
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Иә, күз түсіп, тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Жаңа оқу жылының жаңалығы қандай? Білім мерекесі күніне орай осы сұраққа жауап іздеп көрдік. Сонымен...
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім
Еліміздегі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына тікелей жауапты ұйым бар. Бұл – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институты. Осы ұйымның басшысы Манара Адамованың бізге берген дерегі бойынша, қазіргі таңда 1 млн-нан аса бала балабақшаларда тәрбиеленіп жатыр. Оның 68,9 пайызы қазақ тілінде білім алады. Ал Оқу-ағарту министрлігіндегі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева Қызылорда қаласында өткен Тамыз кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзінде: «Президенттің сайлауалды бағдарламасында белгіленген сапалы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында және 2029 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасында айқындалған», деді. Әрі алдағы жылдарға жоспарланған міндеттердің маңыздысы ретінде мыналарды атап көрсетті: 2-6 жастағы балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамту, педагогтерді даярлау сапасын көтеру, мамандардың біліктілігін арттыру, тәрбиешілердің еңбекақысын көбейту, үздік педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату.
Орта білім беру
Білім беру жүйесінің бұл бағытына келсек, кейінгі аптада көп айтылған жаңалықтың бірі – оқу жылының бұрынғыдай 25 мамырда аяқталатыны болса керек. Қайта жазбақ ниетіміз жоқ, тек осы ретте ата-аналар мен педагогтер арасында «Қайтадан 6 күндік оқу аптасына көшеміз бе?» деген орынды сұрақ туындап жатыр. Бұл сауалға Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев жауап берді.
– Оқу жылының ұзақтығы бұрынғы қалпына келуіне байланысты түбегейлі өзгерістер болмайды. Жұмыс аптасының ұзақтығы бес күн болып қалады. Мектептер министрдің 2020 жылғы 21 сәуірдегі №153 бұйрығын басшылыққа алуға тиіс. Барлық білім беру ұйымы бұрынғыдай штаттық тәртіпте жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының әкімшілігі сабақ кестесін, күнтізбелік жоспарларын және сағаттарды бөлуде әдеттегідей өздері жауапты. Қазіргі уақытта оқу жылының ұзақтығы туралы бұйрық келісуге жолданды. Алда бекітіледі. Осы бұйрықта 34 апталық оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталатыны нақты көрсетілген, – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұғалімдерді алдағы уақытта жұмысқа Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы қабылдау жүйесін толығымен автоматтандыру жоспарланып отыр. Бұл мұғалім ісіне ең жақсы, ең мықты, жауапты мамандарды тарту үшін жасалатын және мектептерде жұмысқа орналасу кезіндегі сыбайлас жемқорлықты барынша жоюға бағытталған тиісті жағдайлардың бірі болмақ.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен міндеттер жайлы айтылған дәстүрлі педагогтер конференциясындағы сөзінде орта білімге қатысты да біршама ой айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, әрі қарай да жалғасады. Айталық, биыл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту үшін 132 мың орындық 154 мектеп салынады. Ал келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп іске қосылады. Аудандық және ауылдық мектептерді жаңғырту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Мысалы, былтыр 1 003 мектеп салынса, биыл 1 000 оқу ордасы жаңғыртылмақ. Егер 2022 жылы мектептерге 1 200-ден астам физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттері жасақталса, биыл 1 700 кабинет жабдықталады. Осы жылдан бастап министрлік барлық өңірдің әкімдерімен Мемлекет басшысының тапсырмаларын және басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарды нақты іске асыруға бағытталған Өңірлерді дамыту жөніндегі жол карталарын жасасты, – деді министр.
Сала басшысының айтуына қарағанда, жаңа оқу жылында республика бойынша 2,9 млн баланы (81,1%) қосымша біліммен қамту жоспарланған. Осыған орай биыл Астана қаласында жеке инвестициялар есебінен «Sana» жаңа буын орталығы (инновациялық орталық) ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосымша білім беруге пайдаланылатын ғимараттарда құрылыс жүргізіліп, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында 6 Оқушылар сарайы салынып жатыр.
– Биыл алғаш рет мектептегі тәрбие бағдарламасына Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрістері енгізіледі. Аталған күштік құрылымдардың қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөліседі. Біз оқу сауаттылығының рөлін күшейтуге, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап арқылы тәрбиелеуге көп көңіл бөлеміз. Қазір білім беру ұйымдарындағы көркем әдебиет қоры 3,7 млн данаға ұлғайды, – деді Ғ.Бейсембаев.
Кәсіптік-техникалық білім беру
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы оқу жылында 517,3 мың жас 772 колледжде оқыды. Мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) қайта бағдарланған. Екі жыл қатарынан жұмысқа орналасу міндеттемесімен, мақсатты тапсырыс бойынша 10 мың студент оқуға қабылданып келеді. Колледждер академиялық дербестік аясында білім беру бағдарламаларының мазмұнын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін оқыту мерзімдерін бекіте алады. Студенттерге еңбек нарығына шығу үшін 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік беріліп отыр.
