Таным • 12 Сәуір, 2024

Бала қиялы ғарышты шарлайды

57 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы рет алаңсыз армандаған кезіңіз есіңізде ме? Егер қойын дәптеріңіздегі қойдай көп жоспарларыңызды айта бастасаңыз, жолымыз осы жерден айырылуы мүмкін. Жоқ, ғайыптан та­йып ғарышқа ұшып, ғаламшарда ауық-ауық серуендеуді жақсы көрсеңіз, мен сізді құттықтаймын. Сіз – әлемдегі ең бақытты жанның бірісіз.

Бала қиялы ғарышты шарлайды

«Арманымның бәрін жазар болсам, дәптерге сыймас еді», дейтін Қожаны ұмытпаған шығарсыз. Иә, арман ешқандай өлшемге сыймайды. Ол тап-таза жүректе, ақ қағаз көңілде ғана салтанат құра алады. Ар­манымыздың асудан, қиялы­мыздың қиядан аса алмай қа­лып жатқаны содан емес пе екен? Кім біліпті? Әйтсе де сана­мыздың түкпірінде балалық бағындағы сәулелі сәттердің бір ұшқыны қалғаны анық. Оларды тіршілік батпағынан аршып алып, ғарышқа самғату үшін кішкентай қиялшылдардан көп үй­ренуіміз керек. Мұндағы «қиял­гер» сөзімді «қиялшыл» деген дұрысырақ деп қия басып жүрмеңіз. Ересектігіңізге басып ережешіл болудың қажеті жоқ. «Қайраткер» деп қолданып жүргенде, «қиялгер» деген де қисынды емес пе? Сондықтан санаңыздағы шекараларды бір мезет алып тастаңыз да, бала қиялында барлығы рұқсат деп, әрі қарай тарта беріңіз.

Шекара дегеннен шығады. Баяғыда бір топ құрбақа құдық­тың түбіне құлап кетіпті. Әрі талпынып, бері талпынып шыға алмай амалы құрыған соң, ақса­қал­дарының біреуі ақыл айтыпты. «Құдай бұйырған құдық екен. Сексен құлаш тереңнен секіргеннен пайда жоқ. Мына жер де жаман емес. Осында өсіп-өне берейік. Кейін ұрпағымыз «аңсап жүрген аспандарың теңге­дей-ақ нәрсе ғой» деп, құдықта құрқылдасып жатады әлі», деп сабырға шақырыпты. Айтып жат­қа­ны сол еді, бір жас құрбақа қарғы­ды да құдықтан бір-ақ шығып кетіпті. Сөйтсе, әлгі бақа саңы­рау болған көрінеді. Ересек бақа­ның ережесін естімегеннен кейін, еркіндікке шығатын сенімі де өшпеген екен оның. Сол сынды баланың да еркін ойына ересек­тердің шектеуі қойылмағаны ләзім.

Иә, арманның бір аты – ер­кіндік. Тартылыс заңына табиғаты қайшы құбылыс. Оның айқын дәлелі – ұшуға деген ұмтылыс. Екі метр ересектердің аспаннан қарасаң нүктедей ғана тұлғасы мәз қылмай көрсін баланы. Мәселе онда да емес. Арқасына қанат байлап, қалықтап тұрған балаға алпауыт дүн-дүние кішкентай ойыншығы секілді көрінеді. Ал кішкентай ойыншықты барлық бала жақсы көреді. Осы сезімді бастан кешкісі келгеннен кейін, арманшыл көңілдің аспанды аңсайтыны сондықтан болса керек. Қанаттылармен қатар ұшқан қиял иесі қашанда азат. Ал азат сананың иесі қашанда бақытты.

Баланың келесі әрі ең үлкен қиял кеңістігінің бірі – ғарыш. Ғарышкер болуды армандамаған бала болмаған да шығар. Себебі ғарыш – ғажайып әлем. Ал ға­жайып­ты танып-білу – бала сана­­сы­ның ең сүйікті ісі. Өзіңіз ой­лаңызшы, жұлдызға жақындап, Ай­ды айналып жүруден асқан қуа­ныш бола ма? Сондағы көңіл күйді өзің де сезініп, қиялыңа қанат бай­лауы үшін балалар әдебиетіне бармаса болмайды. Бағанадан бері осы тақырыпты төңіректеп келе жатқанымызды түсінген боларсыз, қадірлі оқырман. Ендеше, осы турасында ойымызды ортаға салып, балалар әдебиетіндегі ғарыш тақырыбына танымдық барлау жасап көрейік.

