
Ескелділіктер үшін екі әкімдік ғимаратын салынуына бар-жоғы екі ай ғана уақыт кеткен. Себебі нысандар блокты-модульдік жабдықпен қаланған. Әрбірінің құны 50 млн теңгені құрайтын қос нысанның құрылысын «Qaz Damu Construction» ЖШС жүргізген. Бұрын ауылдық мәдениет үйінің бір бөлігінде отырған әкімдіктегілер енді су жаңа нысанда маңызды шаруалармен айналысады. Оның үстіне жаңа ғимаратта шағын конференция залы да қарастырылған. Мұнда ауыл тұрғындарымен жиындар ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалған. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Елдос Ахметов қос ауылдың да тұрғындарын құттықтап, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарымен бөлісті. Биыл Қайнарлы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынатынын айтып қуантты.
Сол күні Сырымбет ауылында спорттық нысанның да лентасы қиылды. Жергілікті меценат ауылда қаңырап бос тұрған ескі амбулатория ғимаратын қайта жаңғыртып, ауыл балаларын спортқа бейімдейтін нысанға айналдырыпты. Ішіне заманауи жабдықтарды орналастырған қайырымды азамат өз қалтасынан 25 млн теңге қаржы жұмсаған. Күрделі жөндеуден өткен ғимарат ішіне жуынатын жерді де орналастырған. Аудан әкімі кәсіпкердің арқасында ауылдан әлемдік ареналарда топ жаратын бокс майталмандары шығатынына сендірді. Себебі меценат алдағы уақытта осы спорттық нысанда шыныққан спортшылардың алыс-жақын жерде өтетін додаларға бару-келу шығынын өз мойнына алып отыр. Сонымен қатар жергілікті әкімдік мамандарының сөзінше, кәсіпкер келер жылы нысан сыртындағы бос жатқан орынға футбол және волейбол алаңдарын салып бермек. Осылайша, ауылдағы 350 баланың уақыты бос өтпей, спортпен шұғылдануына жағдай жасалды.
Бұл ретте Жалғызағаш ауылының тұрғындары да сыйсыз қалмады. Ауылда су жаңа ветеринария пункті пайдалануға берілді. 15 жылдан бері басқа ғимараттан жалға алып келген ауылдың мал дәрігерлері енді заманауи ғимаратта уақыт талабына сай қондырғылармен жұмыс істемек. Себебі олардың жедел әрі тиімді жұмыс істеуі үшін 11 компьютер, 11 планшет, төрт түлікке салынған чипті сканерлейтін қондырғы және жаңа көлік берілді. Оның үстіне ғимаратта дәрі-дәрмек сақтайтын қойма да қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына аудандық бюджеттен 11 млн теңге бөлінген. Оны да «Qaz Damu Construction» серіктестігі жүргізген. Айтпақшы, аудандағы мал дәрігерлеріне биыл бөлінген екі көліктің бірі Алдабергенов ауылындағы ветеринария пунктіне беріліпті.
Ақсу ауданына қосылып, бұрынғы кескін-келбетінен айырыла бастаған Қапал ауылы бүгінде қайта жаңғырып жатыр. Соның айғағындай Қапал ауылдық округінде жаңа әкімдік ғимараты пайдалануға берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Берік Тынышбаев, ауыл ақсақалдары, ауыл тұрғындары қатысты.
«Ауыл көркіне сән қосқан жаңа әкімдік ғимараты елді мекеннің болашағын баянды, келешегін кемел етуге септігін тигізетініне сенемін. Ауыз су жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі жұмыстар жалғасын табады деген ойдамын», деді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Сәбит Әбікенұлы.
Сапалы әкімдік ғимаратында мәжіліс залы, мамандарға арналған 6 жұмыс бөлмесі бар. Бұл нысан алдағы уақытта халық игілігі үшін қызмет көрсетеді. Жиын соңында ауыл қариялары елді мекенді еңселендіруге үлес қосып, елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.
Көпке мәлім «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылғы жаздың ортасынан бастап Астана қаласында Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының және орталық мемлекеттік органдардың бірыңғай фронтофисі ретінде Үкімет аппаратының жанынан азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істеп келеді. Осы ретте облыс орталығында Жетісу облысы әкімдігінің жанынан құрылған Азаматтарды қабылдау орталығы ашылып, халықты бір қуантты. Орталық тұрғындарға электронды-цифрлық қолтаңбамен түрлі анықтамалар бере алады. Өтініштерді қабылдауды бірыңғай жүйелі консультациялауға, жеке қабылдаулар мен тіркеу жүргізуге маманданған. Яғни орталық базада азаматтар кез келген уақытта мемлекеттік органға өтініш бере алады. Сондай-ақ атқарушы билік өкілдері өтініші келіп түскен азаматтармен кездесу өткізеді.
Осы орайда облыстық денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, жер қатынасы, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынасы сияқты мемлекеттік органдардан 19 қызметкер арнайы орталыққа жіберілді. Сонымен қатар алдағы уақытта орталықта жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды қабылдау шарасын өткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте өңірдегі 32 басшының қабылдау кестесі толығымен бекітілді.
Жетісу облысы