15 Маусым, 2010

“ЖОЛ КАРТАСЫ” ЖҮЗЕГЕ АСУ ҮСТІНДЕ

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкіметтегі селекторлық кеңесте “Жол картасын” жүзеге асыру жайы қаралды. Осы бойынша жасалынған баяндамада атап көрсетілгендей, қазіргі күні аталған бағдарламаны орындау жөніндегі жұмыстар неғұрлым серпінді сипатқа ие бола бастады. Осы бағдарлама бойынша үсті­міздегі жыл үшін 133 мил­лиард теңге қаржы бөлінсе, қазір соның 41 пайызы игеріліп отыр. Жұмыс әсіресе, Батыс Қазақстан облысы, Астана қаласы, Қоста­най және Маңғыстау облыс­тарында жақсы қарқынмен жүріп келеді. Бұларда бөлінген қаржы­ны игеру деңгейі 45 пайыздан асқан. Сондай-ақ осы бағдарлама­ның аясында қазірдің өзінде 21600 жұмыс орны ашылған. Кей­бір облыстарда жастар тәжі­ри­бесіне деген сұраныстың өткен жылға қарағанда арта түскендігі сезіледі. Жуықтағы “Нұр Отан” пар­тиясының Парламенттегі депу­таттық фракциясының ұсыныс­тары отырыс барысында назарға алынды. Осыған орай жүргізіле­тін жұмыстар сарапқа салынды. Отырыс барысында Премьер-Министр онлайн режіміндегі интерактивті байланыс арқылы барлық өңірлердің басшылары­мен байланысқа шығып, олар­дағы жағдаймен танысты. Астана және Алматы қалалары мен облыстар басшыларының айтуы бойынша “Жол картасын” жүзеге асыру барлық облыстарда қызу қарқын алған. Осы бағдар­ламаға бөлінген қаржының жыл аяғына дейін толық игерілетін­дігі, жоспарланған жұмыстардың ақыр аяғына дейін жеткізілетін­дігі мәлім болды. Аталған мәселені қорытын­дыла­ған Кәрім Мәсімов ми­нистр­лер мен облыс әкімдерінің алдына бірқатар тапсырмалар қоя келіп, бағдарламаны жүзеге асыру барысында үнемделген қаржыны ауылдық жерлердегі әлеуметтік жобаларды іске асыру­­ға бағыттау қажеттігін айт­ты. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне осы мәселе бойын­ша тиісті қаулы әзірлеп, оны бір аптаның ішінде Үкіметке енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігіне “Жол картасын” жүзеге асыру аясында үдемелі индустриялық-инно­вациялық бағдарламаға қажетті мамандарды әзірлеуге басымдық беру жөнінде тапсырма берілді. Парламенттегі депутаттардың атап көрсеткеніндей, жұмыссыз­дар құрылымында әйелдердің саны басым болып отыр. Осы жағдай ескеріле отырып, қажетті мамандықтар тізімі қайта қарастырылатын болды. Үкімет басшысы “Жол карта­сы” аясындағы қаржы ресурс­тарын тиімді пайдалану мәселе­сін ерекше атап көрсетті. Осы мәселенің орындалуын бақылау­да ұстау Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевқа жүктелді. Селекторлық кеңесте мәлім болғанындай, 2009 жылдың қо­ры­­тындысы бойынша игеріл­мей қалған 60 миллиард теңге бюд­жет қаржысының игерілмеу се­беп­тері анықталмақ. Осы үшін арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Оның алдына қаржыны игермеу­дің себептерін анықтау, осы үшін жауап беретін тұлға­лар­дың кінәсі­нің деңгейін анық­тау және оларды жазалау жөнін­де тиісті ұсыныс енгізу міндеттелмек. Премьер-Министр Парла­мент депутаттары тарапынан Парламентке ратификациялау үшін енгізілетін халықаралық келісім жобалары сапасының төмендігіне байланысты сыни ескертпелер айтылғандығын назарға ала келе, осы бағытта жіберілген әрбір қателіктің келісімнің мазмұнын бұрмалауға ықпал ететінін, ал мұның өзі Қазақстан беделіне салқынын тигізетіндігін атап көрсетті. Осыған орай мемлекеттік орган­дарға халықаралық шарттардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігін қамтамасыз ету тапсырылды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.