Шымкент • 10 Сәуір, 2024

Өнертапқыш қолдау күтеді

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкенттік өнертапқыш, техника ғылымдарының кандидаты Нұрлыбай Манабаев егістік алқабында жұмыс істейтін техниканың 4 түрін біріктіріп, кешенді техника етіп құрастырып шыққан.

Өнертапқыш қолдау күтеді

«Елімізде 5 гектарға дейін жері бар диқандар 60%-дан асады. 10 гектарды құрайтын егістікке ие фермерлер 20% үстінде. Жыл са­йын шағын шаруашылықтар жерін жыртқанда ойлы-қырлы тұстары қалып қояды. Оларды тегістеу үшін грейдер пышақ деп аталатын арнайы техника қолданылады. Ондай тегістеуіш техника бізде жоқ. Бірлі-жарымы Тәжікстан мен Ресейден келеді. Сонымен бірге егін егіліп болған соң минералды тыңайтқыштар беретін жүйек салу керек. Оны сосын қайта-қайта тегістеу қажет болады. Үш функцияны қатар атқаратын КБН-035 деп аталатын техника бар. Сонымен жерді жыртып, егінге күтім жасау үшін 4 түрлі техника пайдаланылады. Бұларды алуға ұсақ шаруалардың шамасы келе бермейді. Субсидия төленгеннің өзінде ол техникаларды қолдану тиімсіз. Өйткені олардың жылдық жүктемесі 300 гектардан жоғары болу керек. Сондықтан егістік даласы егінге өте сапасыз дайындалады. Алқаптар дұрыс агро­те­х­никалық өңделмеген соң егін де бітік шықпайды. Жер ойлы-қырлы болған соң егістік те суды қанып ішпейді. Ол да өз кезегінде өнімділікке кері әсерін тигізері хақ», дейді өнертапқыш ғалым.

Зерттеу бойынша нормасынан 4 сағат артық су ішкен егістіктің өнімділігі 15%-ға төмендеп кетеді. Ал суды қанып ішпеген алқап­тар­да өнімділік 16%-ға азаяды. Жер тегіс болмаса да егіннің бірдей шығуына зиянын тигізеді. Соның салдарынан 30% өнімділік жоғалады. Мәселен, 1 шаршы метр­ге 10 дән себілсе тегіс жеріне нормасына сай дән 3-4 см тереңдікке көміледі. Ал жердің тегіс бол­мауының салдарынан дәндер 1-2 см тереңдікке немесе беткейіне болмаса терең көміліп қалады. Көктемде жерге көмілмей қалған тұқымды құстар жеп кетеді. 1-2 см тереңдіктегі тұқым ерте шығып ылғал жетіспегеннен тез қурайды. Тереңге түскен тұқым керісінше ылғал көп болса шығып үлгере алмай топырақта шіріп кетеді. Сонда нормасында көмілген азғантай дән ғана өнім шығарады.

«Өкінішке қарай, диқандар жердің тегістігіне көп мән бер­мейді. Техниканың орнына маланы, ауыр рельсті тегістеуші ретінде қолданады. Мала тек жерді нығыздайды, содан дөң жер дөң, сай жер сай болып қала береді. Мала дөң жердің топырағын сай­лау жерге әкеп тегістемейді. Міне, агротехнологиялық талапты дұрыс сақтамаудың салдарынан егістік те жақсы өнім бермейді», дейді.

Нидерланд дүниежүзіне азық-түлік экспорттап отыр. Өйткені олар агротехнологиялық талаптарды өте қатаң сақтайды. Соның нәтижесінде өнімдері жоғары әрі сапалы болып келеді. Ғалымның пікірінше, біз де соған әрекет жасауымыз керек. Осы орайда өнертапқыш бұл идеяны жүзеге асыру мақсатында жаңа техника ойлап тапты және оған фермерлерге арналған көпфункционалды аспалы құрылғы 4/1 деген атау береді.

