Халық • 09 Сәуір, 2024

Қайырымдылық көңілді демейді

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Қаратөбе ауданында су тасқынынан зардап шеккен Аққозы аулы тұрғындарымен арнайы кездескен еді. Сол тарихи кездесудің келесі күні аққозылықтарға алыстағы Алматы мен Тараз қалаларынан үш «ГАЗел» жүк көлігімен гуманитарлық көмек жетті. Қайырымдылық керуенін бір аптадан бері өңірде жүрген Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бастап барып, тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға табыс етті.

Қайырымдылық көңілді демейді

Байқағанымыз, Президентпен кездесуден кейін ауыл тұрғында­рының көңіліндегі алаң сейіліп, қуанышты күйде жүр екен. «Хал-жағ­д­айларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үл­кен табиғи апат. Сондықтан бәрі­міз бір ел, бір халық болып әре­кет етуіміз керек. Мемлекет, Үкі­мет баршаңызға қолұшын бере­ді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңда­маңыздар. Бәрі дұрыс болады», деген еді Мемлекет басшысы.

ш

– Қадірлі ағайын, ел басына туған осынау қиын күндері бүкіл халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұ­мыла әрекет жасап жатыр. Мен бүгін сіздерге Алматы және Тараз қала­ларында тұратын Мәлік Ма­са­нов, Харсан Хиймамов, Айша Люширқызы, Нұржан Өтепов, Рүстем Машанло сынды кәсіпкерлер жіберген қайы­рым­дылық көмекті табыс етке­лі тұрмын. Осының өзі біз­дің бірлігімізді айқындап, ауызбір­лігімізді көрсетіп тұр. Бұл көрген қиындық та ұмы­тылады. Мемлекет басшысы­ның өзі келіп, барлық көмек көрсе­тілетінін айтты. Біздің қазіргі міндетіміз – тас-түйін жұмылып, Президенттің жанынан табылу, қиындықты бірге еңсеру, – деді А.Құспан.

Бір қызығы, осы гуманитарлық көмек әуелі Ақтөбе қаласына әкелінген екен. Жүктің бір бөлігін Ақтөбеден Қаратөбеге жеткізу қажет болған кезде ақтөбелік газелшілердің уатсап тобына хабарландыру жарияланған.

з

– «Қаратөбеге дейін үш көлік жүк жеткізу керек, ақысы төленеді», деген хабар келді. Сұрас­тырсақ, тасқыннан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек екен. Бірден ақысыз-пұлсыз өзіміз жеткізіп береміз деген шешімге келдік. Сөйтіп, әріптестерім Сәтбек Романұлы, Азамат Темірәлин үшеуміз өз көлігімізбен, жанарма­йын өзіміз құйып, алып келіп отырмыз, – дейді Аралбек Сейпілұлы.

Аралбек өзі осы Қаратөбе ауданының Үшана аулында туып-өскен, 2002 жылдан бері Ақтөбеде тұрады екен.

з

– Президент дәл біздің ауылға келіп, бізбен жолыққанына ерекше қуандық. Мемлекет басшысы барлық уайымымызды сейілтіп, жұбатып кетті. Сонымен қатар осы күндері Қаратөбе ауданы басшылары, жерлестеріміз ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен көп көмек жетіп жатыр. Соның бәріне алғысымыз шексіз. Рамазан айында жасаған жақсылықтарыңызға Алла мың сауап жазсын, халық аты­нан ризашылығымызды білді­реміз, – дейді аққозылық Айдана Садридинова.

Дәл сол күні Аққозы аулы тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсеткен тағы бір топ азаматтардың игі ісіне куә бол­дық. «Туған аулымыз суға кетті», деген суық хабарды естіген кезде, Аққозы аулында туып-өскен, бірақ тағдырдың жазуымен әр тарап­та жүрген ауылдастар уатсап же­лісінде бас қосып, ортақ есеп­шот ашқан екен. Осылайша, бір ап­таның ішінде мыңнан аса адамнан 22 млн теңге қаражат жиналған.

– Біз ауылдастарымызбен күн­де хабарласып, күнделікті керек-жарағын Оралдан жеткі­зіп отырдық. Бүгін ауыл ақсақал­дарымен ақылдасып, осы табиғат апатынан ең көп зардап шеккен 70 отбасына 310 мың теңгеден табыс еттік, – дейді осы акцияны ұйымдастырушы, оралдық кәсіпкер Жандос Айталиев.

Қаратөбе аудандық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллиннің айтуынша, аудан орталығындағы эвакуациялық бекетте жатқан аққозылықтарға арналған гуманитарлық көмек еліміздің әр түкпірінен де келіп жатыр екен. Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Ақтөре Мейіржанұлы бастаған еріктілер арнайы келіп, тіпті ауыл тұрғындарына арнап екі қазан палау басып беріпті.

Айта кетейік, тасқын судан қазір Батыс Қазақстан облы­сының 6 ауданы қатты зардап шегіп жатыр. Олардың бәріне де жоғарыдағыдай көмек көрсетіл­ді. Облыстық орталық мешіт жанынан «Қайырымдылық керуе­ні» ұйымдастырылды. Ме­шіт жамағатынан жиналған қар­жы­ға аудандарға азық-түлік, киім-кешек жіберіліп жатыр. Ал этномәдени бірлестіктердің күші­мен су басқан ауылдарға 29 млн теңгенің жәрдемі жөнел­тілген. «Biz birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры және «Ұлттық волонтерлік желі ұйымының» қолдауымен «БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» жастары және еріктілер судан зардап шеккен Ақжайық ауданына да гуманитарлық көмек жолдады.

– Біздің жастардың, еріктілер­дің күшімен осы кезге дейін 250 тоннадан аса қайырымдылық көмек жиналып, зардап шеккендерге жөнелтілді. Еріктілер келген заттарды іріктеп, қораптау ісіне де атсалысып жатыр. «Biz birgemiz» қорынан 100 қайық, 50 мотосорғы жетті. Жергілікті кәсіпкерлер де барынша көмекте­сіп, ең алдымен не керек екенін сұрап, қолдау көрсетіп жатыр. Қазір Орал қаласында халық­тан қайырымдылық көмек қа­был­­дайтын 4 бекет ашылды, – дейді Батыс Қазақстан облыс­тық Азаматтық альянсының президенті Аслан Тапишев.

 

Батыс Қазақстан облысы