Алматы • 05 Сәуір, 2024

Жер сілкінісінен сақтандыру міндетті бола ма?

64 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сақтандыру компаниялары табиғи апаттардан мүлікті сақтандырудың әртүрлі өнімін көптен бері ұсынып келе жатқанымен, олар тұрғындар тарапынан сұраныстың төмендігіне байланысты кеңінен танымал бола алмады. Бірақ алып шаһарды дүрбелеңге салған екі қуатты жер сілкінісі жағдайды күрт өзгертіп, апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру мәселесін күн тәртібіне қайта шығарды.

Жер сілкінісінен сақтандыру міндетті бола ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Республикамызда апат нәтижесінен туатын залалды сақтандыру міндетті түрге жатпайды, бірақ азаматтар мүлікті өз қалауы бойынша сақтандыра алады. Бұрын көпшілік бұл полисті сатып алуға аса мән бермеген болса, қаң­тар мен наурыздағы күшті дүм­пу­­лер­ден кейін жылжымалы және жыл­жы­майтын мүлікті сақтандырғысы келе­тіндер қатары айтарлықтай артқан. Сақтандырушылардың айтуынша, алматылықтар жиған-терген мүлкі үшін алаңдай бастапты.

«Еуразия» сақтандыру компаниясы­ның дерегінше, азаматтар арасында жер сілкінісі болған жағдайда мүлікті ерікті сақтандыру шарттарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда биыл алғашқы екі айда 80%-ға өскен. Сөйтіп, алғашқы екі айда ел бойынша жеке тұлғалар жер сілкінісі, басқа да апатты тәуекелдер жағ­дайында 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырған.

Алайда жеке тұлғалардың мүлкін сақтандыру деңгейі бүкіл ел бойын­ша өте төмен болып қала береді. Өйт­ке­ні бұл өсім төмен базаның әсері есебі­нен қалыптасып отыр. Бұдан басқа ипотекалық несие берумен айналысатын банктер арасында жер сілкінісі жағдайында сақтандыру талап етіледі. Десек те мүлікті сақтандыру кезінде келісімшарттың мерзімі әдетте 1 жылды құрайды. Кейінгі жылдары қарыз алушылар жылжымайтын мүлікті одан әрі сақтандырудан бас тартып та жүр. Тұтастай алғанда, мүлікті ерікті сақтандырудың ену деңгейі өте төмен. Яғни Алматыда немесе кез келген бас­қа ірі елді мекенде жойқын жер сілкі­нісі бола қалған жағдайда мемлекетке, оның бюджеті мен резервтеріне орасан зор жүктеме түседі. Мамандар аза­маттардың мүлікті сақтандыруға асық­пауының басқа да себептерінің арасында апат болған жағдайда мемлекетке үміт артуын, әртүрлі тәуекелді жүзеге асыру ықтималдығы мәселелеріндегі кейбір тежелуді атайды.

Республикамызда сақтандырылған барлық тұрғын үй нысанының үлесі 2%-дан да аз. Еліміздің шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақта орна­лас­қанына қарамастан, азаматтар сақтан­дырудың маңызына назар аудармайды. Ресми статистикада көрсетілгендей, былтыр елде барлығы 2,52 млн тұрғын үй, оның ішінде 307,9 мың көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Бұл ретте 170,28 мың нысан Алматыда, 267,1 мың нысан Алматы облысында – еліміздің ең сейсмикалық қауіпті өңірлерінде орналасқан. Жаңа сақтандыру шарттарының жартысы, яғни 50,4%-ы Астанаға тиесілі болса, Алматының үлесі – тек 14,85%.

Әзірге жылжымайтын мүлікті қор­ғауға тек бизнес қана жоғары ынта, жауапкершілік танытып отыр. Қаңтар-ақпан айларында заңды тұлғалар арасында апатты тәуекелдер болған жағдайда мүлікті сақтандыру шарттарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 4,1%-ға өсті.

Өткен жылғы Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін елімізде апатты тәуекелдерден міндетті сақтандыру тақырыбы қайтадан талқылана бастаған. Ал биылғы Алматыда болған күшті дүмпулер мәселені кешенді талдаудың маңыздылығын тағы да еске салды. Дегенмен жер сілкінісінен туындаған мүлікке келтірілген зиянды өтеудің жалғыз мүмкіндігін халық үшін жаппай қолжетімді ету жағы әлі пісіп-жетілмей келеді. Сақтандыру өнімдеріне деген сұраныстың өсуі халықтың нақты табысы мен әл-ауқатының артуымен сабақтаса, өз сағатымен өрбіп отыратыны айқын. Бұл тұста әл-ауқаттың жалпы деңгейі халыққа қаражатты ерікті сақтандыруға бағыттауға мүмкіндік бер­мейтіні айтылып жүр. Сақтандыру тарапының өкілдері «жер сілкінісі қаупі жанында төлем қабілеттілігі екінші орында қалады», дейді.

