Экономика • 11 Қыркүйек, 2023

Әділетті қоғамда рейдерлікке жол жоқ

163 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнес – ел экономикасы дамуының локомотиві. ШОБ – қарапайым тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысу ауқымын айқындайтын көрсеткіш, сонымен қатар халық әл-ауқатының айнасы. Елімізде жыл өткен сайын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің ішкі жалпы өніміндегі оның алатын үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызды құрауға тиіс.

Әділетті қоғамда рейдерлікке жол жоқ

Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қоғамда оған қолайлы жағдайлар жасалуға тиіс және құ­қық қорғау органдары тарапынан не­гіз­сіз тексерулер мен айыппұлдар бол­мағаны жөн. Бизнесті заңсыз түрт­пектеуден қорғау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы лауазымына келген сәттен бері үнемі айтып келеді. Өйткені кейінгі жылдардағы пан­демия, айналамыздағы қарулы қақтығыстар, бізбен бір эконо­ми­калық одақта отырған елдердің жаппай санкцияға ұшырауы – ел экономикасына кері әсерін тигізгені сөзсіз. Мұндай жағдай­да экономиканы дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, халықты кәсіпкерлікпен шұғыл­да­нуға шақырып, бизнесті қорғау қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында-ақ бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші органдардың іс-әрекетіне байланысты көптеген қиындыққа тап болып жатқанын айтып, бұл әрекетті «мемлекетке қарсы жасалатын қылмыс» деген болатын. «Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті. Бұл мәселе жөнін­дегі ұстанымым белгілі: биз­нес­тің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі кел­ті­ретін әрекеттер мемлекетке қар­сы қылмыс деп танылуға тиіс. Осыған орай заңнамалық сипаты бар қо­сымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкімет осы мә­селені шешу жолдарын ұсынуы керек», деді ол.

Президент тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рей­дерлікке қарсы күресті күшей­ту, кәсіпкерлік қызметті мем­ле­кеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірлеп, оған Мемлекет басшысы 2021 жылы 2 шiлдеде қол қойғаны белгілі. Бұл заң Қылмыстық кодекстің рейдерлік туралы 249-бабының шын мәнінде тек «ақ рейдерлікке», яғни корпора­тивтік дауларды реттеуге арналған бұрынғы нұсқасын айтар­лықтай толықтырып, осы қылмыс түрлері үшін белгіленетін қылмыстық жауаптылықты анағұр­лым күшейтті.

Ал өткен жылғы Президент сайлауы­нан кейін ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Басты міндет – іскер азамат­та­ры­мыз­дың кә­сіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедер­гілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүр­гі­зілетін себепсіз тексеру­лер­ді бір­жолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп бе­реді. Мемле­кет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнес­тің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады», деп тағы да қатаң талаптар қойды.

Шын мәнінде, бизнесті негізсіз тексерулерден қорғау – Әділетті Қазақстан құрудың басты бағыты болса керек. Өйткені бір жағынан әлемдегі геосаяси жағдайлар мен экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын тартып жатқан шағын және орта бизнесті екінші жағынан өзіміздің құқық қорғау және тексеруші органдарымыз қыспаққа алса, жығылған үстіне жұдырық болатыны сөзсіз. Ендеше, Президент тапсырмалары қаншалықты орындалып жатыр?

Бұл бағытта заңның үстемдік құрып, негізсіз кедергілерге қарсы күрес жүргізу прокуратура органдарына жүктелген және оның негізгі қызмет бағыттарының бірі. Бас прокуратура таратқан мәлі­меттерге қарағанда, Президенттің бизнесті қорғау бойынша берген тапсырмалары бүгінде біртіндеп орындалып келеді. Сандарға көз жүгіртсек, биылдың өзінде прокуратура органдары бизнес субъектілеріне қарсы заңсыз әкімшілік жаза қолданылған 3,5 мың істі анықтаған. Прокурорлардың актілері бойынша 2,5 мыңнан аса айыппұл мен ескерту алынып тасталған. Заңсыз салынған әкімшілік жазаларды қайта қарау жұмыстары жалғасып жатыр.

Мәселен, прокурорлар екі айлық ескіру мерзімінің өтуіне қарамастан, мемлекеттік кірістер органдары кәсіп­керлерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 92-1 бабы (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бұзу) бойынша барлық жерде әкімшілік жаза қолданғанын анықтап отыр. Соның бірі – Ақмола облысының Бұланды ауданында орта кәсіпкерлік субъектісі құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 4 айдан кейін кодекстің 92-1-бабының 2-бөлігі бойын­ша жауапқа тартылып, оған 438 мың теңге көлемінде айыппұл са­лын­ған. Қазіргі уақытта салық орган­да­рының Әкімшілік кодекстің 92-1-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді белгіленген мерзім өткеннен кейін қозғау тәжірибесі тоқтатылды. Прокуратураның шаралары бойынша жол берілген бұзушылықтар үшін бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Әділетті Қазақстан құру жолында заңдылықтың сақталуы үшін жұмыс істеп жатқан прокуратура органдарына кәсіпкерлік өкілдерінен келіп түсіп жатқан алғыстар да аз емес. Мысалы, биыл Бас прокуратураға «Қазвтормет», «Прогресс KZ» ЖШС, «Еврокрук» ЖШҚ басшыларынан алғыс хаттар келіп түсті, олар Астана қаласы прокуратурасы мен көлік прокуратурасының қызметкерлерін көтермелеуді сұраған.

Жуырда Шығыс Қазақстан облы­сының прокуратурасы кәсіпкер­лерді ескіру мерзімі өткен құқық бұзу­­­шылықтар бойынша әкімшілік жа­уап­кер­шілікке тартудың жүйелі фактілерін анықтады. Атап айтқанда, Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер орган­дары бизнес субъектісін міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру бо­йын­ша аударымның жоқтығы үшін әкім­шілік жауапкершілікке тартқан. Алайда құқық бұзушылық жасалған сәттен бастап және факт анықталуына дейін 2 жылдан астам уақыт өтіп кеткен. Әкімшілік кодекстің 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес құқық бұзушылық жасалған кезден бастап екі ай өткен соң әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмейді. Осы жағдайларды ескеріп, Өскемен қаласының прокуратурасы мемлекеттік кіріс органының қаулысына наразылық енгізіп, кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.

Жалпы, осы жылдың өзінде Шы­ғыс Қазақстан облысында 2,5 мың кә­сіпкердің құқықтары қорғалған. Мемлекеттік органдардың жоспарларынан 22 заңсыз тексеру алынып, 229 заңсыз тексерудің алды алынды. Биылғы 7 айда прокуратураға 1,7 мыңнан аса кәсіпкер жүгініп, әрбір төртінші жағдайда құқық бұзушылық белгілері бар екені расталды.

Құқық қорғау органдары тарапынан бизнес өкілдеріне негізсіз тексерістер жүргізілсе, ол жемқорлық секілді тағы бір қоғам жегі құртының өрістеуіне жол ашары сөзсіз. Әділетті Қазақстан құрудың басты талаптарының бірі – сыбайлас жемқорлықты біржола жою. Ендеше бір-бірімен байланыс­ты осы міндеттердің жүзеге асуы экономикамыздың гүлденіп, халық пен билік арасында сындарлы қатынас орнатуға септігін тигізеріне сенім мол.