Ғарыш культі әлем әдебие­тін­де аз орын алған жоқ. Кері­сінше, жердегі қалыпты қаһар­мандардан гөрі кішкентай оқыр­мандар ғаламшарларда саяхаттап, түрлі жағдайды басынан кешетін ғарышкерлерді жанына жақын тұта бастады. Қаламгерлер де пәлсапалық мән дарытып, баланы биікке сам­ғатқан сайын, жүрегіне терең­деуді үйретті. Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы» балаларға махаббат­тың мәнін, достықтың бағасын, өмір сүрудің мазмұнын ғарыштан үйретті.

Юрий Гагарин ғарышқа ұш­қаннан кейін іле-шала жарық көрген Николай Носовтың шығар­масы балалармен қатар ересектерге қатты әсер етті. Кім не десе де «Дымбілместің Айға саяхаты» кеңес дәуірі балаларының отан­шылдық сезімін ерекше көтерді. Мемлекеттің ғылыми жетістігі балалар әдебиетінде көрінуі – дамудың негізгі іргесі. Балалардың барлығы ғарышкер болуды армандауына бәлкім осы шығарма – негізгі себеп. Н.Носов осы орайда өзінің «Дымбілмесімен» адамшылық қағидаларын насихаттай отыра, мемлекеттің технократиялық әлеуетін бейсаналы түрде таныс­тыра білді.

Қазақ балалар әдебиеті де ғ­а­рыш­­қа сапар жасады. Фан­таст жазушы Абдулхамит Мар­хабаевтың 1972 жылы жарық­қа шыққан «Ғарыштағы қымыз» шығармасын оқырман қауым жақсы қабылдады. Мектеп бағ­дар­­ламасына енгізілді. Альфа­лық­тар туралы қиял-ғажайып әңгіменің оқиғасы күрделі екеніне қарамастан, тілі жеңіл, баяндалуы қызықты. Өзге өркениеттерді зерттеу арқылы, достық, ынтымақ тақырыбы насихатталады.

Ал Жүніс Сахиевтің «Айдағы жасырынбақ» шығармасы балаларды табиғат тазалығына үн­дей­ді. Оқиға Сартай мен Мер­геннің ғарыш кемесімен қалай саяхаттағанын сыныптастарына баяндауынан басталады. Айға барып жасырынбақ ойнамақшы болған балалар ондағы қауіпті сезеді. Оларды саяхатқа алып шық­қан әкесі кезінде айда да тірші­лік болғанын айтады. Алай­да адамдардың табиғатқа деген қамқорсыздығынан, осындай аянышты күйге түскенін түсіндіреді.

Иә, бергі заманда жазылған осы тақылеттес шығармалар көп. Алайда қазақ балалар әдебиетіндегі ғарыш тақырыбы ХХ ғасырдан ғана бастау алады деген ойдан да алшақ болған дұрыс. Қазақ баласын ең әуелі ғарышқа самғатқан – Тазша бала. Әйгілі қырық өтірігінің бірінде ол жеті жылқысын жоғалтып алады. Айналасына қараса, ештеңе көрінбейді. Бойы жетпеген соң, құрықтың үстіне шығып қарайды. Онда да нәтиже болмайды. Кенет қалтасында тебен иненің бары есіне түсіп, оны құрыққа қадап, үстіне шығады. Айналаның бәрі ап-анық жарқырап сала бере­ді. Ғалым Ақжан Машанидің пікі­рінше, Тазша баланың «өтірі­гінде» ғарыштық ғылыми шын­дықтар тұр. Жоғалған жыл­қы деген – жеті қарақшы жұлдыз­дар шоғыры. Ал оларды айдан анық, күннен жарық көрсеткен тебен ине – кәдімгі компас. Ма­­шанидің бұл талдауына сүйен­сек, ілкідегі ғарыш туралы түсі­нік­тің тым терең болғанын түсінесіз. Сондықтан қазақ балалар әдебиетіндегі ғарыш тақы­рыбының генеологиялық өрісі сонау Тазша баладан келе жатыр деп айтуға тұрарлық.

Балалар секілді жазу, балалар секілді ойлану – ең қиын нәрсе. Бұл жанр ақыл айтып көсемсуді, ересектерге тән үйретімпаздықты ұнатпайды. Балаға жай ғана дос бола білу керек. Шіркін, баланы өзі секілді түсіне білсек қандай? Сөзімізді мына диологпен аяқтағымыз келеді:

 – Балақай, сен өскенде кім болғың келеді?

– Бақытты боламын.

– Сен сұрақты түсінбеген сияқтысың.

– Керісінше, сіз жауапты түсінбеген секілдісіз...