Несие • 09 Сәуір, 2024

Қарыз өсіп барады

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасы­мо­ваның айтуынша, тұтынушылық кредит беру сегментінде кейінгі 3 жылда өсім байқалған. Ұлттық банк (ҰБ) дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық несие портфелі 9,2 трлн теңгеден асқан.

Қарыз өсіп барады

Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асыпты. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды құрап, жалпы қарыз алушылар санының 7%-ына жетіп қалған. Ал Ұлттық банк халықтың банк­тер алдындағы мерзімі өткен берешегі 1 жыл ішінде 60 миллиард теңгеге өсіп кеткенін хабарлады.

Халықтың екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) алдындағы қарызы қызыл сызықтан асып барады. ҰБ тарат­қан деректерде 8,5 миллион азаматтың мойнын­да қарыз жүктемесі бар екені айтылған. Оның 75 пайызының жабылмаған тұтынушылық несиесі бар. 1,6 миллионға жуық адам қарызын уақытында өтей алмайтыны осы деректе айтылған. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз сомасы – шамамен 1,7 трлн теңге.

2019 жылдың 1 маусымында несие амнистиясы жарияланып, банк пен микроқаржы ұйымдарындағы берешегі 3 млн теңгеден аспайтын қарыздар бо­йынша несиелер кешірілген еді. Алайда несиесі кешірілген адамдардың 10%-ы қайтадан несие алып, оны өтеуге мұршалары болмай жүргені туралы өткен аптада мәлім болды. S&P Global Ratings халықаралық агенттігі «Қаржы институттары» бағытының директоры Сергей Вороненконың айтуынша, қарыз жүктемесінің негізгі үлесі – үш мегаполис еншісінде. Бұл ретте Вороненко борыштың аймақтық тұрғыда да, жалпы халық арасында да бөлінісі біркелкі емес дейді.

«Біз аймақтардың қарызы өте үлкен екенін байқап отырмыз. Біріншіден, бұл Алматы, Астана және Шымкент сынды ірі мегаполистер. Жалпы, борыш бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Оған қоса, пайыздық мөлшерлеменің біршама төмендеуі үй шаруашылықтары қарызының одан әрі өсуіне әкелуі ықтимал», дейді.

Енді 90 күннен астам кешіктірілген жағдайда кепілсіз несие беруге мүлдем тыйым салынады. «Несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қолданыстағы заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат өткен жылдың соңында қабылданған болатын, ол бойынша депутаттар жұмыс тобының 15 отырысын өткізіп үлгерді.

Құжат жобасында халықтың борыштық ауырт­палығы мәселесін шешу үшін заң жобасында банк­тер мен микроқаржы ұйымдарының барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық несиелері бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақы алуға тыйым салуды енгізу көзделген. Ал 90 күннен астам мерзімі өткен несиелері болса, оларға кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салуды енгізу ұсынылып отыр. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, тұтынушылық несие бо­йынша қарыздың ең жоғарғы шекті мәні банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржы ұйымдары үшін 2 млн теңге болып белгіленді. Себебі ЕДБ күні бүгінге дейін ірі сомадағы тұтынушылық несиелерді беріп келді. Қолданыстағы заңда тұтынушылық несиелер бойынша қарыздың шекті деңгейі белгіленбеген болатын.

Кейінгі жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз балансын толтыру үшін жеке тұлға­лардың проблемалық несиесін коллекторларға ай­тар­лықтай жеңілдікпен беру тәжірибесін қа­лып­тас­тыр­ған еді. Заң жобасында бұл мәселе де қарас­ты­рылды.

«Біз коллекторлардың  қалай жұмыс істейтінін, қарызды қайта құрылымдамай өндіріп алатынын білеміз. Осыған байланысты депутаттар бастапқыда толық тыйым салуды ұсынды. Алайда Үкімет бұл норманы қолдамады. Қарыз алушылардың құқы­ғын қорғау үшін заң жобасында коллекторлық агент­тік­терге жеке несиелерді сатуға шектеу енгізілді. Азаматтардың коллекторларға берешегін сатуға шектеу енгізу коллекторлық нарықты шектемейді. Олар проблемалық несиелерді сатып алмай-ақ өндіріп алуды жалғастыра алады. Ал несие банк пен мик­ро­қаржы ұйымында қалады және олар проб­ле­малық қа­рыз алушылармен жұмыс істеуге жауапты болады», дейді Берік Бейсенғалиев.

Экономист Расул Рысмамбетов ел тұрғындарының ЕДБ алдындағы несиесі шектен шығып кетті деген пікірмен келіспейді.

«Біздің несиеміздің деңгейі мемлекетіміздің табыстылық деңгейіне байланысты. Егер мемлекеттің рентабельділігі 20 пайыздан асып, сіз армандаған 15-16 пайызбен несие берсе, мемлекет банкрот болады. Барлық мәселе несие пайызында емес, біздің табысымыздың төмендігінде болып тұр. Айлығы шайлығына жетпегендіктен, халық ЕДБ, одан қалса МҚҰ-дан несие алып, тұрмысының кем-кетігін түгендеуге тырысады. Бізде өмір арзандап, өмір сүру қымбаттап барады. Халықтың ЕДБ алдындағы қарыз деңгейін төмендету үшін несие мәдениеті ұғымын қалыптастыру керек», дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