«Басқа елдердегідей қайғылы оқиға­ларды болдырмау үшін ерте бастан қамдану керек. Алматыдағы орташа пәтер үшін жер сілкінісінен жылдық сақтандыру құны жылына шамамен 20 мың теңгеден немесе айына екі мың теңгеден басталады, бұл онша көп емес. Сонымен қатар мүлікті жаппай сақтандыру аясында тарифтер де төмендеп, сақтандыру одан да арзандай береді», дейді компания өкілдері.

Бұл жерде апат сипаты әр өңірде әртүрлі екенін, бұл ерекшеліктердің сақтандыру құнына да әсер ететінін ескеру маңызды. Қалай дегенмен, еліміз тым үлкен, географиямыз әр алуан болған­дықтан, барлық тұрғынға бірың­ғай тариф енгізу мүмкін емес. Бір аймақ­ты жер сілкінісі мазаласа, екіншісі судан төнген қауіппен күн кешіп жатыр.

«Еуразия» СК басқарма төрағасы­ның орынбасары Самат Қабдолов біз үшін Жаңа Зеландия мен Жапония қолданатын сақтандыру бағдарламалары қолайлы деп есептейді. Айтуынша, сейсмологиялық тұрғыдан өте қауіпті аймақтарда орналасқан бұл мемлекеттер мұндай бағдарламаларды 50-60 шақты жылдан бері қолданып келеді. Оған қоса бұл елдерде экономикалық жағдайды және алдағы уақытта болуы мүмкін тәуекелдерді ескеріп, нақты статистиканы жинақтау, бағдарламаны үнемі жетілдіріп отыру дағдыға айналған.

Сол секілді «Basel» сақтандыру компаниясының басшысы Олег Павлов бізге Түркияда қолданылатын жер сілкінісінен міндетті сақтандыру үлгісін енгізу керек деген пікірде. Бұл жерде мемлекет зілзаладан келетін зардап пен сақтандыруды таразы басына тең салып барып шешім қабылдауы керек.

«Мемлекет қайта сақтандыру пулын құру бастамасын көтеруі керек. Сондай-ақ жер сілкінісінен сақтандыруды цифрландыру арқылы қолжетімді еткен жөн. Бұл сақтандыру бағасының тиімділігіне, оны қызметтерді төлеу қосымшасына қосылу арқылы оңай сатып алуға ықпал етеді», деп ұсыныс білдіреді «Freedom Insurance» басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.

Сақтандырушылардың пайым­дауын­ша, Қазақстанда жер сілкінісінен сақ­тандыру төлемі жұмыс істеуі үшін бел­гілі бір тетік құру қажет. Бар­­­лық елде тәуекелдің бұл түрі мемле­кет­тік-жекешелік әріптестік арқы­лы сақтандырылады. Әдетте мемлекет бюджет есебінен жабу арқылы тәуекелді өзіне алады немесе  әлемдік сақтандыру көшбасшыларынан қайта сақтандыру бағдарламаларын сатып алады. Мұндай саясаттың пайда болуы – жаһандық тәжірибе, оны шешуге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сондай-ақ ел Үкіме­тінің қатысуы қажет. Сонымен қатар сақтандыру ұйымдары қайта сақтандыруды жеке жасаса, бұл өте қымбатқа түседі. Ірі, рейтингі жоғары қайта сақтандырушыдан жақсы қызметті жеке алу өте қымбат болғандықтан, дұрысы пулға кіріп, кәсіби басқарушы брокерді тауып, осы пул арқылы шетелдік қайта сақтандырушыға жүгіну тиімдірек. Сонда қызметпен қамту бағасы арзандап, тиісінше азаматтарға да салмақ түспейді.

Қазіргі уақытта сақтандыру өнімде­рінің ену деңгейінің төмендігіне байланысты сақтандыру компаниялары шығындарды жабуға қауқарлы. Егер халық жылжымайтын мүлікті жаппай сақтандыра бастаса, бұл саладағы ірі компаниялар қайта сақтандыру тетіктерін пайдалана алады. Алматыда қатты жер сілкінісі болса, елдегі барлық сақтандыру компаниясының капиталы сақтандыру төлемдеріне жетпей қалуы мүмкін. Ешбір жеке сектор апат салдарынан келуі мүмкін шығынды өтей алмайды. Қанша капитал салса да, кез келген сақтандыру ұйымы ауқымды апаттың алдында дәрменсіз болып қалады.

Бұл орайда Digital Almaty 2024 форумында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева қазір реттеуші мемле­кеттік деңгейде жер сілкінісі қаупі­нен сақтандыру моделін құру меха­низ­­мін әзірлеп жатқанын, алдағы уақыт­та ведомствоаралық жұмыс тобы құры­латынын хабарлаған еді. Осы бағыт­та реттеуші апаттан сақтандыру бойынша базасы бар Дүниежүзілік банк және Азия банкімен жұмыс істеуге ниетті.