15 Маусым, 2010

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР АЯСЫ КЕҢ

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен дәстүрлі брифинг өтті. Брифинг барысында ресми өкіл ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Қырғызстанда қалыптасқан жағдайларға байла­нысты мәлімдемесін оқып берді. А.Абдрахмановтың айтуын­ша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Қырғызстандағы жағдайды ретке келтіру мақсатында Парламент Мәжілісі Төрағасының орын­басары Жәнібек Кәрібжановты және БҰҰ хатшылығының қақ­тығыстардың алдын алу жөнін­дегі орталығының жетек­шісін арнайы өкіл ретінде жіберген. Бұдан кейін ресми өкіл таяу күндерге жоспарланған іс-шаралар барысы жөнінде айтты. Мәселен, кеше, 14 маусымда Вена­да Қазақстан төрағалығы­ның басшылығымен қауіпсіздік саласындағы мәселелерге шолу жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жыл сайынғы конференциясы басталыпты. Бұл шара барысын­да аталған ұйымға мүше елдердің трансұлт­тық қауіп-қатерлерге қарсы күрестегі ынтымақтасты­ғының ахуалы мен келешегі, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту, Ұйымның қақтығыстар­дың ал­дын алу мен ескертудегі және болдырмаудағы рөліне қатысты мәселелер талқыланады. Ал 15-17 маусым күндері Лон­донда өтетін “Қазақстан: дамудың жаңа көкжиектері” атты жыл са­йынғы бесінші халық­аралық фо­румға және Қазақстан-Брита­ния сауда-өнеркәсіп кеңе­сі­нің кезекті 14-ші отырысына Қазақ­стан Пре­мьер-Министрінің бірінші орын­ба­сары Өмірзақ Шөкеев бастаған отандық делега­ция қатыспақ. Бұдан кейінгі кезекте ресми өкіл 17 маусымда еліміздің Эконо­ми­калық даму және сауда ми­нистрі Жанар Айтжанова бастаған отандық делегацияның Петерборда өтетін ТМД Эконо­микалық кеңесі­нің 46-шы отыры­сына қатысаты­нын, онда өзара экономикалық әріп­тестікті нығайту мәселелері қара­латынын атап өтті. Брифинг барысында сондай-ақ, 17-18 мау­сым аралы­ғында Венада Адам саудасына қарсы альянстың 10-шы кон­ферен­циясы өтетіндігі айтылды. “Ал 18 маусымда Еуропалық Одақпен саяси диалог орнату кестесіне сәйкес, Брюссельде “Қазақстан-Еуропалық Одақ” Ынтымақтастық комитетінің кезекті 10-шы отырысы өтеді. Онда Қазақстаның Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптес­тікті одан әрі дамыту мәселелері қаралмақ”, деді ресми өкіл. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.