Еңбек • 15 Тамыз, 2023

«Погонды журналист»: Тергеушінің бір күні

430 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тергеушінің қызметі инемен құдық қазғандай деп жатады. Расында, солай. Өйткені ел ішінде қандай қылмыс орын алса да, оның ақ-қарасын ашу үшін егжей-тегжей зерттеп, жәбірленуші және айыпталушы тараптармен бетпе-бет жүздесіп, айғақтар жинап, ақ пен қара айқасының алдыңғы шебінде жүретін солар. Ол үшін тергеушілер заңды бүге-шігесіне дейін білумен қатар, алдында отырған адамның ойын оқи алатын кәнігі психолог те болуы қажет. Одан бөлек, шешендік пен батылдық та бір бойынан табылуы шарт.

«Погонды журналист»: Тергеушінің бір күні

Жұмыс жоспарды бекітуден басталады

Ішкі істер министрлігі жыл сайын­ «Погонды журналист» жобасын ұйым­дас­тырып тұрады. Оның мәні – қолына қалам ұстаған тілшілер бір күн мамандығын ауыс­тырып, тәртіп сақшысы болып қызмет етеді. Өзінің қалауы бойынша патрульдік не ювеналды полиция қызметкері, тергеу­ші, криминалист, т.б. салалардың бірін таң­дап, оқалы киім киіп, ішкі істер орган­да­рындағы жұмыс барысын көзбен көріп, қолмен ұстап сезінеді. Биыл да полиция мен БАҚ арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жоба жалғасын тауып, тәртіп сақшысы ретінде қызмет атқарып көруге ұсыныс түскенде біз ойлан­бастан тергеушілік саланы таңдадық. Мұндағы мақсатымыз, біріншіден, қызығы мен шыжығы көп қызметті атқарып көру болса, екіншіден, көбіне жұрт көзінен тасада қызмет жасайтын, әлемге жар салмай-ақ қиын істің қиюын келтіріп жүрген тергеушілер туралы жазу.

Сонымен, Астана қаласы Полиция депар­таментінің нұсқауымен ішкі істер орган­дарындағы бір күндік қызметті өткеру үшін бізді Алматы аудандық поли­ция­ басқармасы жанындағы Алматы поли­ция бөліміне жіберді. Көбіне адамдар қорқа-соқтап табалдырығын аттайтын мекемеге­ таң бозымен келген бізді бөлімнің аға тер­геу­шісі, полиция капитаны Азамат Арысбек қарсы алды. Тәртіп сақшысы рөлін бірінші рет сомдайын деп тұрған бізге жұмыс барысын аз-кем түсіндіріп, бағыт-бағдар бергеннен кейін қызметке кірісіп кеттік.

Тергеушілердің күн тәртібі таңғы сағат 8:30-да басшылық құраммен бір күндік жұмыс жоспарын талқылаудан басталады екен. Біз барған кезде де күнделікті тәртіппен тергеу бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Меруерт Оразбаева қызметкерлерін жинап, әрқайсынан шұғылданып жатқан істің қай сатысына келгенін, сонымен қатар осы күні атқаратын жұмыс барысын сұрап, жоспарды бекітіп берді. Осыдан жұмыс күні кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Бірақ полиция капитаны Азамат Арысбектің айтуынша, полиция бөліністері арнайы орган болып есептелетіндіктен және қылмыскерлер уақыт талғамайтындықтан, тәртіп сақшы­ла­рының да жұмыс уақыты сағат тілінің көрсеткішімен сәйкес келе бермейді. «Шұғыл және тосын жағдайлардың орын алуына байланысты кез келген уақытта жұмысқа шақыруы мүмкін. Ондай кезде дереу қызмет орнынан табылып, өзімізге жүктелген тапсырманы орындауға міндеттіміз», дейді ол.

 

Қылмыстық іспен танысу

Біздің «тергеуші лауазымындағы» жұмысымызды полиция капитаны Азамат Арысбектің қарауындағы қылмыстық іспен танысудан бастадық. Тәртіп сақшысының айтуынша, қылмыстық істер жеңіл, орташа және ауыр болып үшке бөлінеді. Тер­геу­шілер оларды Қылмыстық-про­цес­­суалдық кодекске сәйкес заңға сай ше­ші­мін шығару үшін жан-жақты объективті зерт­теу жұмыстарын жүргізеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізі­лі­­міне енгізілген бұл іс ауыр санатқа жа­тады екен. Оқиға биыл 26 мамыр күні болыпты. Қысқаша баяндап өт­сек,­ кү­дікті С. есімді азамат пәте­рі­нен құ­ры­­лыс жұмыстарын жасайтын сай­ма­­ны­ның жоғалғанын байқайды. Сол сәт­те жәбірленуші Ж.-ның сыртқа шығып бара жатқанын көреді. Жәбірленушінің қа­сын­да Е. және А. есімді куәгерлер де­ бол­ған. Күдікті олардың арттарынан­ жү­гі­ріп жетіп, «сайманды сендер алдыңдар» деп тиіскен. Олар «біз алмадық» деп ақ­тал­­ғанына қарамастан, арада кикілжің туын­­дап, күдікті жәбірленушіні жақтан ұрып құлатып, есінен тандырады. Кейін поли­ция­ға­ арыз жазылып, сот-меди­циналық сараптама нәтижесінде жәбір­ле­ну­шіге «ауыр» дәре­жедегі дене жарақаты кел­тірілгені бел­г­­­ілі болған. Жәбірленуші әлі ауруханада жатыр.

