Шаруашылық • 11 Сәуір, 2024

Тәтті түбірде табыс мол

61 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісуда егіс алқабы 524,8 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Әсіресе қант қызылшасы, майлы дақылдар мен мал азығының егіс көлемі 18,1 мың гектарға артады. Соның ішінде тәтті түбір 11 мың гектарға егіліп, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Былтыр шаруалар әр гектардан орта есеппен 420 центнерден өнім жинаған еді. Биыл да осы көрсеткіштен кем түспейміз деп отыр.

Тәтті түбірде табыс мол

2026 жылға қарай өңірде қант қызылшасын 15 мың гектарға дейін көбейту көзделіп отыр. Өткен жылғы ауа райының қолай­сыздығына қарамастан  фермер­лердің қажырлы еңбегінің нәти­­жесінде тәтті түбір егілген алқап­тың әр гектарынан 420 центнерден өнім жиналып, облыс бо­йынша 361 мың тонна өндірілген. Бұл – бұрын-соңды болмаған жоғарғы көрсеткіш. Дақыл өсіруде қажырлы еңбек сіңіріп, өнім берекесін тасытқан «Дүйсенбінов», «Әбілқасымов», «Хильниченко», «Нам», «Мұқанов К», «Мұхамади», «Алан» сияқты бір топ шаруа қожалығының еңбегі орасан.

Мемлекеттік қолдау шарала­ры­ның нәтижесінде өндірістік шығындарды субсидиялау шаруа­лардың мол табысқа кенелуіне мүмкіндік берді. Мәселен, тұқым, тыңайтқыш, пестицид және ауыл шаруашылығы техникалары мен жанар-жағармай материалдарын сатып алуға, суармалы егіске су жеткізу қызметтеріне жұмсалатын шығындарды ішінара өтеуге 25-50 пайыз жеңілдік берілді. Бұл мәселелердің оңтайлы шешілуіне облыс әкімдігі көп күш салды.

«Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде жаңа технологияның рөлі ерекше. Өткен жылы конвизо смарт жаңа жүйесі 10 шаруа­шылықта жалпы көлемі 530 гек­тар қызылша алқабында қолда­нылды. Нәтижесінде, гектарынан орта есеппен  650 центнерден өнім алынды. Калледония, да­нута, аламея, иберия, смарт джа­конда гибридтерінің өсіп-өну, фотосинтез қарқындылығы бай­қалды. «Гладиус Қаратал» ЖШС жетекшісі Рахым Каримов 170 гектар егістіктің әр гектарынан орта есеппен 80 тонна түсім, ал жекелеген танаптардан 100 тоннадан артық өнім жинады. Бұл және тағы басқалары жөнінде өт­кен жылы қазан айында өткен дала­лық семинарда көрсетілді», дей­ді ауыл шаруашылығы ғылым­дары­ның кандидаты Абулхаир Бексұлтанов.

Жалпы, қант қызылшасы агротехнологиясында толық шешілмей тұрған проблемалардың бірі – егістікті түрлі арамшөптен қорғау, жаз бойы алқапты таза ұстау. Еліміздің оңтүстік-шығыс өңір агрофоны табиғатында арамшөптер тығыз өседі. Бұл жерде бір, екі және көпжылдық, жаздық, күздік, қыстық, тамыр және өзек тартатын рудеральды, сидеральды арамшөптердің 40-тан астам түрі мен тұқымдастары қалың өседі.

«Осы уақытқа дейін арамшөп­терге қарсы қолданылып жүрген гер­бицидтердiң классикалық жүйесі тиімсіз. Тұқым себу алдында топыраққа шашатын дуал голд, фронтьер оптима, вегетация мерзімінде берілетін лонтрел, зеллек супер, бицепс гарант, бетанал арамшөптің 92-95 пайы­зын жояды. Ал көпжылдық шыр­мауыққа, кекіреге, повиликаға (сары шырмауық) шамасы жет­пейді. Ғылыми анықталған анализ бойынша суармалы өңірде орташа 1 гектар жырту тереңдікте жарты миллиард шамасында арам­шөп тұқым қоры жатады, олардың тіршілік мерзімі – 20-30 жыл. Сонда 5-7 пайыз гербицидке жойылмай қалған қурай шөп өскіндері суғарған сайын жаз бойы тағы миллиондап шығады. Көп жағдайда  шаруашылықтар егісті қосымша қолмен отап, тәп­кілеуге мәжбүр  болады. Қант қызылшасы өсімдігінің таби­ғатынан арамшөптерге төзімділігі өте төмен екенін ескерсек, бұл жағдай­да конвизо смарт жүйесінің тиімділігі 99-100 пайыз болғанның өзінде олардың өсу қарқыны жоғары болып тұр», дейді А.Бек­сұл­танов.

KWS компаниясы тарапынан арнайы өкіл Руфат Наджапов осы жылдар ішінде белсенді жұмыс жүргізді. Көптеген кездесу мен семинар өткізіп, мәселені талқылап, гибридтерді сортсынау негізінде жаңа гибрид-будан (терраново, концертина, смарт гибрид, калидония, иберия, данута, тағы басқалары) аудандастырылып, ҚР мемлекеттік тізіліміне енгізілді.

Бүгінде тозығы жеткен техни­ка­ларды жаңалау, субсидияларды ретке келтіру, Көксу, Ақсу қант зауыттырының күзгі өнімді қа­былдауға күші жете ме және оның дайындығы қалай деген сауал мазалайды. Бұған қоса қант қызылшасын өсіру мен су шаруа­шылығындағы түйткілді проб­лемалар, сапалы тұқымға қол жеткізу, тыңайтқыштарды дұ­рыс пайдалану, басқа да сұрақ­тар бойынша біраз мәселе бар. Осы­ның алдын алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жүйелі жұмыстар жасап жатыр. Шаруалармен тікелей байланысып, қажет материалдарды уақытында беруге уағдаласты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйен­сек, бүгінгі күнде ылғал жабу, тырмалау, себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы даярланып, сапасы зертханалық тексеруден өткізіліп жатыр. Осы жылға 11,5 мың гектар қант қызылшасын себу жоспарланса, оған қажетті 16,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым толығымен қамтамасыз етіледі, соның ішінде 9,6 мың себу бірлігі Көксу қант зауытында, 6,1 мың себу бірлігі «Жетісу» ӘКК-де қарастырылған.

«Қазіргі кезде 444 шаруашылық 10,7 мың тонна минералды тыңайт­қыш сатып алды. Сондай-ақ қой­ма­ларда 3 049 тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұ­мыс­тарына 4 124 тонна дизель оты­ны бөлінді, оның бір литрінің бағасы – 250 теңге. Көктемгі дала жұмыстарына тартылатын 23 мың бірлік техниканың дайындық дең­гейі – 99 пайыз. Сол сияқты биыл қант қызылшасын өсіруге бағыт­талған 8 сервистік-даярлау орта­лығы құрылды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,5 млрд теңгеге сеп­кіш, жапырақ жинағыш, ком­байн сияқты 62 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алы­нып жатыр. Бұдан бөлек «Қаз­агроқаржы» филиалына 2,2 млрд теңгеге 106 өтінім түсіп, 70 шаруа­шылыққа 1,4 млрд теңгеге 131 бір­лік ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық не­сие корпорациясы» 61 шаруашы­лық­қа 948 млн теңге несие бер­ді», делін­ген басқарманың анықта­масында.

 

Жетісу облысы