Қоғам • 04 Сәуір, 2024

Депутаттар Яндекс таксидің бағасына шағымданып, тарифтерді төмендетуді ұсынды

55 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Депутаттар Қазақстандағы "Яндекс" такси агрегаторының жүргізушілер мен жолаушылар үшін комиссияcы тым жоғары екенін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттар Яндекс таксидің бағасына шағымданып, тарифтерді төмендетуді ұсынды

"Қазақстан халық партиясы" фракциясының бес мүшесі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс депутаттары "Яндекс.Такси" және қазақстандық нарықта жұмыс істейтін басқа да компаниялар үшін комиссиялық мөлшерлемелерді төмендетуді талап етті.

Депутаттар такси саласында қызмет көрсететін компаниялардың қызметі үшін комиссияны тапсырыстың 5-7% дейін төмендетуді немесе бір тапсырыс үшін 50 теңгеден 70 теңгеге дейін белгіленген төлем бекітуді ұсынып отыр. Депутаттар такси саласында платформалық жұмысқа орналасуды ұсынатын қазақстандық компаниялардың дамуын қолдау тетіктерін әзірлеуді ұсынды.

Қазақстан такси қызметінің құны бойынша әлемдік рейтингте 73-орында тұр. 2024 жылдың наурыз айының соңында такси құны бір шақырымға 0,67 долларды құраған, бұл барлық ТМД елдеріндегі көрсеткіштерден асып түседі.

Депутаттар Яндекс.Таксиді “монополист" деп атады. Олардың айтуынша, компанияның Қазақстандағы өсуі нарықты бақылауына және оған әсер етуіне мүмкіндік береді.

Яндекс.Таксиде комиссия тариф пен аймаққа байланысты бір сапар үшін 11%-дан 17%-ға дейін өзгеріп отырады. Таксопарктардың төлемақысы 4% құрайды. Қазір Қазақстанда 200 000 адам “Яндекс.Такси” арқылы табыс тауып отыр, оның 50 000-ы үшін бұл олардың негізгі табысы. Депутаттар адам тасымалдау арқылы қосымша табыс табу ақшаның жоқтығымен байланысты екенін айтты.

- Біз азаматтардың такси қызметіне жоғары баға төлеуін әділетсіздік деп санаймыз, ал жүргізушілер бұл соманың аз ғана бөлігін таза табыс түрінде алады, – делінген депутаттық сауалда.

Құжатқа Қазақстан халықтық партиясының депутаттары Кенжеғұл Сейітжан, Ислам Сұңқар, Ирина Смирнова, Гауһар Танашева және Мегаррам Мегаррамов қол қойды.