
Мерекелік іс-шараға қатысушылар Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді тілге тиек етіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл үйрету мәселесі төңірегінде айтқан пайымды пікіріне қолдау білдірді.
«Мемлекет басшысы тіл мәселесінде құр байбаламнан гөрі, нақты іс қажет екенін дөп басып айтты. Мәселен, облыста 20 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Олар тек мемлекеттік тілді емес, ағылшын тілін, этнос өкілдерінің ана тілін оқытады. Рудныйдағы қандастардың қалауымен орыс тілі де оқытылып жатыр. Бір қуантарлығы, біздің орталықтарға өз еркімен келіп, мемлекеттік тілді үйренемін деушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Биыл біз 800-ден аса тыңдаушыға мемлекеттік тілді үйретіп жатырмыз. Мұның сыртында, әр ауданда, әр қалада «Сөйле Time» клубы бар. Бұл клуб еркін форматта жұмыс істейді. Клуб мүшелері, мысалы, музейге барып, сол жердегі жәдігерлермен танысады. Музей қызметкерлеріне қазақша сұрақ қойып, нақты бір жәдігердің атауын, тарихын түсініп, білуге тырысады. Қазақ театрына барып спектакль көріп, кейін одан кімнің не түсінгенін талқылаймыз. Дүкен, базарларға барып, сауда жасаймыз. 2022 жылдың сәуір айынан бері «ҚазРетро» клубы құрылып, сол арқылы егде кісілерге де қазақ тілін үйретіп жатырмыз. Бұл клубта қазір үш топ бар. Біз былтырдан бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп үлкен бір жоба бастадық. Бұл жобаның міндеті – емхана, аурухана қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету және аталған салада кездесіп жататын тілдік кедергілердің, осыған байланысты туындайтын түрлі келеңсіздіктің алдын алу. Біз денсаулық сақтау саласына қатысты терминдер мен сөз тіркестерін QR-кодқа салдық. Қажет болған жағдайда, емдеу мекемесінің қызметкері келушілермен осы QR-кодтың көмегімен тілдесіп, түсінісе алады. Мысалы, тіркеу бөлімінде отырған кісі тіл білмейтін болып шықса, жаңағы QR-ды ашады да, «Сәлеметсіз бе? Сіз қай дәрігерге келдіңіз? Терапевт сағат 10.30-дан бастап қабылдайды. Қазір 3 адам кезекте тұр», деген сияқты күнделікті қарым-қатынасқа қажет қарапайым сөз қолданыстарын пайдалана алады», дейді облыстық «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова.
Мерекелік алаңға төрт ауылға бөлініп, төрт отау тіккен тіл мамандары қонақтарына қазақ халқының бүгінде тұрмыстан тыс қалып, ұмытылып бара жатқан салт-жоралғысын көрсетіп, дәріптеді. Мысалы, Ахмет ауылы сахналаған «Деңгене» көрінісінде ауқатты үйдің біріне ат басын тіреген 2-3 бозбала отағасынан деңгене сұрайды. Деңгененің шарты қызық: үй иесi бiр семiз қой сойып, етін түгелдей қазанға салады. Ал жігіттер қазанның түбінде бір түйір ет қалдырмай, сорпасымен қосып iшiп-жеп кетуi керек. Қонақтар алдына келген асты тауысса, қойдың құны сұраусыз, тауыса алмаса, айыбына үйдің керегесіне екi қой байлап кетеді. Ахмет ауылына келген 3 сері жабылып, бір қойдың етін тауыса алмай, көпшілікті күлкіге қарық қылып, екі қой айыбын төледі де, жөндеріне кетті.
Ақ бидай ауылы құдалық, құда түсу кезінде жасалатын «қамшы ілу» жоралғысын, Ұлы дала ауылы «біз шаншар» дәстүрін, Қыдыр ата ауылы «ерулік» дәстүрін көрсетті.
«Бүгін өңірдегі тіл орталықтарының бәрі бас қосып, ұлттық киім киіп қана қоймай, қазақтың тілін, салт-дәстүрін насихаттап жатырмыз. Басты мақсат – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тіл үйрету орталықтарында білім алып жатқан тыңдаушыларымызға қазақтың қонақжай пейілін көрсетіп, наурызкөже беру. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлерімізді көрсетіп жатырмыз. Тыңдаушылар бүгінгі көріністерді құр тамашалап қана қоймай, мерекеден кейінгі сабақтарда осы іс-шарада көрген-білгенін тарқатып әңгімелейді, сұрақтарға жауап береді. Кейінгі жылдары өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы артып келе жатқанын айта кету керек. Қазір бұрынғыдай міндеттемейміз. Мемлекеттік қызметшілер де, қарапайым тұрғындар да тіл үйрету курстарына өздері келіп жазылып, оқып жатыр. Қазақ тілін насихаттап жүрген өзге ұлт өкілдері де бар. Соның бірі – Виктория Дорошкова. Вика тілді біздің орталықтан үйреніп шықты. Қазір Астанадағы Еуразия университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатыр», дейді Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досыбаева.
Мерекелік іс-шараның соңында тыңдаушылар мен ұлттық орталықтардың өкілдері сөз алып, орталық қызметкерлеріне ризашылық білдіріп, Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Мен өмір бойы қазақ халқының ортасында тұрып келемін. Наурыз Башқұртстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде ғана сақталған. Қазақ, башқұрт халықтарында Наурызды қарсы алудың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Наурыз күні башқұрт жастары үйді-үйді аралап, қариялардан бата сұрайды. Наурыз күні туылған ұл-қыздарға Наурызбай, Наурызбике деп ат қойған. Қазақтар наурызкөже дайындаса, башқұрттар карга буткахын, яғни қарға ботқасын пісіреді. Бұл тағам да жеті дәмнен тұрады. Мереке күні ауылда үлкен қазан көтеріледі. Оған үйді-үйден тары, бидай, арпа, жүгері, жұмыртқа әкеп салады да, сүт, май қосып қайнатады. Дастарқанға бәліш, бауырсақ, құймақ, жұмсақ нан, қымыз, сары май, ірімшік, чак-чак қойылады. Жұрт тамақтанып болған соң, қалған ботқаны құс қонатын жерлерге қойып, қарға асату рәсімін бастайды. Көпшілік ән айтып, би билейді. Ұлттық ойындар ойналады. Біз бауырлас халықтармыз. Мысалы, менің анам қыпшақ, әкем табын руынан», дейді «Азаттық» башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Фәрзана Бикешова.
Қостанай облысы