– Бізге әрбір қылмыстық істі жүргізіп, жан-жақты тергеп-тексеріп, шешім қабыл­дап, сотқа жіберуге 2 ай уақыт беріледі. Егер әртүрлі жағдайға байланысты істі қарау созылса, тергеуші 10 күн бұрын сотқа өтініш жазып, істі қарау мер­зімін тағы бір айға созуға болады, – дей­ді полиция капитаны. Оның айтуынша, бұл істің қаралып жатқанына да екі айдың жүзі болған. Бүгін Е. есімді куәгерден және күдіктіден қосымша жауап алынып, істі прокурорларға жіберуге қаулы шы­ға­рыл­мақ.

– Айына, жылына қанша іс қарай­сыз­дар? Сіздерге белгілі бір көрсеткіш мін­дет­те­л­е ме? – деп сұрадық.

– Нақты осынша істі тапсырыңдар деген міндет жоқ. Қылмыстардың тіркелуіне байланысты өзімізге берілген істерді қарай береміз. Мен жылына орташа есеппен 70-80 істі қарап, аяқтаймын. Мәселен, осы жылдың басынан бері 58 істі тергеп, шешім шығарып, сотқа жолдадым, – деді тергеуші.

Оның айтуынша, бұрын ұрлық-қарлық көп тіркелсе, кейінгі жылдары алаяқтық, оның ішінде ақпараттық және әлеуметтік телекоммуникация жүйелерін пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, бір сөзбен айтқанда, интернет-алаяқтық жиі тіркеледі екен. «Мұның бәрі уақыттың талабына сай қылмыскерлер де шынайы өмірден виртуалды әлемге бейімделе бастағанын көрсетсе керек. Менің тәжірибемдегі істердің көбі – интернет-алаяқтыққа қатысты», деді ол.

 

Тергеуші ең алдымен психолог болуы қажет

Полиция капитаны Азамат Арысбек тергеушілер үшін ең керек қасиет – психологиялық қабілет екенін айтады. Қылмыс жасады деп күдікке ілінген адамдардың дүниетанымы, білімі, мәдениеті, көзқарасы әртүрлі болады. Соған байланысты тергеуші оларды өзіне тартып, сыр суыртпақтау үшін оның деңгейінде әңгіме-дүкен құрып, қылмысты ашуға септігін тигізетін бар мәліметті алуға тырысуы қажет. «Алдыңда отырған адамның көңіл күйіне, тергеу барысында өз-өзін ұстауына, салмақты күйде немесе сасқалақтап отыруына, көзін тайдыра беруіне, аяқ-қолының діріліне, т.б. іс-қимылдарына қарап-ақ оның шындықты айтып отырғаны немесе бір нәрсені жасырып тұрғаны анық байқалады. Бірақ біз интуиция деңгейінде оның қылмысқа қатысы бар екенін сезгенімізбен, нақты заттай айғақтар болмай, кінә арта алмаймыз. Сондықтан кінәсін толық дәлелдегенше тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастыра береміз», дейді тәртіп сақшысы.

«Погонды журналист» болып тергеуші мен қылмыстық іске қатысы бар адам арасындағы жауап алу сәтіне осы жолы бірінші рет куә болдық. Таңғы сағат 9-дар шамасында полиция бөліміне оқиғаның куәгері ретінде тіркелген Е. есімді азамат келді. Жауап алмастан бұрын оған «Өзіңізді қалай сезініп отырсыз? Жауап беруге толық мүмкіндігіңіз бар ма? Ауырып отырған жоқсыз ба?» деген сұрақтар қойылды. Ол тергеушіге жауап беруге ешқандай кедергінің жоқ екендігін айтқаннан кейін, оған қылмыстық кодекстің 419, 420, 421-баптары түсіндіріліп, жалған, көрінеу мәлімет берген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны, яғни 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындығы ескертілді. Содан кейін тергеуші А.Арысбек оқиға бойынша куәгерден толыққанды көрген-білгенін сұрап, оның жауаптарын қылмыстық іске тіркеді. Айта кетсек, сол оқи­ғаның басында болып, күдікті мен жәбір­ле­ну­шінің арасындағы кикілжіңді көрген куәгердің берген мәліметі мен күдікті С.-ның айғақтары бір-біріне толыққанды сәйкес келмейтін болып шықты.

