
Дарынды дирижер Айдар Әбжаханов әлемнің жетекші театрларында бірнеше мәрте өнер көрсетіп, аты аңызға айналған италиялық La Scala театрында тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ ол Savaria Symphony оркестрімен бірге Bartok фестиваліне (Сомбатхей, Венгрия), Аустрия астанасы Венадағы Vidin Philarmonic Orchestra базасында Золтан Пешконың, Сальвадор Мас Конденің шеберлік сабағына қатысып, қоюшы дирижер ретінде бірқатар балет спектаклінің жоғары деңгейде өтуіне үлесін қосқан.
Классикалық саз әуелеген кеште көрермендер талантты дирижердің жетекшілігімен орындалған XVII ғасырдың венециялық рухы Антонио Вивальдидің музыкасымен қанаттанып, Астор Пьяццолла жасаған Буэнос-Айрестің ғажайып әлеміне сапар шеккендей болды.
Керемет кештің алғашқы бөлімінде театр музыканттары А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» атты концерттер топтамасын ұсынды. Мұнда шуақты көктемнен бастап, қытымыр қыс мезгіліне дейінгі әрбір композиция тыңдарманға музыка арқылы әр маусымның өзіне тән ерекшелігін ашып берді. Бұл топтама түрлі музыкалық аспаптардың әрлеуімен поп және рок музыкада, кинода кеңінен қолданылады.
Екінші бөлімде Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» шырқалды. Аргентиналық композитордың тангоның сыры тұнған музыкасы италиялық барокко мен латын америкалық сарындардың арасындағы «алтын көпір» секілді. Мұндағы құштарлық пен ырғақты сөзбен жеткізу қиын. Композитор осы шығармасын кейде бірге, кейде жеке орындаған деп айтады.
Сондай-ақ Камералық музыка кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов сиқырлы скрипка үнімен орындаған тамаша туындылары тыңдарманды тәнті етті.