Қоғам • 17 Тамыз, 2023

Мемлекеттік тіл: Міндет пен құрмет

415 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ана тіліміз хақындағы пікірі. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтқан елдің басшысы мұндай күрделі әрі нәзік мәселеде халықты дүрліктіретін, қоғамды жікке бөлетін популистердің жетегінде кетпеуді ескертті.

Мемлекеттік тіл: Міндет пен құрмет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Балаңды қазақша оқыт!»

Қазақ елінде тұрып, «балаңды қазақша оқыт» деп үгіттеу – ар алдында да, ел алдында да қорланумен тең. Бірақ қанша ауыр болса да, біз бетпе-бет келіп отырған бүгінгінің шындығы. Өйткені баласын қазақша оқытудан қашатын қаракөздеріміз арамызда әлі де көп. Қазіргі күні тіл мамандары мен жанашырлары қазақ мектептеріндегі білім сапасының жоғары екенін, қазақша оқыған баланың болашағы жарқын болатынын айтып келеді. Солардың бірі – қоғам белсендісі Тұрар Шәкен. Ол қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттауды мақсат тұтып, бірнеше жоба ұйымдастырып, балабақшалар мен мектептерде оқушылармен, олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп жүр. Өзі құрған «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде «Өнегелі ата-ана – өрелі ұрпақ», «Qazaq alemi», «Балаңды қазақша оқыт» авторлық жоба­ларын қолға алып, отбасылық және ұлттық рухани-адамгершілік құнды­лықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру үшін көптеген іс-шара ұйымдастырып келеді. Оның жұмыстарының ең басты мұраты – ана тілінде сөйлейтін ұрпақ өсіруге үлес қосу.

– «Қара шаңырақ» ұлттық жобасының аясында сана-сезімі қалыптасқан, елдік мүдденің өр­кендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жал­пыа­дамзаттық құнды­лық­тарды ұштастырып, қазақы тәлім-тәр­биені бойына сіңірген заманауи толық кемел тұлғаны тәрбие­леуді, мемлекеттік идеологияның негізі болатын «Бір ел – бір тіл» идеясын насихаттауды көздей­міз. Осы мақсатта өткен жылы «Qazaq alemi» орталығын құ­рып, жемісті жұмыс жүргіздік, – дейді ол.

Оның айтуынша, «Qazaq alemi» – қазақ халқының тілін, мәдениетін, дәстүрін еркін форматта «жұмсақ күш» арқылы үйретіп, танытып, насихаттай­тын жоба. Ол мемлекет құрау­шы ұлттың құндылықтары арқы­лы еліміздегі этностық топ­тар­дың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын артты­ру, тілдің қолдану аясын ха­­лықаралық деңгейге шыға­руды мақсат тұтады. Сон­дай-ақ қоғам белсендісі осы жоба­ның заңды жалғасы ретінде биыл Астана қаласы Тіл бас­қар­­­масының қолдауымен «Ба­лаң­­ды қазақша оқыт» жобасы аясында елордамыздың ба­ла­­бақ­шаларында кездесулер өткізді. «Біз балабақшада ата-аналардың қатысуымен өткен іс-шараларымызға Димаш Құ­дай­­бергеннің анасы Света Айт­бае­ваны, белгілі тіл жанашыры Аятжан Ахметжанұлын, белгілі театр актерларын, өзге де ма­ман­дарды шақырып, баланы қа­зақша оқытудың артық­шы­лық­тары жөнінде айттық. Осы іс-шаралардан кейін баласын орыс сыныбына берейін деп жүрген көптеген ата-ана ойын өзгертіп, қазақ мектебін таңдап жатыр», дейді Тұрар Шәкен.

 

Кітап оқу – тіл үйренудің басты тетігі

Қазақ «ана тілі» деп бекер айтпаса керек. Өйткені бала анасының тілінде сөйлейді. Келе­шек ұрпағымыздың өз тілін біліп өсуі үшін бүгінгі ана­ла­рымыздың өзге тілде шүлдірлемегені ма­ңыз­ды. Осы орайда елордамызда жас аналар арасында қазақша кітап оқу клубын ұйымдастырып, қазақ тілінде сөйлеуді насихаттап жүрген Арайлым Мұстақованың еңбегін айта кеткен орынды. Ол құрбысы екеуі бірігіп «Шолпы» атты қазақ тілді кітап клубын аш­қан. Мақсат – тұлға ретінде дамуға, дүниетанымды кеңейтуге септігі тиетін, ұлттық нақышы жоғалмаған орта қалыптастыру.

– Клубымыздың «Шолпы» деп аталуы тегін емес. Қазақтың салт-дәстүрінде бұл бұйымды тақ­қан кезде қыздар арқаны тік ұстап, бойды да, ойды да түзе­ген. Біздің мақсатымыз да – ұлттық құндылықтарды насихаттай отыра дамитын, кітап оқи­тын орта құру. Ойды түзеу, ұлттық ділімізге сай рухани даму, – дейді ол.

Бұл клубтың құрылғанына 5 айдан енді асса да, қазір құ­ра­­мында 45 оқырман бар. Олар – мектепті енді аяқтаған жас қыздар және жас аналар. Алды­мен барлығы тәрбиелік мәні бар кітапты таңдайды, сосын оны барлығы үйлерінде бастан-аяқ оқиды. Кейін бір күнді белгілеп, барлығы жиналып, кітаптан ойға тоқыған құндылықтарымен бөлісіп, өзара талқыға салады.

