Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Су тасқыны: Өңірлердегі ахуал

144 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әдетте көктемгі жауын-шашыннан толып, қор жинап қалатын кейбір өзен-көлдер, су қоймалары осы жолы кемеріне келіп, арнасынан асты. Тоң жібіген соң, қат­пар-қатпар қар еріп, қыр көрсетті. Су астында қалған ауыл-аймақ­та төтенше жағдай жарияланды. Жағдай – су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың назарында.

Су тасқыны: Өңірлердегі ахуал

Тасқынға байланысты Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Бірер күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың ескерусіз қалмайтынын айтты. Яғни апат аймағында қалған қауымға қаржылық және басқа да көмек көрсетіліп, материалдық шығындар толық өтеледі. Президент апаттың алдын алудағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тап­шы­лығы, тағысын тағы олқылықтарды түзеу керек екенін ескертті.

Қазір жедел іс-шаралар қабылданып, Үкімет қарғын судың салдарын жоюға мықтап кірісті. Жалпы, тасқын судың астында қалған өлкелерге атқарушы билік қана емес, тұтас ел алаңдаулы. Жомарт, қалталы азаматтар, кәсіпкерлер, ондаған мың волонтер қарайласып, бір жағына шығысып жатыр. Көрші Қырғызстаннан да гуманитарлық көмек келді.

Ақпараттық штаб апат аймақтарында мемлекет қабылдап жатқан іс-шаралар жөнінде күні-түні жедел әрі үздіксіз хабар таратып отыр. Мысалы, осы баспасөз жиынына Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева қатысып, қазіргі ахуал жа­йында баяндады. Министрліктің хабарлауын­ша, су қоймаларындағы қазіргі жағдай 1980 жылдан беріге дейін ең көлемді саналады. Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 99% толған. Екеуі де транзиттік режімде жұмыс істеп тұр. Ал Ақтөбе облысындағы 2 ірі  қойманың су жинау көрсеткіші орта есеппен 95%-ды құрайды екен. Сол секілді Шығыс Қазақстан облысындағы 5 ірі су қойманың орташа су жинау көрсеткіші 62%-ды құраған. Олардың барлығы штаттық кес­теге сай жұмыс істеп тұр. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 59% толған. Қарағанды облысындағы 4 ірі су қойма да толуға шақ тұр. Ондағы су қоймаларының су жинау көрсеткіші 98%-ды құрапты. Абырой болғанда, қазір бұл өңірде су тасқынының кезеңі өтті. Осыған қоса Қостанай облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 95% толса, Солтүстік Қазақстан облысының 2 ірі су қоймасы 100% толыпты.

– Су объектілерінде жедел іс-шаралар қабыл­дау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйым­дастырылып, су шаруашылығы жағ­дайына үздіксіз мониторинг жүргізі­леді. Министрліктің мыңдаған маманы мен 280 бірлік теxникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей су тасқыны және гидротеxникалық ұйым­да­рының жұмысы туралы өзара жедел ақпарат алмасып отыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ресей Федерациясы Су ресурстары федералды агенттігінің басшысы Дмитрий Кирилловпен телефон арқылы тұрақты байланыста. Тараптар гидро­теx­ни­калық нысандардың апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін екі елдің шекаралас аймақтарындағы су тасқыны жағ­дайын жіті бақылауда ұстап отыр, – деді М.Әбдуәлиева.

ав

Фото:Atyrau Press

Су астында қалған ауыл-аймақтардың тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсетіледі. Жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі бақылауға алған. Өңірлердегі барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру үшін күшейтілген режімде жұмыс істеп тұр. Су басқан аудандарға 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы тартылған. Ден­саулық сақтау ми­нистр­лігінің ресми өкілі Әйгерім Ораза­лие­ва­ның хабарлауынша, төтен­ше жағдай кезінде медициналық мекемелер тәулік бойы жұмыс істейді.

– Су тасқыны кезінде психологиялық көмек көрсету жұмысы ұйымдастырылды. Жедел штаб құрылып, 30 психолог жұмыс істеп жатыр. Жүкті әйелдер мен бала­лар­дың жағдайына ерекше назар ауда­рылады. Мәселен, өткен тәулікте Атырау об­лысы Құлсары қаласында пер­зент­ха­надағы жүкті әйелдер меди­ци­налық ұйымдарға эвакуа­ция­лан­ды. 39-40 апта мерзіміндегі жүкті әйелдердің бірі жедел медициналық жәрдем көлігінде босанған. Салмағы – 3 610 гр, бойы 55 см қыз дүниеге келді. Қазір босанған әйел мен бала – Бейнеу аудандық ауруханасында. Олардың жағ­да­йы – қанағаттанарлық. Су тасқыны бас­тал­ғалы барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар. Дәрігерлер әр баланың ден­сау­лы­ғын үнемі тексеріп бақылайды, – дейді Ә.Оразалиева.

