«Азия дауысы» тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында ұлттық музыка өнерін басқа өлшем, жаңа деңгейге көтерген сапалы жобалардың бастауында тұрды. Тамыз айы туа сала тыңдаушысы тауға қарап, әуелеген асқақ ән іздеп тұратын белгілі ән байқауы осы уақыт аралығында отандық өнер бренді болып қалыптасып, көпшіліктің көңіл төрінен орын алып үлгерген еді. Алайда сұлу сазды сағынған тыңдаушысына ол бұрынғыдай орындаушылардың халықаралық ән байқауы болып оралмады, ұйымдастырушылар шартарапты шарлаған аңыз атымен қайта қауышқан фестивальді жаңа леппен жаңғырту мақсатында концерт түрінде сабақтастыруды қош көріпті.
28-30 шілде аралығында үш күнге жоспарланған фестивальдің алғашқы күні көрген адамның көңілінде ұзақ сақталатын дрон шоуымен басталып, тау бауырына төселген қызыл кілем үстімен көпшіліктің сүйікті әншілері қол бұлғап жүріп өтті. Салтанатты іс-шараның беташар сөзін алған Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов: «Түркі елдерінің мәдениет министрлері қазірдің өзінде маған телефон шалып, «Азия дауысы» халықаралық орындаушылар байқауы келесі жылы қашан өтетінін сұрап жатыр. Байқауға өздерінің үздік әртістерін жібергісі келетін ниетін білдіріп отыр. Біз байқауға қолдау көрсетеміз, өйткені бұл – тек музыкалық емес, сонымен қатар туристік қадам. Алматының және біздің бүкіл өңіріміздің туризмін дамытатын әлеуеті бар», деді. Министрдің айтуынша, фестиваль алдағы жылдан бастап дәстүрге сай барлық талап-ережесін сақтай отырып, халықаралық ән байқауы болып қайта жалғасады.
Шаһардың күндізгі аптап ыстығынан кейін шатқалдың май тоңғысыз жанға жағымды қоңыр салқын кеші ән сүйетін қауымның көңіл күйін біртұтас толқында табыстырды. Өнер мерекесіндегі буын сабақтастығын аңдамай қалу мүмкін емес. Алдымен 32 жылдан бері уақыт сынына тозбай, қиындық атаулыға төтеп беріп, еліміздегі ең ұзақ уақыт көшінде келе жатқан ұлттық музыкалық жобалардың бірі «Жас қанат – 2023» жас орындаушылар байқауының әр жылдардағы жеңімпаздары өнер көрсетті. Оларды Байғали Серкебаевтың «Джулия» мюзиклінің үзіндісі жалғап алып, «А-studio» тобының әндері шырқалып, көрермен әлемдік хиттерді еске алды. Сондай-ақ 19 жыл бойғы үзілісте «Азия дауысы» фестивалінің тарихынан хабарсыз өскен жас көрермендер үшін арнайы жасалған блок болды. Онда фестивальді құрған Мұрат Ерғалиев, Александр Пономарев сияқты ұйымдастырушы тұлғалар және сол жылдардардағы Алматының келбеті көрсетілді.
Түн жарымына дейін созылған ән мерекесінде көрермендерге белгілі режиссер, продюсер Фархат Шәріпов түсірген «Солдат любви» мюзиклінің түсіріліміне қатысу мүмкіндігі туды. Олар фильмдегі басты кейіпкердің жұлдызға айналып, үлкен сахнаға шыққан кезінде басқан ізін аңдып жүретін табынушысы болып көпшілік сахнасында ойнады. Көрермендер телефон жарығын жағып, режиссердің тапсырмасын мүлтіксіз орындап, фильмнің маңызды сахнасын таспалауға көмектесті. Осылайша, «Азия дауысының» алғашқы күні тарихқа ғана емес, киноға да енді.
ZAQ, RaiM, Ерке Есмахан, Мирас Жүгінісов, Молданазар, Мархаба Сәби, «Ирина Кайратовна», V $ XVPRiNCE сияқты бүгінгі эстраданың ең танымал әрітістері көпшілікті бірінші күннен-ақ баурап, қосыла шырқаған әннен тас оянып, тау жаңғырыққандай, табиғатты әсем күйге бөледі. Алматыға «The Black Eyed Peas» секілді әлемге әйгілі америкалық топтың келуі – фестивальдің айтулы жаңалығы. Ал ән жәрмеңкесі жабылатын күні «Secret Service», «Ялла» топтары қырық минуттан өнер көрсетіп, Роза Рымбаева мен Нағима Есқалиева, Еркеш Шәкеев пен Медеу Арынбаев бастаған еліміздің белгілі музыка майталмандары әнмен шоу-шеру жасады.
«Азия дауысы – 2023» фестивалінің алғаш рет Үкіметтің ақшасына арқа сүйемей, атқарушы биліктің көмегінсіз тек қаржы ұйымдары мен отандық бизнес серіктестердің қолдауымен өткізіліп отырғанын баса айтқанымыз жөн. 30 шілдеге билет сатып алған көрермендер үшін ұтыс ойыны ұйымдастырылып, сәтті билет бұйырған бақытты жандарға жеңіл көлік, IPhone 14 Pro Max, IPhone 14, Apple Watch сияқты бағалы сыйлық тапсырылды. Алматы қаласының әкімдігі тауға ағылған көпшілікті полиция, жедел жәрдем, төтенше жағдай секілді қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіп, көлік қозғалысын реттеді.