Экономика • 07 Желтоқсан, 2023

Ақмолада атқарылған жүйелі жұмыстар

10 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баспасөз конференциясын өткізді. Ол 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндама жасады. Соңынан қоғам арасында туындаған, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Ақмолада атқарылған жүйелі жұмыстар

Ақмола облысында ауыл ша­р­­­уа­шылығымен қатар өнеркә­сіптік және индустриялық сектор белсенді дамып келеді. Он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында өндіріс кө­лемі 1,4 трлн теңге, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан. Өсудің жоғары қарқыны өңдеу саласындағы өндіріс көлемін 11,3%-ға және тау-кен өндіру кө­лемін 21%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген. Тау-кен саласында құрамында алтыны бар кен өндірудің арқасында, өңдеу саласында металлургия, машина жасау және тамақ өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалған.

«Ақмола өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттер мен бағыттарды іске асыру бо­йынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Облыс – еліміздің негіз­гі аграрлық-индустриалдық ай­мақтарының бірі. Жалпы, 10 ай­д­ың қорытындысы бойынша ай­мақта негізгі әлеуметтік-эко­номикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы өндірісі –  аймақ дамуының басым бағыты. Жыл сайын еліміздің жоғары сапалы азық-түлік бидайының төрттен бірін өндіретін жетекші ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі екеніміз мәлім. Өкініштісі, қолайсыз ауа райы егін науқаны­на кері әсерін тигізді. Соған қа­ра­мастан 3 млн тоннадан аса астық жиналды. Бұл ішкі қа­жет­­ті­лігімізді қамтамасыз етуге мүм­кіндік берді», деді өңір басшысы.

Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегімен зардап шеккен фермерлерге жан-жақ­ты көмек көрсетілген.

«Суб­сидия­лаудың барлық бағыттары бойынша берешекті жабу (Үкі­меттің резервінен қосымша 16,1 млрд теңге бөлінді, оның жал­пы сомасы 62,6 млрд теңге­ге жеткізілді); кредиттік міндет­теме мерзімін ұзарту (3% көлемін­де банкілік ынталандыруды өтеу арқылы 1 жылға); ауыл шаруа­шылығы өнімдеріне қолайлы сатып алу бағаларын белгілеу сияқ­ты шаралар қолда­нылды (3-сыныпты бидай үшін 120 мың теңге және 4-сыныпты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде). Аталған шаралар келесі жылдың көктемгі егісіне сапалы дайындалуға мүм­кіндік береді. Ал мал шаруа­шылығында ет өндіру 168 мың тоннаға дейін артты, 350 мың тонна сүт, 608 млн данадан аса тауық жұмыртқасы өндірілді», деді М.Ахметжанов.

Өңдеу кәсіпорындарын шикі­затпен қамтамасыз ету үшін бір­қа­тар жұмыс атқарылған. Мал басын арттыру арқылы 46 ет және 5 тауарлы сүт фермасы құры­лыпты.

«Осы жылы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы басталды. 15 млрд қолжетімді несиеге жеті арнайы тауарлы-сүт фермасын ашу жос­парда бар. 7 мың сауын сиыры болатын бұл шаруашылықтар Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Ат­ба­сар, Бурабай, Зеренді және Целиноград аудандарында ашылады. Біздің аймақ респуб­лика бойынша құс етін өндіруде көш­басшылардың бірі екенін де айтқым келеді.

Есте болса, Президент өз Жол­­­­дауында 3 жылдың ішінде агро­­өнеркәсіп кешенінде өңдеу өні­мінің үлесін 70%-ға дейін арт­тыру жөнінде тапсырма берді. Бү­гінгі таңда бұл көрсеткіш, өкі­ніш­ке қарай, 28%-ға ғана жетті. Қойыл­ған міндетті орындау үшін бар­лық шараларды қолданып жа­тыр­мыз. Облыста 73 өңдеу кәсіп­орны жұмыс істейді, 8 пайыз өсім­м­ен 184 млрд теңгеге тамақ өнім­дері өндірілді», деді облыс әкімі.

Өңірде 2026 жылға дейін 290 млрд теңгеге 71 инвестициялық жобаны іске асыру қолға алынған. Бұл жобаларды іске қосу шикі сүт өндіруді жылына – 45 мың, еттің барлық түрін өндіруді – 62,1 мың, өсімдік майын өндіруді 54 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу әлеуеті жеткілікті.

«Осылайша, өзіміздің және Астананың да қа­жеттілігін жа­ба­мыз. 130 кәсіп­орнымыз елор­да­ның 44 ірі сау­да орталық­та­рына таза және эко­логиялық өнім­дерін жеткізеді. Бұл – шамамен 38 мың тонна сүт, 25 мың тонна ет, 210 млн дана жұ­м­ырт­қа. Біз бұл жұмысты одан әрі де жалғастырамыз. Ауыл тұрғындарына бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асы­­рылуда. Өз ісін дамытуға қол­­же­тімді және пайдалы несие алу жақсы мүмкіндік беретін бағ­­дар­лама. Оған 1,2 млрд теңге бө­лінд­і. Бұл – 215 жаңа жұмыс орны және 198 бизнес-жобасы. Келесі жылдың 210-230 бизнес жобасына 2 млрд теңге қаражат жоспарланып отыр. Игі істер жалғасын табады», деді өңір басшысы.

