15 Маусым, 2010

ЖАСТАР ЖАҢА БИІКТЕРГЕ ҰМТЫЛАДЫ

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақтөбелік жастардың “Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” марафон-эстафетасының алғашқы кезеңінің қорытындысы шығарылды. Облыс әкімінің бас­пасөз қызметінің хабар­лауынша, облыстың білім беру ұйымдарынан марафон-эстафетаға қатысушылар осы кезеңде 373 гектар саябақтар мен гүлзарларды көріктендіріп, 689 гектар өзен жағалауларын тазар­тыпты. 158 ауылдың 666 көшесі тәртіпке келтірілген. Сондай-ақ орман жолақтарының 114 учаскесі қураған ағаштардан, 613,9 шақы­рым жол бойы тұрмыстық қал­дықтардан тазартылған. 253 сти­хия­лы қалдық үйінділері жойы­лып, 1736 тонна күл-қоқыс елді мекен­дердің сыртына шығары­лыпты. Марафон-эстафетаға қатысушылар 28 спорт ғимаратын жөндеген, 5867 гектарға гүлдер және көк шөп егіп, 30 000 ағаш көшеттерін отырғызған. Аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған облыс басшысы ақтөбе­лік жастардың өз өлкесін көрік­тендіруге, көгалдандыруға үлес қоссам деген ізгі ниеті мен шына­йы патриоттық қозғалысына атүсті қарауға болмайтынын жеткізді. Ол ел ауқымында қолдауға ие болған ақтөбелік жастар бастамасын жүзе­ге асыруға қаржы толық қарасты­рыл­ғанын, оның жастарға еңбек­ақы төлеуге де, көлікке, киіндіруге және тамақтандыруға да кететін шығындарға жететінін мәлім етті. Ендігі мәселе жұмыстың жергілікті жерде қалай ұйымдастырылуына байланысты екеніне тоқтала келіп, тек жастарды ғана емес, белсенді ата-аналарды және ардагерлерді де ынталандыру қажеттігін айтты. Облыс басшысы атқарылған жұ­­мыс, жастардың еңбегін ұйымдас­тыру жайында ақпараттарды өзара тексеруге назар аударды. Тамыз­дың аяғында еңбектің барлық бағыттары және облыстың барлық өңірлері бойынша нақты нәтиже көрінетінін еске салып, сол кезде ұятқа қалмаудың қамын қазірден бастап ойластыруды міндеттеді. Бастама көтерудің жауапкерші­лігін түсінген ақтөбелік жастардың жаңа легі еңбек эстафетасын жалғастыруға кірісті. Осы аралықта Павлодар қаласында өткен “Бірлі­гіміз жарасқан!” атты ІІІ республи­калық форумнан оралған ақтөбелік делегация басшысы – облыстық ішкі саясат басқармасы бастығы­ның орынбасары Сырым Әбдірах­манов­тың мәлімдеуінше, біздің облыстың бұл марафон-эстафетаға 1 миллиард теңге бөлгенін, бел­сен­ді еңбек еткен жастарды қол­дау­ға облыс әкімі Елеусін Сағын­дықов 60 автокөлік, 1 мың ноут­бук, Астана қаласына қыдырып қайтуға 2000 жолдама беретінін жеткізгенде, осы шараға қатысуға жер-жерден келгендердің бәрі таңғалыпты. Сол форумға қатыс­қан 14 ақтөбеліктің ішінен Ақтөбе хром қосындылары зауытының 5-цех жұмысшысы Кәрім Дүй­мұха­нов пен “Ақтөбемұнайгаз” АҚ Жаңа­жол мұнай-газ өңдеу зауыты­ның инженер-технологы Әкім­герей Ертаев “Бірлігіміз жарас­қан!” құрметті ерекшелік белгісі­мен марапатталыпты. Міне, “Ауылдың гүлденуі – Қа­зақ­станның гүлденуі” атты бастама көтерген ақтөбелік жас­тар­дың жазғы демалыстарында қоғам­ға қажетті іспен айналысып, туған ауылын, өскен өңірін көркей­туге, көріктендіруге жұмылып жат­қан өнегесінің өміршеңдігі де осын­да болса керек. Жастарды қол­да­ған жергілікті биліктің қам­қорлығы зая кетпей, бұл бағытта табыстың ауылы да қоңсы қона­тынына аралық кезеңнің қоры­тын­дысы да сендіре түседі. “Бала­панды күзде санайды” деген­дей, жастар еңбегінің қанша­лықты қай­тарымды болғанын Ата Заңы­мыз­дың 15 жылдығы мереке­лене­тін үстіміздегі жылғы 30 тамыз­да біле­тін боламыз. Оған дейін талай шаруа­ның басы қайыры­латыны сөзсіз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.