Ал министр Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, инженерлік-педагогикалық қызметкерлерді ынталандыру мақсатында басшыларға және олардың орынбасарларына біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақыны 30%-дан 100%-ға дейін көтеру көзделген. Алдағы оқу жылында колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жалғасады. Кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы шеңберінде 498 кәсіпорын кадрларды даярлауға, колледждерді басқаруға, зертханалық жабдықтармен жабдықтауға, студенттерді өндірістік практикаға, ал педагогтерді тағылымдамаға қабылдауға қатысу үшін 410 колледжбен шартқа, меморандумға қол қойды. 547 қамқоршылық және 693 индустриялық кеңестің жұмыс істеуі колледждерді басқару және білім беру бағдарламаларын әзірлеу үдерісіне қатысуға мүмкіндік береді. Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында биылғы қыркүйектен бастап стипендияны кезең-кезеңімен екі есе ұлғайту көзделген.
Жоғары білім және ғылым
Жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушылары, университеттер мен ғылыми институттардағы ғалымдар, зерттеушілер үшін де жаңа академиялық жыл басталды. Ал Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек келесі академиялық оқу жылынан бастап ел университеттерінің студенттеріне жасанды интеллект сауаттылығы курсы өткізілуі мүмкін екенін айтты.
– Жақында Америкадағы IBM (ақпараттық технологиялар) компаниясы еңбек нарығына жасанды интеллектінің әсерін зерттеп, үлкен қорытынды есебін жариялады. Сол зерттеудің есебіне сүйенсек, жасанды интеллект саласын игергендер болашақта оны үйренгісі келмеген, меңгермеген мамандардың еңбек нарығындағы орнын алып қояды. Сондықтан біз «Google» компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллект сауаттылығы курсын пысықтап жатырмыз. Алдағы айдың соңында Нью-Йоркке барып, келісімшартқа қол қоямыз. Келесі оқу жылынан бастап мүмкін келесі күнтізбелік жылдың ішінде осы жұмысты аяқтасақ, бүкіл жоғары оқу орындарының студенттеріне міндетті түрде жасанды интеллект сауаттылығы курсы беріледі, – деді С.Нұрбек.
Ведомство басшысының баяндауынша, Президенттің тапсырмасымен 4 шетелдік университеттің филиалы ашылды. Осы жылы тағы екі филиал ашылмақ. Ендігі бір маңызды жаңалық жоғары білімнің қолжетімдігіне байланысты болып тұр. С.Нұрбекің айтуынша, елдегі, әлемдегі бала туу көрсеткіші жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Бұл болашақта жоғары білімге сұранысты арттыратыны сөзсіз, ал грант бәріне бірдей жете бермейді. Грант санын жыл сайын арттыра беруді мемлекеттің бюджеті көтермейді. Сол себепті келесі жылдан бастап «Келешек» бірыңғай жинақтаушы жүйесі іске қосылады.
– 1 айлық есептік көрсеткішті, қазіргі көрсеткішпен 3 450 теңгені ай сайын отбасы, яғни ата-аналар осы жинақтаушы жүйеге салып тұрса, оған мемлекеттік сыйақылар беріліп, бала 17-18 жасқа жеткенде 7,5 млн теңге жинақтауға болады екен. Оның үстіне өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Ұлттық қордан әр балаға шот ашып, кәмелеттік жасқа дейін қаржы құйып отыруды тапсырған. Сөйтіп, осы екі қайнардан жиналған ақша баланың жоғары білім алуына жеткілікті болады. Бұл – өте үлкен реформа. Осыны келесі жылдан біртіндеп бастаймыз. Мұндай жүйе ата-аналарға мемлекеттен кепілдендірілген сенімді шот ашуға, қоғамда баланың болашағына инвестиция құю мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасайды, – деді С.Нұрбек.
Министрдің мәлімдеуінше, елімізде жаңа бір университет ашу туралы Үкіметтің қаулысы шықты. Жақында ведомство өкілдері Канадаға барып қайтқан еді. Бірнеше канадалық жоғары оқу орны қызығушылық танытып отыр. Мықты консорциум құрылып, нәтижесінде Ұлытауда жаңа инженерлік-техникалық университет ашылатын болды.
– Осыған дейін «Coursera» платформасына кіруге мүмкіндік алдық. Енді осы платформамен жұмыстың екінші деңгейіне өтеміз. Жаңа жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамы білімін жетілдіреді. Біз университеттік ғылымды дамытуға мейлінше күш салуымыз керек. Президенттің тапсырмасына сәйкес жылына 500 жас ғалымды шетелдің үздік ғылыми-зерттеу ұйымдарында тағылымдамадан өткізу жоспарланған. Бірақ аталған жұмыс әлі де баяу. Сондықтан ректорлардан осы академиялық оқу жылында мамандарды ұстамай, көбірек жіберуді сұраймыз. Жақсы маманға байлаулы екендеріңізді білеміз, түсінеміз. Алайда олар бұрынғыдан көбірек білім мен тәжірибе жинап келуі үшін аз уақытқа жіберуге де тиіспіз. Айтпақшы, осы оқу жылы ғалымдарды қолдаудың әлеуметтік пакеті ұйымдастырылады. Бұған қатысты қаржылық мәселелер шешіліп, келісілді. Алда толығырақ айтамыз, – деді сала басшысы.