Денсаулық сақтау министрлігі су басқан өңірлерде санитарлық-эпидемио­логия­лық саламатты қамтама­сыз етуге де көңіл бөледі. Қазір сумен жабдықтау нысан­дарында, мал қорымдары, кәріз­дерге және зираттарға мониторинг кү­шейтілген. Санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сына­маларын зерттеу жүргізіледі. 4 мың­­нан аса су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді екен. Жалпы, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш өткен екі жылдың қорытындысы бойынша орташа республикалық жылдық көрсет­кіштен аспайды. Эвакуациялық пункт­терде ауыз­су режімін және қауіпсіз та­мақ­­та­нуды ұйымдастыру жайы да назарда. Сани­тар­лық-дезинфекциялық режім сақталған. Министрлік апат аймақ­та­рында осы бағыт­тағы үйлесімді жұ­мыс­ты үзбейді.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар министр­лі­гі­нің таратқан ақпаратына зер салсақ, апат аймақтарында 12 әуе кемесі жауын­герлік кезекшілікте болады. Ми­нистр­лік тұрғын­дарды тек ресми деректер мен мем­лекеттік органдардың рес­ми өкілдері тарат­қан ақпаратқа ғана сенуге шақыр­ды. Министрлікке қарас­ты Төтенше жағдайларды жою департа­мен­тінің басшысы Қахарман Оразалин хабарлағандай, Ақтөбе, Қостанай, Пав­лодар, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында 3 391 жеке тұр­ғын үй, 1 059 саяжай үйі, түрлі мақ­сатта қолданылатын 79 ғимарат су астында қалыпты. Апат аймақтарынан 63 927 адам эвакуацияланған. Оның ішінде 15 283 бала бар.

– Уақытша орналастыру пункттерінде 13 328 адам, оның ішінде 6 842 бала бар. Олар қажетті тұрмыстық заттармен қам­тылған. Сонымен қатар 10 068 бас ірілі-ұсақ мал қауіпсіз аумаққа шығарылды. Төтен­ше жағдайлар министр­лігі, Қор­ға­ныс министрлігі, Ұлттық ұлан ұш­қыштары шеберлігінің арқасында 2 607 адам құтқарылды. Оның ішінде 760 бала бар. Орта есеппен тәулігіне 243 адам құтқарылған. Айта кетерлігі, құт­қару операциясы өте қиын жағдайда өтті. Тұр­ғындарды үйлердің шатырынан эва­куа­­циялау үшін арнайы техниканы, жүк­шығырларды пайдалану қажет болды. 96 тоннадан аса гуманитарлық жүк жеткізілді. 7,3 млн текше метр еріген су тартылды, 921 мыңнан аса қап және 970 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 8 789 адам, 1 756 бірлік техника, 415 су айдау және 65 жүзу құралы жұмылдырылды. 12 әуе кемесі жауынгерлік кезекшілікте жүр. Еліміздің 10 өңірінде әкімдіктер жергілікті төтенше жағдай жариялады. Сенім телефонына 973 қоңырау түсті. Барлық өңірде тәулік бойы жедел штабтар жұмыс істейді, – деп Қ.Оразалин қазіргі ахуалды баяндады.

«Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулованың айтуынша, қазір елдің қар жамылған аумағы 21%-ды құрады. Болжамға сәйкес 6-12 сәуір аралығында еліміздің басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Жауын-шашынды болады.

– Ауа температурасының біртіндеп төмендеуі елдің солтүстік-батысында, солтүс­тігінде, шығысында және орталы­ғында болжанады. Түнде -5-тен 6 градусқа дейін аяз болады. Күндіз -12-ден 10 градусқа дейінгі температура сақталады. Батыста ауа температурасы күндіз 10-нан 25 градусқа дейін көтеріледі. Ауа температурасы оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде 3 градустан 10 градусқа дейін, күндіз 12-ден 25 градусқа дейін, таулы жерлерде түнде 2 градус аяздан 3 градусқа дейін ауытқиды деген болжам бар, – деді А.Исмагулова.

Гидрологиялық және метеоро­ло­гия­лық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қаз­гид­­ромет» мекемесі су тасқыны қаупі тура­лы дабылды ескерту жасап, атқа­ру­шы ор­гандар мен тұрғындарға алдын ала хабарлап отырады.

Елдегі су тасқынына қатысты ахуал қыс­қаша осындай. Тасқынның алдын алу жұмыстары оң нәтиже беріп, барлық өңірде жағдай тұрақталса, апаттың салдарымен күреске көбірек көңіл бөліне бастайды. Су тасқынынан туындаған залалды бағалау жөніндегі арнайы комис­сия тұрғындардан өтінім қабылдап, шы­ғындарды есептейді.