
Құрлық әскерлерінің әскери институтында министр талапкерлермен әңгімелесіп, оларға емтихандарын сәтті тапсырып, алдағы оқулары мен қызметтеріне ақ жол тіледі. Сондай-ақ ол білім ордасы басшылығының материалдық-техникалық базаның жай-күйі, профессорлық-оқытушылар құрамымен жасақталуы және оқу орнының даму перспективалары туралы баяндамасын тыңдады.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери оқу орнының жеке құрамымен кездесуде Президенттің бүкілармиялық кеңесте алға қойған Қарулы күштердің зияткерлік қабілетін арттыру міндеті көбінесе әскери ғылымның деңгейіне, оқу бағдарламаларының мазмұнына және әскери оқу орны педагогтерінің кәсібилігіне байланысты екенін атап өтті.
Құрлық әскерлері әскери институтының «Іле» полигонына барған Қорғаныс министрі әскери оқу орны қызметінің ғылыми құрамдас бөлігін күшейтумен қатар курсанттардың практикалық дағдыларын игеруіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Руслан Жақсылықов Тау дайындығы орталығында оқу және спорт корпустары, атыс тирі, скалодром, тау белдеуі кедергілері, пайдалануға беруге әзірленіп жатқан инфрақұрылымды дамыту жоспарымен танысты. Министр казармаға, асханаға және қалашықтың басқа да әлеуметтік нысандарына барды.
Қонаев гарнизонындағы десанттық-шабуылдау бригадасындағы жұмыс барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов Т-72 танктері экипаждарының су тосқауылдарын еңсеру және суда жүргізу бойынша практикалық сабақтарына қатысты.
Сапар қорытындысы бойынша қорғаныс ведомствосының басшысы әскери объектілердің инфрақұрылымын жетілдіру, жауынгерлік даярлықты арттыру және мерзімді қызмет сарбаздары үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.