Куәгерден жауап алып бола бере, тергеуші А.Арысбектің қарауына тағы бір жаңа іс келіп түсті. Таңертең полиция бөліміне бас сұққан елорда тұрғыны өзінің алаяққа алданып қалғанын айтып арыз жазған. Оның мәліметіне қарағанда, мамыр айында оған белгісіз бір адам әлеуметтік желі арқылы хабарласып, жүргізуші куәлігін алып беремін деп, 120 мың теңгесін алыпты. Міне, содан бері бірнеше айдың жүзі өткеніне қарамастан, өзін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімен деп таныстырған адам да жоқ, уәде етілген жүргізуші куәлігі де жоқ. Алаяқтың алдауына түскеніне енді ғана көзі жеткен тұрғынның полицияның көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмаған.

– Бұл қылмыстық іс бойынша бізге көп мәлімет белгісіз, – дейді полиция капитаны. – Жәбірленуші тек күдіктінің есімін, телефон нөмірін, ақша аударылған банк картасының нөмірін ғана біледі екен. Енді біз сол абоненттік нөмір бойынша байланыс операторына сұрау салып, нөмір кімнің атына тіркелгенін анықтаймыз. Сондай-ақ банк картасы арқылы да тиісті банкке сұрау саламыз. Бізге ең алдымен күдіктінің толық аты-жөнін анықтап алу қажет. Одан әрі оның тұрғылықты жерін, жұмыс орнын табуға тырысамыз.

Тергеушінің айтуынша, кез келген қылмыс болған жағдайда ең алдымен оқиғаның толыққанды мән-жайын анықтау және күдікті туралы барлық мәліметке қол жеткізу мақсатында тиісті мекемелерге сұрау салу, база арқылы тексеру жұмыстары жүргізіледі, көше бейнекамералары, тұрғын үйлерге тиесілі камералар тексеріледі, сондай-ақ ұялы байланыс нөмірі бойынша байланыс операторларына да шығып, күдіктінің кіммен сөйлескені, сөйлесу аудиожазбасы, орналасқан жері секілді мәліметтер алынады. Соның ішінде адамның телефон арқылы сөйлескен аудио­жазбасы мен жазған sмs-хабарламалары оның қол сұғылмайтын жеке аумағы болғандықтан, тергеушілер қылмыстық істі негізге ала отырып, соттың санкция­сы арқылы ғана құпия мәліметтерге сұрау салуға құқылы. Бүгінгі тіркелген қылмыстық іс бойынша құқық бұзу әрекеті байланыс құралдары және банк арқылы жасалып отырғандықтан, мұнда да тергеу-тексеру амалдары ең алдымен байланыс операторларына және iКөмек орталығына сұрау жолдаудан басталмақ.

 

Адам құқығынан аттауға болмайды

Жұмыс арасында біз жылына ондаған қылмыстық іспен жұмыс істейтін полиция капитанынан ерекше есте қалған оқиғалар жайында сұрадық. Күн сайын түрлі жағдаймен бетпе-бет келетін ол осы жылдың басында айрықша бір оқиғаның болғанын айтып берді. «А. есімді келіншек полицияға қоңырау шалып,­ өзінің қонақүйде екенін, бөлмесіне бір адам­ның кіріп, өзін ұрып-соғып, зорлап, денсаулығына залал келтіргені туралы хабарлады. Біз дереу оның көрсеткен мекенжайына жетіп бардық. Әйелдің өзімен сөйлесіп, бөлменің ішін тексеру­ барысында оған ештеңе болмағанын, денесінде ешқандай жарақат іздері жоқ, өзі дін аман екенін анықтадық. Кейін жа­уап алу барысында шын мәнінде ешкім оған қол көтермегеніне және зорламағанына анық көз жеткіздік», дейді тергеуші. Сөйтсе, алкогольді ішімдікке мас болған елорда тұрғыны өзінің бұрынғы жүрген жігітін сағынғандықтан, оны полиция қызметкерлері арқылы табу мақсатында «зорлық жасады» деп жалған хабар берген. «Біз қонақүйдегі бейнекамераларды да тексердік. Ол жерге өз аяғымен барған және оның бөлмесіне басқа ешкім кірмеген. iКөмек орталығына сұрау салып, аудиожазбасын тыңдағанда оның полицияға масаң күйдегі адамның да­уы­сымен хабарласқанына және таяқ жеген әрі зорлық көрген адамның кейпінде болмағанына көз жеткіздік. Сондықтан полицияға жалған хабар бергені үшін оның ісі сотқа жолданып, тиісті жазасын алды», дейді А.Арысбек.

