Әскер • 21 Шілде, 2023

Депутаттар әскер сапында

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері ҰҚК Шекара академиясы курсанттарына арналған лагерьде үш күннен бері оқу-жаттығу жиынына қатысып жүр.

Депутаттар әскер сапында

Бұл қатарда Мәжіліс депутаттары Максим Рожин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек, Самат Нұртаза бар. Олар курсанттармен бірге апта бойы таудағы лагерьде тұрып, жаттығады. Содан кейін депутаттар Қытай және Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекараны қорғайды.

Депутаттар шекара әскерлері соңғы үлгідегі техникамен жабдықталып, онда үздіктердің үздіктері қызмет етуі керек деп есептейді. Өйткені еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ең күрделі жауынгерлік міндеттерді күн сайын орындайтын – осы шекарашылар.

– Тәуелсіздік шекарадан басталады. Шекарашыларымыздың дайындығы жоғары, Отан игілігі үшін адал қызмет етуге дайын екенін көріп отырмыз. Биік таудағы шекараны қорғаудың қыр-сырымен таныстық. Бұл өте күрделі де нағыз ерлерге лайық жұмыс. Лагерь командада жұмылып жұмыс істеуге үйретеді, – деді депутат Максим Рожин.

Депутаттар курсанттармен бірге шатырларда тұрады. Таулы аймақта ерте тұрып, сапқа тұрып, тактикалық тапсырмалар мен жауынгерлік дайындықтан өтеді. Олар тауға көтерілуді, толық қару-жарақпен бірнеше шақырымдық марш лақтыруды үйренеді.

– Күндіз ауа температурасы +32, түнде +4 болатын таулардағы ша­тыр­ларда тұру. Таңертеңгі сағат 6-да ояну, қолайлы жағдайдың жоқ­тығы – осының бәрі біздің шекарашылар жағдайы. Бұл сабырлылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Әскердегі қызмет – ұлдарымызды ер-азамат қылып тәрбиелейтін патриоттық орта. Жауапкершіліктің, тәртіптің не екенін түсінудің жалғыз жолы осы. Мүмкіндігінше жастарымыз осыдан өтуі керек, – дейді Олжас Құсбеков.

Жағдай мен тұрмыс-тіршілікті зерделеумен қатар, депутаттар әс­кери қызметшілермен әңгіме-дүкен құрып, материалдық-техникалық қам­тамасыз ету, еңбекақы және басқа да бірқатар жүйелі мәселені анық­тады.

– Елордаға әр сарбаздың, әр офицер­дің мәселесін жеткіземіз. Күрделі проблемалардың бірі – офицерлердің жалақысының төмендігі, орта есеппен 170-220 мың теңге. Бүгінгі нарықпен бұл өте аз. Тұрғын үй, әлеуметтік қамсыз­дандыру мәселелері бар. Әрбір зас­тавада тиісті техникалық құралдар­дың болуы маңызды. Дрондар, заманауи қару-жарақ, көлік болуы керек, – дейді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.

Жоба барысында депутаттар ұлт­тық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағыт­талған жаңа заңнамалық бастама­лар мен шараларды, жастарды отансүйгіштікке тәр­биелеудегі тәсілдерді, сондай-ақ әс­керде қызмет ету жағдайларын жақсарту қажетін зерделеуді көздеп отыр.