Аймақтар • 09 Сәуір, 2024

Халықтың өтініш-тілегін тыңдады

29 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент өкілдерінің су тасқынына байланысты өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаттары Әділ Жұбанов пен Еділ Жаңбыршин Атырау облысының тұрғындарымен және бөгет тұрғызып жатқан жұмысшылармен кездесті.

Халықтың өтініш-тілегін тыңдады

Апат басталғалы ауылдастарымен бірге жүрген Әділ Жұбановтың айтуынша, Жылыой, Қызылқоға аудандары суға кеткен. Қазіргі таңда жергілікті билік, жеке кәсіпорындар мен қарулы күштердің ресурстары жұмылдырылып, облыстық, аудандық штабтар жұмыс істеп жатыр.

– Ондаған жыл бойы келмеген су. Сон­дықтан жерлер жеке қожалықтарға өтіп, табиғи арналары жабылып қалған. Одан бөлек теңізден тасымалданатын мұ­най құбырлары тартылған. Солардың бәрі судың табиғи жолмен кетуіне кедергі бо­лып отыр. Ендігі мақсат – Ресейден келе­тін алапат судан Атырау қаласын аман алып қалу. Жайықтың бойындағы Индер, Махамбет аудандарында бөгеттер салу, бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді Ә.Жұбанов.

Сапар барысында депутаттар белсен­ді­лер тұрғызып жатқан Соколок каналымен, қала ішіндегі ұзындығы 20 шақырым болатын бөгеттің жұмысымен танысты. Махамбет ауданы әкімінің айтуынша, ауданның 21 елді мекенінің 17-сі Жайық өзені жағалауында орналасқан. 85 шақырым ескі бөгеттің орны бар, енді тағы қосымша 15 шақырым бөгет салынып жатыр. Жалпы алғанда бөгеттің ұзындығы 100 шақырымды құрайды.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, ауылға су кірмес үшін бөгет­термен қоршап, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен жанар-жағар майдың қорын жасап алу керек.

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов су тасқы­нынан кейінгі елдің жағдайын білу үшін Ақсуат ауданына барды. Аудан әкімі Асхат Смаилов тасқын салдарынан бүлінген Боғас өзеніндегі көпірді, облыстық маңызы бар «Сәтбаев-Ақсуат» жолын көрсетіп, қалпына келтіру жұмыстары туралы айтып берді.

Боғас өзені деңгейінің тасып көтерілуінен Ақсуаттан Кіндікті ауылына апаратын көпірді су шайып, аудан орталығымен уақытша жол қатынасы үзілген. Алайда жергілікті атқарушы билік жағдайды жедел ретке келтіруге кірісті.

Өңірлерге сапар аясында Айна Мысырәлімова мен Дәулет Мұқаев Ақмола облысының бірнеше ауданын аралады. Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің та­суына байланысты қазір ауылдағы жағ­дай күрделі. Әр екі сағат сайын судың дең­гейі өлшеніп отыр. 35 мың құм салын­ған қаптан бөгет тұрғызылып, 50 арнайы техника жұмылдырылған. Депутаттар одан әрі Целиноград ауданы Талапкер ауылына барып, ондағы жағдаймен танысты. Бірнеше күн бұрын аулаларды су басқанымен, қазіргі жағдай тұрақты. Ауыл іргесін бекіту жұмыстары қолға алынған.

Ал Қазыбек Әлішев пен Асқар Садықов Ақтөбе облысының Құмсай ауылы тұр­ғын­дарымен жүздесті. Саркөл ауылдық ок­ругінің Құмсай ауылындағы 39 үйді, 1 ша­руа қожалығы мен 1 кәсіпкерлік нысанды су басқан. Қазіргі уақытта ауылдағы 27 үй тұруға жарамсыз.

Мәжіліс депутаттары тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Халық малын тастап кете алмайтынын айтып, жаңадан үй салынып біткенше жылы вагон сұрады. Қазір ауылға вагондар жеткізіліп, электр желісіне қосылған. Ақтөбедегі екі су қоймасының толып кету қаупі сейілді. Зардап шеккендерге 300 тоннаға жуық көмек жиналды. 206 адамға 64 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жасалған. 11 елді мекенмен арадағы үзілген жол қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.