Әскер • 13 Шілде, 2023

Әскери оркестрлер шеруі

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорданың 25 жылдығына орай «Астана – мәдениет керуені» та­қы­рыбымен I Халықаралық әс­ке­ри-музыкалық фестиваль өтті. Мереке күні Есіл жағалауын­да­ғы жазғы амфитеатр сахнасында ұйымдастырылған Band Marathon-да Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Жа­по­нияның әскери музыкалық ұжым­дары өнер көрсетті.

Әскери оркестрлер шеруі

Сондай-ақ еліміздің Ұлттық әскери-пат­риот­тық орталығы­ның Орталық әскери оркестрі, Мем­лекеттік күзет қызметінің пре­зиденттік оркестрі және Ұлт­тық ұланның үлгілі-көрсетілімді ор­кестрі қа­тысты. Жиын барысында Қор­ға­ныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі.

си

– Халықаралық әскери оркестрлер фестивалі Астанамыздың бейбітшілік пен жасампаздық қаласы, мәдениет пен халық­тар­ды бір ортаға тартып, жақын­дас­­ты­ратын орталық екенінің жар­қын дәлелі болмақ. Мұндай ерекше ­іс-шара ынтымақтастықты да­мыту­ға, бейбітшілік пен тату көр­шілік ­идеясын ілгерілетуге ықпал етеріне сенімдімін, – деді ол.

Band Marathon – қатысушы оркестр­лердің 20 минуттық қо­йылымы. Бұл күні фестиваль қонақтары елдерді өзара бірік­ті­ретін және нығайтатын сазды әуен тілінде сөйледі. Өнерде ше­кара жоқ екенін көрсеткен әлемнің бірегей әскери оркестрлері ұлттық, шығармашылық және армия дәстүрінің алуан үлгісін көрермендерге ұсынды.

сми

Халықаралық әскери оркес­трлердің музыкалық фестивалі аясында өнер көрсетушілердің қо­йылымдары Орталық саябақта, «Бәйтерек» монументінің жанында, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында өтті. Орталық саябақта елорда тұрғындары мен қала қонақтары Үндістан, Жа­по­ния әскери оркестрлері мен еліміздің Мемлекеттік күзет қыз­ме­ті президенттік оркестрінің өне­рін тамашалады.

Үндістан Әскери-әуе күш­те­рінің біріккен оркестрі көрер­мен­дерді марш әндерімен, клас­сикалық әуендерді ұлттық на­қыш­та орындауымен баурап алды. Оркестр өнерінің шеберлігі ұлттық аспап – табла барабанымен ерекше әсер берді.

счм

Астаналықтар Жапонияның Өзін-өзі қорғау теңіз күштерінің оркестрін құ­шақ жая қарсы алды. Күншығыс елінің ұжымы ежелгі жапон әскери музыкасы мен заманауи марштарды ерекше үлгіде орындады. Ал Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Орталық ән-би ансамблі мен Орталық әс­кери оркестрінің әртістері өзбек халқының ұлттық нақыштағы әсем әуенінің қуатымен ғаламат әсерге бөлеп, жұртшылықты бауырлас республика өкілдерін бимен де, қошеметпен де қолдауға шақырды.

«Бәйтерек» монументінде Ре­сей Федерациясы Батыс әскери ок­ругінің 23-әскери оркестрі, Түр­­кия Ұлттық қорғаныс ми­­нис­тр­лігінің әскери оркестрі және елі­міздің Қарулы күштері Ұлттық әс­кери-патриоттық орталығының Ор­талық әскери оркестрі бара­бан­шылардың өнерлерін көрсетті.

чсм

Ал «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында Қытай Халық Азат ету армиясының әскери оркестрі, Әзербайжаннан келген Гейдар Әлиев атындағы әске­ри институттың оркестрі, елі­міз­дің атынан Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі жұрт­шылықты әсем әуенмен әлди­ле­ді. Осы күндері өтіп жатқан әскери оркестрлер форумы елі­міз бен Астанамыздың мәдени өміріндегі ең жарқын күндер ретінде халықтардың мәдениеті мен шығармашылық ұжымдар арасындағы қарым-қатынасты ны­ғай­туға арналған бірегей тұғыр­на­маға айналды.

 «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында өткен гала-концертке жеті мыңнан астам көрермен жиналды. Қорытынды концертке Премьер-министр Әлихан Смайылов, Қор­ға­ныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Концерт қазақ хандығы дәуірі қо­йы­­лымымен басталды. LED-эк­ранда ұлттық нақыштағы ою-өр­нек, қалқан, шаңырақ және петроглифтер пайда болды.

Еліміздің Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығы Орталық әскери оркес­трі­нің, Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің, Ұлт­тық ұлан үлгілі-көрсетілім оркестрінің, Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония әскерінің әскери оркес­тр­­лерін көрермен­дер айрық­ша құрметпен қарсы алды. Қазақ­стан Қарулы күштерінің Бас әске­ри дирижері, «Құрмет» ордені­нің иегері, майор Алмас Ибрагимов бес жүз музыкантқа белгі берді. Ұлттық әскери-патриоттық орта­лы­ғы Орталық ансамблінің әншісі Дәурен Төлеубаев, біріккен хор және әскери оркестр еліміздің әнұранын салтанатты түрде орындап шықты.

Мемлекеттік күзет қызметі пре­зиденттік оркестрінің қазақ ха­лық өнерінің інжу-маржаны саналатын «Япурай» лири­калық әнін айтуы ерекше әсер қал­дырды. Про­логта Астанаға арналған «Ме­рей­тойлық марш» өтті. Жұрт­шылық Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің әлемге әйгілі Майкл Джексон мен Лио­нель Ричидің танымал әні We are the world-тың орындалуын зор ықы­ласпен қабылдады.

Гала-концерт соңында Қор­ға­ныс министрі, генерал-полков­ник Руслан Жақсылықов іс-ша­раға қа­ты­­сушыларды құт­тық­­тап, ше­тел­дік қонақтарға марапат табыс етті.

– Қазақстан – салт-дәстүрге бай, бейбіт ел. Бұл күндері елорда­мыз әлем мәдениетін жинай алатын әсем орталыққа айналды. Бізге әр елден түрлі ұжымдар, талант­ты музыканттар мен әншілер келді. Бүгінгі фестиваль дәстүрге айналып, достық, ынтымақтастық пен татулық қарым-қатынастарды да­мытуға ықпал етеді деп ойлай­мын, – деп атап өтті қорғаныс сала­­сы­ның басшысы.

Гала-концерт Орталық ан­­­­­самб­ль, біріккен хор және оркестр со­листері Қайрат Баекенов­тің орын­­дауындағы «Астана» әнімен аяқталды.