Байқау • 04 Сәуір, 2024

Ташкентте топ жарды

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыс күні Ташкенттен ақжолтай хабар жетті. Қарағандылық жас өнерпаздарымыз Өзбекстан астанасында өткен «Таланты Spring Fest» халықаралық өнер байқауында топ жарып, елге олжалы оралды.

Ташкентте топ жарды

Балалардың бұл өнер байқауына Қара­ғанды, Павлодар, Петропавл, Алматы, Астана, Қосшы қалаларының жас өнер­паздары қатысып, ел намысын қорғаған еді. Өңірімізден барған елу жылдық тарихы бар Ботақара кентіндегі «Руханият» өнер орталығының «Руханият» ансамблі «Ер-Тұран» күйін күмбірлете орындап, қатысушылардан қара үзіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ансамбль құрамындағы өнерлі жастар жеке орындау бойынша да бақ сынасып, өз жас санаттары бойынша жүлделі бірінші орынға ие болды.

Атап айтсақ, Нұрғиса Сәлімов, Ерасыл Игілік, Нұрмұхамед Үкібас, Бекарыс Серік, Нұрасыл Қуандық лауреат атанды. №2 музыкалық мектептің шәкірті Нұрасыл Жәлелұлы дауылпаз аспабын аз ғана уақыт­тың ішінде үйреніп алған. Ол жеке өзі Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындаған. Яғни екі аспапта да еркін ойнайды. Мұнымен қоса, жас өнерпаз «Қарақат» мектеп студиясында тәлім алып жүр.

«Туған күніме әкем домбыра сыйлады. Содан оны тез үйренгім келіп, үйірмеге жазылдым. Дауылпазда ойнауды жақында ғана меңгеріп алдым. Бұл аспап домбыраға қарағанда жеңіл. Қазір «Адай» күйін үйре­ніп жүрмін. Жиырмаға жуық күй тарта аламын», – дейді өнерлі Нұрасыл.

Мұнымен қоса, ансамбльдегі Нұрғиса Сәлімов халық әндері аталымында өнер көрсетіп, жүлделі екінші орыннан көрінді.

Ансамбль жетекшісі Жазираш Бимар­денова үкілеп апарған шәкірттерінің жо­ғары өнер көрсеткеніне дән риза.

– Үмітіміз ақталды. Өнерлі балаларымыз ұлттық аспапта күй орындау, халық әндерін айту, эстрадалық бағыт бойынша да бақ сынасты. Осы ретте, ата-аналарына айрықша алғысымды жеткізгім келеді. Шәкірттерім бірінші рет халықаралық бай­қаудан жүлделі болып тұр. Оның үстіне бас жүлде алғаны біз үшін зор мәртебе, – дейді жетекші ұстаз.

 

Қарағанды облысы