«4/1 деп отырғанымыз жоға­рыда аталған 4 техниканың жұ­мы­сын 1 техника атқарады. Осы жаңалығым үшін патент алдым. 2021 жылы арнайы конкурста жеңімпаз атанып, 20 млн теңге грант ұттым. Бұл ақшаға техниканы жасап шығарып, мемлекеттік сынақтан өтікізіп, сатуға рұқсат деген сәйкестендіру актісін алдым. Алдыңғы шығарған нұсқалары сатылды. Қазір олар егістікте жұмыс істеп жатыр. Тағы 1-2 нұсқасы сатылымда тұр. Бірақ жеке цехтың болмауы, қалтаның да таяздығы техниканы жаппай шығаруға мүмкіндік бермей тұр. 4 техниканы жеке жасауға 1,5 тонна металл кетеді. Сосын әрбірін тракторға тиеп егістік басына барасың. Кейін екіншісін ауыстыру керек болса қайта кері қайтуыңа тура келеді. Осылайша, екі ортада диқан босқа уақыт жоғалтады. Әрі жанармай шығынын есептеңіз. Ал менің техникамды тұрған жерінде қалаған агрегатқа ауыстырып ала аласыз. Мәселен, арық қазатын нұсқасын арықты жабатын нұсқасына ауыс­тыру үшін бірнеше минут қана уақыт жеткілікті. Сондай-ақ бұл техниканы жасауға 450 кило металл қажет етіледі. Әзірге агрегатқа қызығып хабарласқан кәсіпкер табыла қойған жоқ. Өзім іздейін десем күнделікті шаруадан қолым босамайды. Егер инвестор ниет танытып жатса, бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынмын», деді Н.Манабаев.

Ғалым былтыр университеттің қолдауымен мақсатты қаржы­лан­дыру бағдарламасына қаты­сып 300 млн теңге грант жеңіп алды. Конкурс тақырыбы – Қазақ­станның шөлді шөлейтті аймақ­та­рында егістік пен жайылым жердің ылғалдылығын көтеру. Жасы­ратыны жоқ, осы күнде елі­мізде құрғақшылық қатты сезі­ліп жатыр. Соның салдарынан диқандардың дәнді дақылдарды орып алуы оңай болмай тұр. Міне, осы проблеманы шешу үшін университет арнайы жобаға кірісті. Соның аясында тиісті техника мен технология ойлап табылды. Яғни жерге саңылау тіліп полимерлі өнім гидрогельді енгізеді. Гидрогель – ылғалды өзіне тартып алатын материал. Күн ыстықта ылғалды бойынан кері шығарып, жерді құрғатпай ұстап тұруға көмектеседі. Бұл технология әлемде таңсық емес. Алайда дүниежүзінде гид­ро­гельді топырақпен аралас­ты­ра­д­ы немесе бетіне себеді. Оның шығыны бір гектарға 60-70 килоны құрайды. Ал университет жобасында гидрогель тұқым секілді топырақтың төменгі қаба­ты­на тасталады. Сонда оның шы­ғыны гектарына 25 кило болады. Айта кету керек, бұл жоба Президент әкімшілігінің тікелей назарында. Сол үшін арнайы саңылау тілуші жаңа техника цехта құрастырылып жатыр. Биыл күзде бірінші сынақтан өткізіледі.

Ғалымның айтуынша, дүние­жү­зінде гидрогель тәлімі жерге қолданылып жатыр. Оңтүстік ай­мақта бидай күзде егіледі. Ал­дағы уақытта күздік бидайдан кейін гидрогель орналастырылады. Ол топырақтың астында 40 см тереңдікте жатады. Өзіне ылғалды сіңіріп, 60 см тереңдіктегі топырақ көктемге дейін құрғамай тұрады. Кейін күн жылынған соң жер бусанып егін бірден қаулап шыға келеді. Егін бір бас көтеріп алса болды, әрі қарай өсімдіктің көлеңкесі бар, шық түседі, сөйтіп топырақ өз ылғалдылығын сақтай береді. Ал бүгінде ылғал 10-15 см-ден әрі бармай күн жылыда ол сіресіп, жауған жаңбыр тереңге сіңбей қалып жатыр.

Ғалым өз сөзінде гидрогельді ендіретін техниканы ертеңгі күні көбейтіп шығаратын тағы да де­меу­ші керек болғалы тұр де­ген­ді айтты. Өнертапқыш ағамыз бүгінгі таңда жаңа техникасына патент алу жұмысына кірісіп кетті.

 

ШЫМКЕНТ