Пікір • 09 Сәуір, 2024

Бірлігіміз бекем болмаса, бәрі бекер

45 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ел болашағы, ұлт қамы, ұрпақ тәрбиесі жайында кесек-кесек ой-пікірін ортаға салды. Президенттің елді бірлік, адалдық, достық пен ынтымаққа үндейтін сөздерінің жаны бар. Әсіресе ұлтты ұйыстырар зиялы қауымға қарата айтқан пайымды пікірімен келіспеске болмайды.

Бірлігіміз бекем болмаса, бәрі бекер

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл жолғы Құрылтай жиынының Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізі­луінде де үлкен мән жатыр. Ұлтты біріктірер, тіршілікке қайта жан бітіп, Жер-ана бусанар шақтағы ұлы мерекенің ұлтымыз үшін қашанда орны биік. Міне, осы кезде Құрылтай шақырып, жаңа бастамаларға жол ашып, игі істердің іргесін қалап, елдің ертеңіне бағдар берген Мемлекет басшысының бастамаларын барынша қолдауымыз керек.

Турашылдықтан таймаған Төле би бабамыз:

«Өзіңе өзің кәміл бол!

Халқыңа әділ бол!

Жауыңа қатал бол!

Досыңа адал бол!», деген жоқ па еді?

Президентіміз де Ұлттық құрылтайда айтар ойын, халқына деген жылы сөзін асқан даналықпен, жанашырлықпен жеткізе алды.

Қазақ халқы үшін қасиетті мекен саналған Ұлытау төріндегі, ер түріктің бесігі болған киелі Түркістан жерінен айтқан ұлт қамына қатысты салиқалы ойларын Қасым-Жомарт Кемелұлы сонау Сарайшықтың іргесінен, Жайықтың жағасынан жалғай түсті. Әсіресе ұлт бірлігіне айрықша мән бергені көңілден шықты.

«Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет», деп Мемлекет басшысы Құрылтайдың ешқашан той тойлап, әңгімені сапырып отыратын басқосу болмағанын, оның алдағы уақытта да ондай болмайтынын шегелеп айтып берді.

Дәл қазіргі алыптар айқасы саясат сахнасында салтанат құрып тұрған алмағайып заманда елдің амандығы мен тұтастығы ауадай қажет. Ел аман­дығы үшін, әрине, сыртқы ортамен қарым-қатынасты берік қалап, барынша ымырашылдық саясат ұстанудың маңызы зор. Алайда өзіміз іштен іріп-шіріп, тонның ішкі бауындай бола алмай, өзімізбен өзіміз қырқысып, ауызбір­ліктен кетсек, кім біздің басымыздан сипасын? Өткенге зер салып, тарихтан сабақ алар болсақ, ұлан-байтақ жерімізге көз алартқан өзге жұрт қашанда болған, қазір де жоқ деп бірден кесіп айта алмаймыз. Сондықтан сыртқы қауіпке төтеп беру үшін алдымен ішкі қауіпті реттеп отырғанымыз мың есе абзал. Президент бұл жөнінде көптің көкейінде жүрген ойды жеткізді.

«Ең алдымен, халықтың береке-бірлі­гін сақтау елдігіміз үшін аса маңыз­ды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді біле­сіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтыл­майды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Жазушылар одағының төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүше­сі Мереке Құлкенов жақында осы мәсе­ле туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұл­­ғалары бірін-бірі мойындап, өзара құр­­мет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түсе­ді деп айтты», дейді Президент Қ.Тоқаев.

Расында ел бірлігі, ұлт тәрбиесі жолында аға буынға артылар жауапкершілік жүгі қашанда жеңіл болмаған. Біз – тағдырдың жазуымен талай қиындықты бастан кешіріп, бір-бірімізге демеу болған, үлкенді құрметімен, кішіні ізетімен сыйлай білген халықпыз. Қазақтың қанына біткен ерекше қасиеттің бірі – артта қалғанды ілгері сүйреп, құлап бара жатқанды сүйейді, сүрініп кетіп жығылсаң, қолтығыңнан демеп, орныңнан тұрғызады. Мақтанғаным емес, қазақтың сол адами қасиеті маған да дарыған. Өз басым қазақты болмысынан адал, арамдықтан ада, жаны да, қаны да таза, ешкімді бөліп-жармайтын, алысты жақындататын, аразды татулас­тыратын, баршаның баласын жат деп жатырқамай, бауырына басатын, данышпан Абайдың сөзімен айтсақ, Толық адам деп санаймын. Бүгінгі ұрпақ кешегі бабалардың бойындағы керемет қасиетін әсте ұмытпау керек. Президентіміз осыны меңзеп отыр.

Жуырда ел газеті – «Egemen Qazaqstan» бетінде жарық көрген Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның Құрылтай қағидаттарын талқылаған пікірін оқып, риза болдым. Сонау Парламенттің төрінен Үкіметке сауал жолдап, аға буын мен зиялы қауымның ынтымақ пен бірлікке бастайтын болмысы барын айтып, біраз ойын ақтарыпты. Жанарбектің «Расында, Майқы бидің «Бетеге кетсе, бел қалар, Бектер кетсе, ел қалар, Бірлігің кетсе, нең қалар?» деген нақылы дәл бүгінгі таңда тіпті өміршең болып тұр. Ал есімі елге мәшһүр бүгінгі кейбір тұлғаларымыз, ақсақалдарымыз, тарихшыларымыз, жазушыларымыз ай-күннің аманында болары болып, боя­уы сіңген түрлі оқиғалар туралы айтысып, тартысып, Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін қағыстырып, қыл аяғы Шыңғыс ханның тегіне таласып өспейтін елдің баласындай өнбейтін дауды қуып, «өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» бірінің қолы бірінің жағасында жүрген жағдайларды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аз көріп жүрген жоқпыз», деп шырылдауы менің де айтқым келіп жүрген ойым еді. Расында біз кейінгі кездері болмайтын нәрсемен ағайынның алауыздығын тудырып жүргендейміз.

Құрылтай отырысында Президент өте тұшымды дүниелер айтты, енді біз соны ел болып, жұдырықтай жұмылып қолдаумыз ғана қалып тұр. Қазақ қашанда сөзге тоқтаған, қызын арға, ұлын нарға балаған халық қой. Мемлекет басшысының ұлтты ұлы істерге бастаған Ұлттық құрылтайдағы үндеуіне үн қатып, қамкөңіл, алаңсыз жүрмеуге шақырамын.

Қазір бізге бірлік ауадай қажет. Қара халықты қатты сынаққа алған қарғын судың азабын алдағы уақытта қаншалықты тартарымыз осы бірлікке де тікелей байланысты. Үкімет қаржысын бөліп, өз жұмысын атқара берер. Бірақ халықтың өз ынтымақ-бірлігі бекем болмаса, бәрі бекершілік.

Аллаға шүкір, елдің ынтымағы әлі жоғала қоймапты. Күллі қазақтан су басқан өңірлерге күндіз-түні жеткізіліп жатқан көмекті көріп, көзге еріксіз жас келеді. Алла осы ырзығымыздан айырмасын, қазағым аман болсын! Әр қиындықтың артынан жарқырап күн шыққан. Қайта тұрғызылатын әр баспананың іші жанға, сырты малға толсын! Ұлы сөзін ұлтынан, жылы сөзін жұртынан аямайтын аузы дуалы аға буын, ақсақалдар, зиялы қауым аман болсын!

 

Асылы ОСМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор