Шымкент • 04 Сәуір, 2024

Жүсіпбек Аймауытұлы колледжі

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының есімі берілген жаңа колледж ашылды.

Жүсіпбек Аймауытұлы колледжі

Мазмұнды іс-шараға универ­ситеттің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқа­рушы Гүлжан Сүгірбаева, Шым­кент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қонақтар колледждің салтанатты ашылу лентасын қиып, жүрекжарды лебізін білдірді. Алғашқы сөз кезегі тиген ректор міндетін уақыт­ша атқарушы Г.Сүгірбаева жинал­ған қауымды қайта түрлен­ген жаңа оқу ғимаратымен құт­тықтап, Алаш қайраткері атын­дағы колледж студенттерін сол атқа сай лайықты білім алуға шақырды.

«Колледжді Ж.Аймауыт­ұлы­ның атымен атауымыздың рәміздік мәні бар. Өйткені Алаш арысының өмірінің соңғы сәттері Шымкентте өткен. Сондықтан бұрынғы техникум болған қазіргі педагогикалық университетпен қайраткер тағдыры тығыз байланысты. Қазақ педагогикасының бастау бұлағында тұрған тұлғаға былтыр оқу ордасында мемориалды тақта орнаттық. Ал колледжді ашудағы басты мақсатымыз – ұрпақ сабақтастығын жалғап, озық ойлы, бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау болып отыр», деді ол.

Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек колледждің білім берудегі бағыт-бағдарына тоқ­талып, Алаш идеясының тарихи мазмұны туралы ой толғады.

Құттықтау легінен кейін қо­нақтар Ж.Аймауытұлына арнап ашылған бюстке гүл шоғын қойды. Университеттің өнерпаз жастары көрнекті қаламгердің «Алаш ұраны», «Алаш маршы» атты әндерін орындады. Содан кейін жиналғандар оқу ғимаратының оқу-өндірістік шеберханасымен, спорт алаңымен танысты.

Колледжде бастапқы кезде педагогика саласының үш бағыты бойынша мамандар оқы­тылады. Олар: «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», «Көркем еңбек». Ұстаз­дар­­дың айтуынша бұл колледж түлектерінің университетке дайын студент болып келуіне септігін тигізеді. Сонымен бірге жоғары оқу орнына түсу талабын жеңілдетіп, қысқа мерзім ішінде диплом алып, мұғалім атануына мүмкіндік береді. Келешекте бұл колледжде Ж.Аймауытұлы мұрасын жалғастырушы педагог мамандар даярланады. Ал арнаулы оқу орнының ашылуымен Шымкенттегі кәсіптік білім беруші мекемелер қатары тағы да көбейе түсті.

 

ШЫМКЕНТ