Аймақтар • 04 Сәуір, 2024

Су қоймалары кемеріне жетті

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында су тасқынынан төнетін қауіп сейілген жоқ. Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Темір, Саз­ды, Жіңішке, Қарғалы өзендеріндегі су деңгейі төмен­деме­ді. Соған қарағанда жағдай әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін.

Су қоймалары кемеріне жетті

2 сәуір күні түнде Жіңішке, Сазды өзендерінің деңгейі күрт көтеріліп, екі өзеннің Елекке құяр тұсында орналасқан Вохр, Ма­хамбет елді мекендеріне айтар­лықтай қауіп төндірді. Қала әкімі Азамат Бекет бастаған топ өзен жағалауын топырақпен бекіту жұмыстарын жүргізді. Елек өзені арнасынан асса, жағалаудағы үйлердің тұрғындары қайтадан уақытша орналастыру орындарына көшіріледі. Су тасқынына байланысты құрылған өңірлік жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.

30-31 наурызда Ақтөбе қала­сы мен Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарында төтенше жағдай жарияланып, су басу қаупі төнген жерлерден 6 931 адам эвакуацияланды, оның 2 777-сі – балалар. Су тас­қынынан 762 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 189 аула, 99 сая­жай үйлері зақымданды. Ойыл ауданының Қаратал, Екпетал ауылдарының бүкіл үйі тасқын астында қалды. Елді мекендерден 7 072 жануар қауіпсіз жерге шығарылды, 3 мың бас мал суға кетті. Бүгінде уақытша орналастыру орындарында 2 649 адам тұрып жатса, 1 730-ы өз үйлеріне оралды. 20 мектепте эвакуациялық пункттер жұмыс істеп, 33 мектептің 24 мың 896 оқушысы қашықтан оқуға кірісті.

Ақтөбе қаласы мен бес ауданда су тасқынынан келтірілген залалды анықтау жөніндегі комиссия жұмысқа кірісті. Үй, мал-мүлкі бүлінген тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсетуге өтініш білдірген азаматтардың қаржысы «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының есепшотына түседі. Кеше Түркістан облысынан 30 тонна азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар тиелген керуен жетті. Қазіргі уақытта облыс пен бес аудан орталығында су тасқынына байланысты құрылған комиссия мүшелері су басқан жерлердегі әр үйді аралап, есепке алып жүр. Олар арасында су кірмеген үйлерді де анықтады. Енді қала­дағы Елек пен Қарғалы өзен­дері жағасында көктем-жаз­да бақша егіп, күз бен қыста бос тұратын кішкентай саяжай үй­лері үшін өтемақы төлеу қажет пе деген сұрақ туындап отыр. Ондай саяжай үйлерінің санын анықтап, иелерімен кездесу учаскелік инспекторларға жүк­телді. Сондай-ақ тасқыннан зар­дап шеккендердің арасында тұрып жатқан үйлерінің құжаты жоқ адамдар да бар. «Соған қарамастан дүние-мүлкі істен шыққан, көмекке мұқтаж жандардың тізімін комиссия мүшелері анықтайды», дейді «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының жетекшісі Абдухат Мырзалин.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймаларының жағдайы да – алаңдатарлық күйде. 245 млн текше метр сыйымдылығы бар Ақтөбе су қоймасы бүгінде 89%-ға толған. 27 наурыздан күні бүгінге дейін оның шлюздерінен секундына 500 текше метрден су жіберіліп жатса да, жан-жақтан тоқтаусыз құйылып жа­тыр. Соңғы аптада осы су қойма­сынан 246 млн текше метр су жіберілді. Сондай-ақ Ақтө­бе қаласының оңтүстік-батысын­дағы 10 шақырым қашықтықта орналасқан, сыйымдылығы 6 млн текше метр болатын Сазды су қоймасы да ернеуіне дейін толды. Қаладан 60 шақырым қашықтықта, 280 млн текше метр сыйымдылығы бар Қарғалы қоймасында 245 млн текше метр су жиналған. Осы жағдайға байланысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақтөбеге келді және жаңадан төрт су қоймасы салынатыны туралы хабардар етті.

«27 наурыздан бастап Ақтөбе су қоймасына 200 млн текше метрден аса су құйылып, барлық вегетациялық кезеңде толығатын мөлшері екі-ақ күнде жиналды. «Қазсушар» РМК филиалы мамандары, жергілікті мемлекеттік органдар, ТЖД қызметкерлері Ақтөбе қоймасынан су жіберіп, Елек өзенінің төменгі жағындағы үйлерді түгел шайып кетуден сақтап қалды. «Қазгидромет» бол­жа­мына сәйкес 5 сәуірге дейін әлі де Ақтөбе су қоймасына 210 млн текше метр, Қарғалы су қой­ма­сына 180 млн текше метр су келеді. Енді екі су қоймасынан шық­қан судың Елек пен Қарғалы өзендерінің қосылған тұсында арнасынан шығып кетпеуін «Қаз­сушар» филиалы мамандарымен бірлесе бақылаймыз», дейді.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қаламгер һәм қайраткер

Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Жеңіл табыс жерге қаратады

Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Микроқаржы сергелдеңі

Қаржы • 25 Мамыр, 2024

Болмысы биік тұлға

Тағзым • 25 Мамыр, 2024

БАҚ пен тіл

Сұхбат • 25 Мамыр, 2024

Тасқын су толастамай тұр

Аймақтар • 25 Мамыр, 2024