– Осы күнге дейін 5 кез­десуіміз өтті. Әзірге 8 кітап оқы­дық. Біздің алды­мызға қойған өлшем: оқитын кітабымыз мін­детті түрде қазақ тілінде, авторы қазақ болуы шарт. Кітап мазмұнында қазақы тәрбие, ұлттық дәстүр көріністері болуы керек. Сосын кітапты талдау кезінде ол жерде айтылған ұлттық құндылықтарды бүгінгі өмірде қалай қолданамыз, тарих пен дәстүр сабақтастығын қалай жүзеге асырамыз деген сұрақтарға жауап іздейміз, – дейді Арайлым.

Ол «Шолпы» клубының арқасында жас аналар арасында жағымды өзгерістер де болып жатқанын айтады. Мәселен, Бауыржан Момышұлының «Ұш­қан ұя» кітабын оқығаннан ке­йін аналар балаларына ертегі айта бастаған. «Бұл кітап тұнып тұрған қазақы философияға не­гізделген. Балаларға ертегі ай­тудың қаншалықты маңызды екенін, «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам» деген ойды жеткізген бұл еңбек біз үшін үлкен сабақ болды», дейді кейіпкеріміз.

Сонымен қатар, олардың қа­тарында бұрын орыстілді кітап оқу клубтарынан келіп қо­сы­­лып, қазақша сөйлей бас­та­ған жас аналар да көп екен. «Бас­­­тапқыда олар қазақ тіліне шор­­қақ болғандықтан, кітапты талқылауға көп араласпай, ұя­лып үндемей отыратын. Біз оларға мақсатымыз кімнің қазақ тілін жақсырақ білетіндігін көр­сетіп жарысу емес, керісінше бірігіп қазақ тілінде сөйлеуді жетілдіру, кітаптар арқылы сөз­дік қорымызды толықтырып, қазақ тілінде әдемі сөйлеуді үй­рену екендігін түсіндірдік. Содан кейін қыздар өздерін еркін ұстап,  барынша ойларын қазақ тілінде жеткізе бастады. Басында орысша сөздерді көп қосатын, қазір қазақша әдемі сөйлеуді үйренді. Шыны керек, қазақ тіліне деген махаббаттары ашылғаны сонша, клубтан тыс уақытта да қазақша сөйлеп жүргендерін байқадық. Бұл біз үшін үлкен жетістік», – дейді Арайлым.

Айта кетсек, жуырда «Шол­пы» клубы Лариса Алда­бер­­ген­қызы басшылық ететін Халық­аралық Қазақ тілі қоғамына мүше ретінде қабылданған. Қазір Астана қаласының көшелерінде тіл мәртебесі үшін жүргізіліп жат­қан «Көрнекі» атты жобасына атсалысып келеді.

 

Қазақ тілі жайлы фактчек

Мағжан атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген ұран сөзін бүгін де ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені, басқа саланы былай қойғанда, ана тілінің көсегесі көгеруін көксейтін жас­­­тар өсіп келеді. Олар тілдің дам­уына үлес қосатын түрлі креативті жобаларды іске асырып жүр. Соның бірі – инстаграм мен YouTube-те тілтану және тілге фактчек жасау бағы­тындағы «Қа­зақ бабыл» парақ­шасы мен арнасын жүргізіп жат­қан Бибарыс Сейтақ есімді жас маман.

Назарбаев университетінде тіл (лингвистика) маман­дығын оқыған ол: «Тілдер, олар­дың табиғаты туралы ғылыми, терең, жан-жақты жиған білімім бар болғасын, оны ортаға салғым келіп, команда жинап, парақша аштық. Тілдерге, тіл саясатына, соның ішінде, әрине, бірінші кезек мемлекеттік тілге деген сауат­ты көзқарас қалып­тастыруды көз­дей­мін» дейді.

– Тіл туралы жаңсақ пікір, алыпқашпа әңгіме көп. Гума­нитарлық ғылымдарды ғылым емес деп елемегендіктен бе, әлде кей адам расында менмендікке сонша салынғаны ма, тілтануда ешқандай кәсіби, ғылыми да­йын­дығы, дипломы жоқ біреулердің тілдер туралы, сөздер жайында «жаңалық ашып» жататынын жиі көреміз. Біреулер «әйел» сөзін сөгеді, біреулер «қазақ тілі ғылымға жарамайды» деп адасады, енді біреулер «Алматының атауы – Алма-Ата» деп айды аспанға шығарады. Бұндай қауе­сет­ке ғылыми, дәлелді факт­чек керек – оны тілтанушылар жасай алады, – дейді жас маман.

Оның айтуынша, бүгінде қо­ғамда нақты қалай әрі қашан қазақ тілі барлық салада доминант тіл болуы керек деген мәселеге түрлі көзқарас бар. «Гео­саясаттағы соңғы жайттар әйгілеп бергендей, қазақ тілінің үстемдік құруы – намыс не бір ұстаным мәселесі ғана емес, шын мәнінде ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұны көп­шілік түсініп келеді, бірақ неғұрлым тезірек түсінсе, со­ғұр­лым жақсы» дейді.

Бибарыс Сейтақтың әлеу­меттік желі арқылы тілтану бағы­тында жасап жатқан жұмыстары шынымен назар аударарлық. «Жас келсе – іске» демекші, ке­йінгі толқын өкілдерінің жа­һан­дану тасқынына жұтылып кетпей, ұлттық танымды кеңей­туге, мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосып жатуы – ертеңіміздің жарқын екенін білдірсе керек.  

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38