Биыл аймаққа 530 млрд теңге­ден аса инвестиция тартылды. Жеке инвестициялық жобаны іске асыру көрсеткіштердің өсуіне жол ашады. Нәтижесінде 185 млрд теңгеге 154 жоба іске асты. «1,5 мың ақмола­лық жаңа жұмыс орындары­на ие болды. Салынған инвестицияның жартысынан көбі жаңартылатын энергия көздері саласына тартылды. Олар – Аршалы ауданында ор­наласқан қуаты 150 МВт облыстың ең ірі жел электр стан­са­сының «Борей Энерго» бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Зеренді және Ерейментау аудандарында жалпы қуаты 30 МВт-тан асатын 3 жел электр стансасы іске қосылды. Ал Қосшы қала­сында 7,5 млрд теңгеге мектеп- гимназия салынды.

Ірі жобалардың ішінен жел­тоқсан айында Қосшыда «IL Tov» ЖШС құс етін өңдеу зауытын іске қосты. Ақкөл ауданында «Sirius Plus» емдеу-сауықтыру қо­нақ­үй кешенін тұрғызып, жұ­мысын бастады. Жалпы, 2023 жы­лы инвестиция көлемі 240 млрд теңгеден асатын 223 жоба ха­лық игілігіне қызмет етуге кірісті.

Ақмола облысы ерекше ин­вестициялық тартымы бар ай­мақ екенін атап өткім келеді. Не­гізгі фактор ретінде, аймақтың географиялық орналасуы және Астанаға жақындығы. Көкшетау мен Астана арасындағы заманға сай автобан, теміржолдың болуы инвесторларды тартуға мүм­кіндік береді. Әрине, адами ресурс та оған оң әсерін тигізеді. Себебі бүгінгі таңда облыста ресми халық санының 7,5%-ға өсуі байқалады. Біз, халықтың игі­лігі үшін, жаңа инвесторлармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», деді М.Ахметжанов.

Кәсіпкерлікті қолдаудың ұлт­тық жобасы аясында соңғы екі жылда 66 млрд теңгеден аса қаржыға 1 900 жоба келісілді. Нә­ти­жесінде, бюджетке салық тө­лем­­дері 39 пайызға артығымен түс­кен. Шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілерімен 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

«Өңірдің басым бағыттың бірі туризм саласын дамыту болып табылады. Щучинск-Бурабай ку­рорт­тық аймағына әлемнің әр түк­пірінен жылына бір мил­лионға жуық турист келеді. Об­лыс­та туризмді дамытуға бағыт­талған 23 млрд теңгеге 65 инвес­тициялық жоба табысты іске асырылуда.

Мемлекеттік қолдаудың ар­қа­сында жыл сайын салы­нып жатқан үйлердің саны артып келеді. Биыл 52 көппәтерлі тұр­ғын үй құрылысы қарасты­рыл­­ған. Оның ішінде 13 жал­ға берілетін, 37 кредиттік және Ат­басар қа­ла­сының су тас­қы­ны қауіпті ай­мақтарынан тұрғын­да­­рын көші­ру үшін ТЖ желісі бо­йын­­ша салынған 2 тұрғын үй бар.

Ал жол желісін жақсарту бо­йынша үлкен жұмыстар атқа­­рылып жатыр. Осы жылы жер­гі­лікті маңызы бар 1 000 км-ге жуық жолды жөндеу жоспарланған. Кейінгі екі жылда 2 мың км-ден аса жергілікті жол салынды және жөнделді, оның 900 км-ы ауылдық жерлерде.

Сондай-ақ 2025 жылға қа­рай халықты сапалы ауыз су­мен жабдықтауға 100% қолже­тімділікті қамтама­сыз ету үшін 65 ауылда орталық­тандырылған сумен қамтамасыз ету нысанын салу, оның ішінде 38 ауыл үшін ЖСҚ әзірленді, 27 ауыл – игеру сатысында, 105 ауылда су­ды тазартудың кешенді блок-­модульдерін орнату немесе сүз­гі­лерді орната отырып ұңғы­ма­лар­ды бұрғылау шаралары қаралған.

Мемлекет басшысы әлеумет­тік салаға ерекше көңіл бөледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шең­берінде 38 ауылдық елді мекенде амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу көзделген. Соны­мен қатар Степногор және Ат­ба­сар көпсалалы қалалық ауру­хана­ларын жаңғырту жос­пар­ла­нып жатыр», деді өңір басшысы.

Облыста білім беру саласын­дағы объектілерді пайдалануға беруге байланысты облыста үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешімін тауыпты. Осы жылы 5 мектеп және Ақкөл қаласының №4 орта мектебіне жапсаржай салынып, пайдалануға берілген. 2,5 мың оқушыға арналған 6 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қатарында жыл соңына дейін 3 мектеп және Көкшетау қаласының №4 арнайы мектеп-интернатына жапсаржай салынады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 22,6 мың оқушы орнына 18 мектеп салу жоспарда бар.

Соңғы жаңалықтар