Үкімет • 09 Тамыз, 2023

Мемлекетке қайтарылған нысандар

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия­да теміржол тасымалы және денсаулық сақтау саласындағы кейбір кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару мәселелері қаралды.

Мемлекетке қайтарылған нысандар

Үкімет басшысына теміржол инфрақұрылымының бірқатар нысанын мемлекет меншігіне қайтару барысы туралы баян­далып, оларды бәсекеге қабі­летті ортаға беру туралы мәміле сот тарапынан жарамсыз деп танылды. Атап айтқанда, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету фактілері анықталды. Қылмыстық іс аясында тергеу органдары түпкілікті про­­­цессуалдық шешім қа­был­­­данғанға дейін ҚТЖ басқар­масына бере отырып, активтерге тыйым салды. Мүлік кешенін қорғау қамтамасыз етілді.

Премьер-министр респуб­ли­каның басқа өңірінде ұқсас нысандар бойынша жұ­­мысты күшейтуді тапсы­рып, тиісті кә­сіп­орындар қыз­меткерлерінің барлық тех­но­логиялық үдерісі мен қызметін сақтаудың маңы­зын атап өтті.

Сонымен қатар отырыста денсаулық сақтау саласындағы ұйымды республика меншігіне қайтару мәселесі қаралды. Алдын ала мәліметтер бойынша активті басқаруды өз мойнына алған жекеменшік компания ұзақ уақыт бойы өз функцияларын орындамай келген және келісілген инвес­тициялық бағдарламаның шарттарын бұзған. Талқылау қорытындысы бойынша басқару тиімділігіне тексеру жүргізу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабыл­данды. Оның нәтижелері бо­йынша шартты бұзудың және активті мемлекет меншігіне қайтарудың дұрыстығы туралы шешім қабылданатын болады.

Айта кетсек, елімізде экономиканы демонополизациялау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі күні өңірлерде халықпен жүздесіп жатқан Мәжіліс депутаттары да осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, бірер күн бұрын депутат Сергей Понаморев өзінің әлеуметтік желідегі парақ­ша­сында Алматы қала­сы ма­ңын­да Іле-Алатау ұлттық паркі аума­ғындағы жеке­мен­шікке сатыл­ған 10 мың гектар жердің заңдылығын тексеруге келгенін жариялаған болатын. Оның айтуынша, көрсе көз тоймайтын, тұмса табиғаты айрықша бұл жерлер алдымен жалға берілген, кейін 2015 жылы Бауыржан Байбек әкім болып тұрған уа­қыт­та бір адамға сатылып кеткен. Депутат бұл жердің қан­шалықты заңды жолмен сатылғаны күмән тудыратынын айтады. Егер бұған бақылау болмаса, ертеңгі күні мұнда құрылыс жұмыстары бас­талып, табиғатқа нұқсан келуі әбден мүмкін. Біз депутаттардың бастамасы аяқсыз қалмай, со­ңы­на дейін жететініне сенеміз.