жылдық көлемнің кемінде 50%-ын құрайды. Тауар биржасы арқылы көмірді өткізу үлесін арттыру аймақтық операторларға үдеріске қатысуға және мемлекеттік коммуналдық сектор мен ел тұрғын­дарының қажеттілігін толық қанағаттандыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ мұндай шаралар ішкі көмір нарығындағы бағаның тұрақталуына айтарлықтай әсер етеді.

2022-2023 жылдардағы жылыту мау­сы­мындағы сұранысты қамту мақсатында көмір өндіруші кәсіпорындар ішкі нарық­қа коммуналдық көмір жеткізу жоспарын асыра орындап, жекелеген өңірлерде тиісті өнім тапшылығын жою бойынша жедел жұмыстар жүргізді.

 

Қазақстан көміріне сұраныс артты

Алдағы жылдары газ тапшылығының жалға­суына байланысты көмірдің жоғары ба­ғасы сақталады деп күтіліп отыр. Атап айт­қанда, бірнеше жыл бойы Еуро­одақ ел­дерінен көмірге, оның ішінде қазақ­стан­дық көмірге сұраныс артады деп күтіліп отыр. Бол­жамдарды шетелдерге көмір экспор­тының ағымдағы көрсеткіштері растайды. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар-сәуір ай­­ларының қорытындысы бойынша шетел­дерге экспорт көлемі шамамен 3 971 млн тон­­на­ны құрады, бұл өткен жылдың сәй­кес­ ке­­зеңімен салыстырғанда 4,08%-ға артық.

Экспорттың өсуіне Латвияға, Литваға, Түркияға экспорттың ұлғаюы және Чехия мен Польшаның көлемді сұранысы есебінен қол жеткізілді. 

 

Көмірді өңдеудің маңызы

Көмірді өңдеу кезінде сұйық отынды қос­қанда 250-ден астам өнім түрлерін алуға болады. Көмірден жаңа өнім өн­діру жаңа жұмыс орындарын ашып, өнді­ріс тізбегін ұлғайтады. Бұл бюджетке қо­сымша түсімдердің түсуіне ықпал етеді. Дегенмен көмірді қайта өңдеу жоба­лары­ның құны әлі де өте жоғары. Бұл Қазақ­станда көмір химиясының да­муын шектейді.

Көмір өндіруші кәсіпорындар мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған жоқ. Сондай-ақ несие қаражатқа да қолы жете бермейді. Әйткенмен осы қиындықтарға қарамай көмірді байыту және терең өңдеудің заманауи технологияларын енгізіп, тың жобаларды жүзеге асыруды қолға алған. «Шұбаркөл көмір» компаниясы қуаттылығы жылына 200 мың тонна арнайы кокс өндіру жобасын іске қосқалы отыр. 2023 жылдың қазан айында кәсіпорынның қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін арттыратын арнайы кокс шығаратын жаңа зауытты іске қосу жоспарланған.

Сондай-ақ «Шұбаркөл көмір» кәсіпорны өткен жылдың шілде айынан бастап белсендірілген көмір өндіру жұмысын бастады. Ағымдағы жылы соның 280 тоннасын өндіруді көздеп отыр. Жобаның негізгі міндеті – импортты алмастыру мәселесін шешу. Бұлармен бірге 2022 жылдың маусым айын­да Шұбаркөл кен орнының тозған көмірінен гуминді тыңайтқыштар шығаратын тәжірибелік зауыт іске қосылды. Қондырғының қуаттылығы – 900 тонна дайын өнім.

«Шұбаркөл Премиум» «Теміркөкс» ЖШС-мен бірлесіп, ай сайынғы өнімі 1 800 тонна болатын арнайы кокс шығаратын зауытты іске қосты. Биыл 2-кезеңді іске қосып, көлемін 3 600 тоннаға жеткізуге ниеттенуде.

«Богатырь Көмір» компаниясы таяуда «Көмір өндірудің циклдік ағыны технологиясы» атты инвестициялық жобаны іске қосады. Жоба жүзеге асқанда кәсіпорынның өндірістік қуат жылына қазіргі 42 миллион тоннадан 50 миллион тоннаға дейін артады.

Қазақстан көмір қоры (33,6 млрд тонна) бойын­ша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне кіреді. Осыған қарап көмір өндірісі туралы ел болып тағы бір ойланған дұрыс сияқты.