– Жылына 70-80 істі қарасаңыз қаншама қылмыскермен тікелей бетпе-бет жұмыс істеп, жауап алады екенсіз. Бұл сіздердің өмірлеріңізге қаншалықты қауіпті? Олар жазасын өтеп шыққаннан кейін өшін алып жүрмей ме? – деген сұрақ қойдық.

– Тергеп-тексеру­ кезінде адамның құқығы деген нәрсені ұмыт­паймыз. Оған нұқсан келмеуі керек. Адамның нақты қылмысты жасаған-жасамағанын анықтау үшін, ең алдымен, бүкіл айғақтарды жинап, жан-жақты тиянақты жұмыс жүргіземіз. Одан кейін материалдарды қадағалаушы орган, яғни прокурорлар тексеріп болған соң ғана іс сотқа жолданады. Осыншама құқық қорғау органдарының тексеруінен өтіп, барлық дәлелдеме жиналғаннан кейін, егер шынымен кінәлі болса, күдіктінің мойындау­дан басқа амалы қалмайды. Сондықтан қылмыскерлердің бізге өшігуіне ешқандай негіз жоқ. Өз тәжі­ри­бемізде жазасын өтеп шыққан адамның тергеушіден өш алған оқиғасы болған емес, – деп жауап берді полиция капитаны.

Бүгінде көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселені сұрадық: «Көп адамнан «Телефоным ұрланды. Полицияға арыз жаздым. Бірақ олар тауып бере алмады» деген сөзді жиі естиміз. Бұның себебі неде?». Оның айтуынша, егер ұрланған телефон қосулы болса және ішінде сим-карта бар болса, оның мекенжайын анықтауға мүмкіндік бар. «Ал егер телефон қосалқы бөлшекке бұзылған болса, яғни телефон қосылмаса, табу мүмкін емес. Көп ұрлықтың ашылмау себебі осында», дейді тергеуші.

 

Соңғы жауап алу

Сонымен, түстен кейін полиция капитаны А.Арысбек қарап жатқан ден­сау­лыққа ауыр дәрежедегі залал келтіру қыл­мыс­тық ісі бойынша күдіктіден қосымша жауап алу кездесуі өтті. Полиция бөліміне күдікті азамат С. мен оның қорғаушысы екеуі келіп, күдіктінің іс-әрекетін толық­қан­ды саралап айқындау мақсатында оған қосымша сұрақтар қойылды.

«Сізге қасақана денсаулыққа зиян келтіру бойынша айып тағылып отыр, онымен келісесіз бе?» деген сұраққа күдікті: «Жоқ, келіспеймін. Қасақана зиян келтірейін деген ой менде болған емес. Бұл – абайсызда болған әрекет. Сондай-ақ мен оған осынша ауыр зардап келтіретіндей соққы жасаған жоқпын. Оның жарақаты бұрыннан да болған шығар. Сондықтан оның денсаулығына келген зиян үшін өзімді кінәлі деп есептемеймін», деп жауап берді. Оның жауабы қылмыстық іске тіркелді. Тергеушінің айтуынша, бұл іс осымен аяқталып тұр. «Ертең таңертең жәбірленуші тарап пен күдікті тарапқа қандай шешім шығарылғаны толықтай таныстырылады. Содан кейін іс сотқа жолданбақ. Жәбірленуші азамат денсаулығына байланысты ауруханада жатқандықтан, оған қылмыстық істің аяқталғаны және мазмұны туралы хабарлама жолданады», деді ол.

«Погонды журналист» жобасы аясын­да бір күн офицерлік қызмет ете жүріп, тергеушілердің шынымен де инемен құдық қазғандай тірлігіне куә болдық. Адам өлтіру, зорлық-зомбылық, ірі көлемдегі жемқорлық секілді ауыр қылмыстарды былай қойғанда, кішігірім ұрлық-қарлық, төбелес сынды әрбір істің ақ-қарасы ашылып, әділдіктің салтанат құруы үшін олар күн сайын өмірлерін қатерге тігеді. Тергеп-тексеру шаралары арқылы тірнектеп дәлел жинайды. Ол үшін маңдай тер төгіліп, жүйке жұқарады. Сырт көзге байқала бермесе де, осындай кішігірім ерлікке пара-пар жұмысты атқарып отырған тергеушілер қауымына қызметте сәттілік тілеумен жоба аясындағы жұмыс күніміз мәресіне жетті.