Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Жайық 10 метрге көтерілуі мүмкін

139 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресми мәлімет бойынша, тасқын басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында 581 тұрғын үй мен ауласын су басқан. Бұған қоса 245 үйдің қора-жайы, 427 саяжай үйі суға кеткен. Түрлі деңгейдегі 70 автожолдың үстінен су өтіп, 60 жерде жол жабыны бүлінген. Дәл қазір Теректі мен Шыңғырлау ауданында – бір-бірден, Қаратөбе ауданында 8 елді мекенмен жол қарым-қатынасы болмай тұр.

Жайық 10 метрге көтерілуі мүмкін

Фото: malim.kz

Бүгінге дейін 7 мыңнан аса адам апат аумағынан қауіпсіз жерге көші­ріл­ді. Оның 3 661-і – балалар. Дәл қазір уа­қытша эвакуациялық бекеттерде 1 455 адам, соның ішінде 604 бала жатыр. Сондай-ақ 8 596 адам сыятын 161 бекет әзірленген.

Тасқынға қарсы күрес нәти­же­сін­­де 4 580 бас мал да қауіпсіз жерге көші­рілді. Қазіргі есеп бойынша 643 бас мал шығын болған. Табиғи апат шы­ғын­дарын арнайы комиссия есептеуге кірі­сіп кетті.

Өңірде көктемгі су тасқынының екінші кезеңі басталды: Ресей аума­ғынан келетін өзендерде су дең­гейі аса қауіпті. Орал қаласында Жайық, Шаған, Деркөл өзендері маңында орналасқан тұрғындарға нақты қауіп төніп тұр.

Бөрлі ауданында Ақсу, Кеңтүбек, Аралтал, Пугачев ауылдарында 84 тұрғын үйді су басты. Бұл өңірде Елек пен Жайық өзендері әлі де көтеріліп, Өспен, Жаңаталап, Қара­шы­ғанақ, Дмитриев ауылдарын су басуы мүмкін деп хабарланып жатыр. Соңғы екі елді мекеннен 25 адам көшірілді.

– Кейінгі 10 күн ішінде тасқын суға қарсы күрес қалада қарқынды болды. Оған себеп – Деркөл мен Шаған өзендерінің көтерілуі. 2-3 күнде бұл өзендерде су деңгейі түскенімен, 450-ге жуық саяжай мен тұрғын үй суға кетті. 500-ге жуық адам эвакуациялық бекетке орналасты. Маштаков аулы маңындағы жеке шаруашылықтар да суға кете ме деген қауіп болған, бірақ аман қалды. Сол себепті тұрғындарды біртіндеп, өз үйіне жіберіп жатырмыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

Мамандардың айтуынша, Жа­йық өзеніне бұрын-соңды бол­маған дең­гей­ге дейін су келмек. Қазір өңірдегі «Қаз­водхоз» және «Қазгидромет» меке­мелері өкілдері Ресейдегі әріптес­те­рімен ақпарат алмасып отыр. Қазір ол жақта да халық тасқын судан зардап шегіп жатыр.

– Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы қалыпты деңгейі 22,46 метр болса, бұдан 10 метрге дейін асып көтеріледі деген болжам бар. Мұндай жағдай кейінгі 50-60 жылда болмаған. Мамандар 1957 жылы Орал қаласында үлкен су тасқыны болғанын айтады, ол кезде қазіргі Назарбаев даңғылының соңғы жағы, Юбилей аялдамасы тізеге дейін су болған екен. Бірақ одан кейін 1970-1980 жылдары үлкен дамба-бөгендер салынған. Біз Орал қаласын қорғайтын бүкіл бөгенді топосуреттермен салыстырып, түгел қарап шықтық. Жағдай қалыпты, жақсы күйде. Қазір біздің барлық бөгеннің биік­тігі 33 метрден асып тұр. Қосымша 05-1 метрдей қосып, сақтық ойлап жатырмыз. Жайық деңгейі қалыпты жағдайынан 10 метр­ге дейін көтерілсе, 33 метр­ге барып қалады ғой. Біз осыған дайындық жасап жатырмыз, – деді Жандос Асхатұлы.

Орал қаласы тұсынан Шаған өзені ағып келіп Жайыққа құяды. Егер Жайық өзенінің деңгейі күрт көтерілер болса, Шаған кері ағуы мүмкін. Сол себепті Шағанда да дамба бар.

Қала әкімінің орынбасары тас­қыннан өзен жайылмаларындағы бау-бақша серіктестігінде тұратын халық зардап шегетінін ескертті.

– Қала маңында 125 бау-бақша серіктестігі бар. Оның 55-і Жайық өзенінің жайылмасында орналасқан. Біз кейінгі 4 ай бойы барлық сая­жай өкілімен бірнеше мәрте жиын өткіздік. Сақтық шараларын ескерттік. Шаған мен Деркөл өзені деңгейі көтерілген кезде көмек сұраған бау-бақша серік­тес­тіктеріне қолдан келгенше жәр­дем бердік. 10 мыңға жуық қапшық тараттық. Бірақ біз 5 сәуірден бастап саяжайға көмек беруді тоқтаттық. Қазір барлық күшті Жайық өзені жағалауындағы бөгендерді бекітуге, нығайтуға бұрып жатырмыз. Бұл жұмыстарға біз­де 1 аптадай уақыт бар, – деді Ж.Дүйсенғалиев.

Жайық өзені жайылмасында орна­лас­қан 55 бау-бақша серіктес­тігінде 10 мыңнан аса тұрғын бар. Бұлар түгел көшуге тиіс.

Жалпы, Орал қаласы маңайында саяжай аумағында 25 мыңдай халық тұрады. Оның 10 мыңы – Құс фабрикасы аумағы тұрғындары. Оларға тасқын судан қауіп жоқ. Бірақ Шаған өзені жағалауындағы саяжайларға да қауіп төнеді. Өйткені Жайық суы мөлшерден артық көтерілсе, Шағанға кері құйып, өзен тағы да тасуы әбден мүмкін. Дәл қазір екі өзеннің деңгейі теңесіп тұр.

Сонымен ең қауіпті кезең – Жайық суының қатты көтерілуі 15-20 сәуір аралығына тура келмек. Қала әкімдігі сейсенбі-сәрсенбі күндері барлық сая­жайда электр желісі мен табиғи газ беру тоқтатылатынын хабарлады. Азаматтық қорғаныс туралы заңның 56-бабына сәйкес тұрғындардың қауіпсіздігі үшін осындай шара жасалмақ.

Кеше Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің шешімімен өңір аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жария­ланды. Әкімнің салаға жетекшілік ететін орынбасары табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою жөніндегі басшы болып тағайындалды. Оған табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылды.

«Төтенше жағдай режімі Атырау облысында мемлекеттік органдар мен түрлі ведомство  арасындағы іс-қимылдарды үйлестіру әрі алдағы су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейту үшін жарияланды. Сондықтан тұрғындардың дүрбелеңге түсуіне себеп жоқ. Барлық жағдайды бақылауымда ұстап отырмын», деді Серік Шәпкенов. 

 

Батыс Қазақстан облысы