Саясат • 01 Ақпан, 2024

Сайлау – конституциялық-құқықтық өлшем

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай «Maqsut Narikbayev University»-де «Сайлау мемлекеттік биліктің заңдылығын қамтамасыз ету механизмі ретінде: конституциялық-құқықтық өлшем» атты дөңгелек үстел өтті.

Сайлау – конституциялық-құқықтық өлшем

Құрылтайшылардың идея­сымен бұл күні бүкіл назар азаматтардың сайлау құқық­тарын қамтамасыз ету және сайлау үдерісін жетілдіру мәселелеріне аударылуы керек. Дөңгелек үстелге университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, ОСК жанындағы Сарапшылық кеңес мүшелері, ОСК өкілдері, студенттер қатысып, Ыстанбұл университетінің деканы, құқық докторы Фитхи Гедикли құт­тықтаухатын жолдады. Іс-шара­ның модераторлары – Сарап­шылық кеңес мүшелері, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов пен Индира Әубәкірова.

Басқосуда ОСК төрағасы Нұр­лан Әбдіровтің құттықтау сөзін ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов оқып берді. Ортсайлаукомның басшысы құттықтаухатында азаматтардың сайлауға қатысуға ажырамас құқығы мен азаматтық бостандықтарды құрметтеуді білдіре отырып, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының сайлауын ұйым­дас­тырушылар бұл күнді кәсіби мереке ретінде таниды. Бұл күні сайлаушылардың сайлау мәдениетін арттыруға бағыт­талған түрлі маңызды іс-шара өткізу дәстүрге айналды», деп атап өтті.

Индира Әубәкірованың айтуынша, 2024 жыл сайлау науқанына толы, әлем бойынша халықтың жартысынан көбі сайлау үдерісіне қатысады. «Биыл 60 мемлекет ұлттық дең­гейде сайлау өткізеді, оның ішін­де Еуроодақтың елдері, АҚШ, Үндістан, Индонезия және бас­қа да мемлекеттер бар», деді ол.

Басқосу барысында ғалым Қабдулсамих Айт­хожин «Қазақстан Республи­касы­ның сайлау құқығы: қазір­гі жағ­дайы мен болашағы» тақы­ры­бында баяндама жасап, сай­лау мәдениетін арттыру бағ­дарламасын әзірлеуді ұсынды.

Сайлау науқандарын қаржы­лан­дырудың негізгі аспектілері туралы заң ғылымдарының докторы Алпысбай Жүсіпов айтып берсе, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Оразбаева конс­титуциялық реформа аясындағы сайлау институтына қатысты заңнамалық новеллаларға кеңінен тоқталды.

Іс-шарада профессор Марат Қоғамов Сайлау туралы Конституциялық заңға жақында басылып шыға­рыл­ған түсініктеменің тұсауке­се­рін өткізді. Ал профессор Ин­дира Әубәкірова іс-шара­ға қаты­сушыларды өз авторлы­ғындағы электоралдық онлайн-сөздікпен таныстырды. Сөздік Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, түсініктеме мен онлайн-сөздікті өткен жылы 7-8 желтоқсанда өт­кен халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференция кезінде Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай ОСК қол­дауымен ОСК жанындағы Са­рап­шылық кеңес мүшелері дайындаған болатын.

Сонымен қатар дөңгелек үстел­де университет магис­трант­тары сөз сөйлеп, еліміз­дегі сайлау циклінің ауқымды тақы­рыптарын, оның ерекшеліктері мен перспективалары жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Мәселе, магистрант Мади­на Болат 2022 жылғы конститу­ция­лық реформалардың нәти­жесінде сайлауда бәсеке­лес­тік пен азаматтардың Пар­ла­мент Мәжілісіне деген сені­мі артқанын атап өтсе, Зарема Маткенова еліміздің сайлау ценздары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін­іне назар аударды.

Сондай-ақ Дүниежүзілік сайлау күніне орай ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері – заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Эдуард Мұха­меджанов пен Лейла Жанұзақова Алматы қаласында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен «Тұран» уни­верситетінің студенттеріне тақы­рыптық дәрістер өткізеді.

Қоғамның назарын отандас­тарымыздың сайлау мәдение­тін арттыру мәселесіне аудару мақсатында республика бойынша Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында жастар арасында 260 астам түрлі іс-шара жоспарланған. Аумақтық сайлау комиссиялары ЖОО студенттерімен кездесулер, кол­ледж студенттерінің пікір­сайыстарын, дөңгелек үстелдер, ашық есік күндерін, мемлекеттік қызметшілер, ҮЕҰ және саяси партиялардың өкілдерімен кездесулер, жоғары сынып оқушыларына арналған сынып сағаттарын, көрмелер, түрлі конкурс, олимпиада мен викторина ұйымдастырады. 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда жер сілкінді

Экология • Кеше

Жүз жастан асқан кейуана

Аймақтар • 10 Мамыр, 2025

Ұлы дала жорығы басталды

Спорт • 10 Мамыр, 2025