Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

БҚО: су қоймалары 72%-ға толды

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында бүгінге дейін 581 үй, 427 саяжай су тасқынының астында қалды. Сәуір айының 9-ы күнгі мәліметке қарағанда, өңірде 7125 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың 1523-і эвакуациялық бекеттерді паналаса, 5602 адам туған-туыстарында тұрып жатыр.

БҚО: су қоймалары 72%-ға толды

Жақын күндері Жайық өзенінің деңгейі Ресейден келетін судың әсерінен қатты көтерілуі мүмкін. Қазір өзен жайылмасындағы саяжайларда тұратын тұрғындарды көшіру қызу жүріп жатыр. 9-сәуірде 77 адам, оның ішінде 29 бала қауіпсіз жерге жеткізілді.

Өңірде қазір су қоймалары ерекше бақылауға алынған. Бүгінгі таңда «Қазсушар» мекемесіне қарасты су қоймалары орташа алғанда 72%-ға толып тұр. Бұл судың көлемі 399 млн текше метрді құрайды.

Мамандар Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су шаруашылығы қызметтерімен күнделікті ақпарат алмасып отыр.

«Ресейлік әріптестердің мәліметі бойынша, Батыс Қазақстан облысының аумағына Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 66 текше метр су келіп жатыр. Өткенде су тасқынының шыңы кезінде бұл секундына 550 текшеметрге жеткен еді. Қазір мұнда су тасқыны аяқталып қалды. Сарыөзенде де су тасқынының беті қайтты. Біз қос өзенге 400,0 млн текше метрден астам су алып үлгердік. Оның бәрі көлмектерге және табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталды», дейді «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының директоры Рауан Құсайынов.

Қазір Шаған су қоймасында су деңгейі 29,40 метр болып тұр. Су қоймасының барлық қақпасы 2023 жылдың күзінен бастап толық ашық, тасқын су иммарат арқылы еркін өтіп, Жайыққа құйылып жатыр. Өзен суы деңгейін сақтау үшін тасқын өткен соң су қақпалары жабылады. Қазір Шаған мен Деркөл өзендерінің бойындағы гидробекеттер су деңгейі төмендеп жатқанын көрсетті.

Орынбор облысында орналасқан Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне су тастау мөлшері 9 сәуір күні сағат 08:00-де секундына 1670 текшеметр болса, сағат 16:00-де секундына 1342 текше метрге азайтылды. Осыдан бірер күн бұрын бұл көрсеткіш секундына 2170 текшеметрге жеткен еді.

Жайық өзені бір тәулікте 7 см қосып, Орал қаласының тұсында сағат 9-сәуір күні таңғы сағат 08:00-де су деңгейі 710 см болды. Қауіпті деңгей - 850 см.

Жалпы, биылғы су тасқыны басталғалы бері өзен деңгейі 6 метрге көтерілді. Сәуір айының екінші жартысында Сақмар өзені мен Иреклі су қоймасынан келетін судың есебінен Жайық суы 10 метрге дейін көтерілуі мүмкін дейді мамандар.

Қазір Жайық өзенінен Жайық-Көшім арнасына секундына 102 текшеметр су құйылып жатыр. Өзге де су қоймаларына су жиналуда. 8 сәуірден бастап көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су беріле бастады.

 

Батыс Қазақстан облысы