Дәстүр • 11 Сәуір, 2024

Дәстүрді дәріптеген әжелер

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өнер – халықты эстетикалық мәдениет пен адамгершілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Кез келген ел өнерімен бағаланып, қастерленеді десек, қателеспейміз. Музей жұмысы өткен мен бүгінді байланыстырушы алтын көпір іспеттес. Жақында «Алматы облысы музейлер бірлестігіне» қарасты «Анаға құрмет» музейінің ұйымдастыруымен «Дәстүрді дәріптеген әжелер» атты аудандық әжелер байқауы болып өтті.

Дәстүрді дәріптеген әжелер

Іс-шараның мақсаты – елі­міз­дің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагер аналарымыздың қоғамдағы беделін көтеру, оларға қолдау көрсету. Ша­рағ­а Қарасай ауданынан – 3, Жамбыл ауданынан – 1, Алматы қаласынан 1 әжелер ансамблі қатысып, бақ сынады. Әр ауыл­дың намысын арқалап кел­ген әжелер тамылжыта ән шыр­қап, көпшілікті тамсан­дырды. Аудандық әжелер ансамблінің байқауы «Алматы облы­сы музейлер бірлестігінің» бас­шысы Ержан Тоқтарұлының құт­тық­тауымен ашылды.

– Иә, ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Ал ұлттың алтын қоры – ана мен бала. Сондықтан бұл байқауды көпке үлгі деп білемін. Өйткені әжелер салған дана жолда ұрпақтар өседі, жақсы тәлім-тәрбие алады, – деді бірлестік басшысы.

сми

Байқау ережесі үш кезеңнен тұрды. «Өнерлі неткен әже­лер» атты алғашқы кезеңде қатысу­шылар өз өнерлерін көрсетсе, «Бесік жыры – басты жыр» деп аталатын екінші кезеңде заманауи немесе өздері шығарған бесік жырын әуелете шырқады. Ал «Ұмыт болған ұлттық салт-дәс­түрлер» кезеңінде ұмытыла бас­таған салт-жоралғыларымыз бойынша көрініс көрсетілді. Сонымен қатар әндер түрлі му­зы­калық аспаптардың сүйе­мел­деуімен жанды дауыста орындалды. Ән бүкіл сана-се­зіміңді баурап алып жеткізе алатын құдіретті қасиетке ие. Ал әжелердің салған әндерінің мақамы да, мазмұны да мүлдем бөлек болды. Бұлбұлдай сайрап, гүлдей құлпырған ақ жау­лықтылар сахнаның сәнін кел­тірді. Ансамбльдің құрамы 10-12 адамнан кем болмады. Қатысушы әжелердің жас ерекшелігі 65 жас­тан жоғары болғаны ескерілді. Әжелер байқауының өткізілуіне бас­тама­шы болған, басты ұйым­дас­тырушысы – «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Гүлнар Бақытқалиқызы.

Байқауға «Анаға құрмет» му­зейінің ұйымдастырушысы, профессор, ардақты ұстаз Бақыт Шпек­­паева, ардагер журналист, киелі кимешекті насихаттаушы Ар­шагүл Тойбаева, ұстаз Зәуре На­­ки­пова, «Алматы облысы му­зей­­лер бірлестігінің» басшысы Ер­­жан Тоқтарұлы төрелік етіп, әже­­лер­ге ыстық ықыласын біл­дірді.

Байқаудың нәтижесінде бас жүлдені Райымбек ауылдық окру­гінің «Дариға дәурен» әже­лер ансамблі алса, 1-орынды Үм­бетәлі ауылының «Бөпе­жан» әжелер ансамблі иелен­ді. 2-орынға Шамалған ауыл­дық округінің «Ақ әжелер» ансамблі лайық деп танылса, үздік үш­тіктен Елтай ауылдық округінің «Асыл әжелер» ансамблі кө­рінді. Күлиман ана атындағы ар­найы жүлде «Алматы қала­сының белсенді өмір сүру орталығының» әжелеріне бұйыр­ды. Осылайша, байқауда әжелер әуенді әндерді нақышына келтіре орындап, саз өнерінің иірімін ұш­тастырды. Болашаққа ұлттық құн­дылықтарымызды сырын бұз­бай жеткізу дәл осындай шаралар­дан бастау алады.

 

Ақерке АМАНТАЙ,

«Анаға құрмет» музейінің ғылыми қызметкері