Спорт • 04 Сәуір, 2024

Спорт саласында 39 жемқорлық фактісі анықталған

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы 6 жылда спорт саласына бөлінетін бюджет көлемі 2 есе өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спорт саласында 39 жемқорлық фактісі анықталған

Коллаж: Әбілқасым Есентаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте Агенттік Төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша ведомствоаралық мәжіліс өтті.

Мәжіліс жұмысына Агенттік Төрағасы А. Жұмағалимен бірге Туризм және спорт министрі Е.Б. Маржықпаев, Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Г.Г. Головкин, Астана қаласының әкімі Ж.М. Қасымбек, қаржы және цифрландыру вице-министрлері, «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы, қоғам қайраткерлері, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар қатысты.

Жиын барысында елімізде спортты дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттың ұтымсыз және тиімсіз жұмсалуына әкеп соқтыратын елеулі жемқорлық тәуекелдері мен факторларының болуын көрсеткен сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.

Агенттік 2024 жылдың басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысын тіркеді.

Тек соңғы 6 жылда аталған саладағы бюджет 2 есе өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Осыған қарамастан, Қазақстанның әлемдік спорттағы көрсеткіштері құлдырап барады.

Осы сала бюджетінің 90%-ы жұмсалатын «жоғары жетістіктер» және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасында теңгерімсіздік байқалған.

«Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды. Егер бұқаралық спортта қазір цифрландырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, аз бақылау, аффилирленген қатысушылар, жалған оқу-жаттығулар және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған», деді Агенттік Төрағасы.

Спорттық процестерде цифрландырудың болмауы жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қаражаттың жымқырылуына қолайлы жағдай туғызады.

Мәселен, екі жыл бұрын жоспарланған «Е-sport» ақпараттық жүйесі осы уақытқа дейін іске қосылмағанын айта кету керек. Одан бөлек «Спорт шебері» жалған атағын беру деректері анықталды.

Мәжілісте Қазақстандағы спортшыларды натурализациялау, кәсіби клубтардың бюджеттерін қалыптастыру және легионерлерге төлемдерді қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Ел Президентінің бюджет пен жалақы мөлшерін шектеу жөніндегі тапсырмасына қарамастан, еліміздің футбол кәсіподақ клубтары соңғы 3 жыл ішінде 30 млрд теңгеден астам үстеме ақы төледі. Сонымен қатар өзінің спорттық инфрақұрылымын дамытудың орнына бюджет қаражаты легионерлерге төлем жасауға және спорт нысандарын жалға алуға жұмсалды.

Талдау қорытындысы бойынша Агенттік салалық министрліктің атына жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсынымдар енгізді.