Пікір • 12 Сәуір, 2024

Білім-ғылым аңсары

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі білімнің мәні – мәдени тран­с­­­­формацияда. Сын-қатер­лер тұсын­дағы сұрақ: қоғамға кім керек және маман қоғам­нан өз орнын қалай табады? Транс­фор­мация мәні осында! Ізденген жас азамат бәсеке, кәсібилік тұрғы­сынан өзіне қажетті және елінің бүгіні мен ертеңіне керекті білім ала білуі тиіс.

Білімнің басты шарты – ынтымақтастық. Өз ішімізде түрлі университет, ғылыми орталық, мәдени ортамен қарым-қатынас орнату, шетелге ұтқырлық байланыспен шығу, әлемнің мықты білім-ғылым орталығында оқу немесе тағылымдамадан өту – негізгі жол осы болуға керек. Ендігі мәселе – мұны сапаландыруда және қалыптасқан дәстүрмен үйлестіруде. Қазіргі уақыт өз бетімен білім алуды, онлайн (қашықтан) білім іздеуді қолдайды. Басты шарт – өз деңгейіңді, өз қабілетіңді бағалай білу. Цифрлық әлемде адаспау, қиыннан жол табу.

Маңызды басымдық – аралас білім алуды жолға қою. Техникалық бағыттағылар эконо­микалық білімді, гуманитарлық бағыттағылар технологиялық немесе ІТ білімді қоса меңгеру – бүгінгі заманның сұранымы. Лондонның Империялық колледжі «болашақ аралас білім­де» деген қорытынды жасап отыр.

Білімдегі икемді жүйе мен оқыту, оқудағы шығармашыл ізденістер де – жаңа заман талабы. Осы күні компьютер, смартфон – көзі ашық жастың қаламы мен кітабы. Оның мүм­кіндігін неше пайыз меңгеріп жүрміз? 30-40, тіпті 60 пайыз шығар. Біздің қолымызда өте ақылды құралдар болуы керек. Мысалы, мына көктемгі сел мен тасқынды болжай алдық па? Немесе қазір ДНК деңгейіндегі зерттеулер – әліппе сияқты болып қалды. Қазақстанның суперкомпьютерлері осыны және басқаны «жаңғақтай шаға білуі» керек.

Үзіліссіз білім бәріміз үшін керек. Жастарға да, үлкендерге де. Қазір «нано-деңгей» деген ұғым шықты. Мәні – керекті білімнің қажетін тез аңғарып, оны аз уақытта меңгеру.

Өкінішке қарай, біз (және ТМД) университет пен институттың қадірін кетіріп алдық. Жоғары мектеп – жай «диплом» емес, «ғылым» деген сөз.

Әлем ғылымы қазір неге бас қатырып жатқанын білген орынды. «Мидың коннектомикасы» деген проблема бар. Бұл нейро-ғылым деуге болады. Мәні – нейро-химия, нейро-физика, нейро-биология деңгейінде адам миының мүмкіндіктерін қарастыру. «Коннектом» – мидың толық жүйесі. Бұл – сан ғылымның түйіскен жері. «Астрохимия» деген сала пайда болып келе жатыр. Бұл жердегі және аспан денелеріндегі барша қозғалыс төркінін зерттейді. Космостағы жұлдыздар кеңістігіндегі органикалық молекулаларды іздестіреді. «Адамзат қалай пайда болды?» деген сұраққа жаңа жауап табады. «Нейтрино физикасы» деген де жаңа сала қаз-қаз тұрып жатыр. Қазір «Үлкен андронды коллайдер» (ғарыштық технология) жұмысқа кірісті. Енді АҚШ пен Ресейдің ғарыштық бәсекесі артта қалды. Нейтрино Бүкіләлемдік тартылыс күшін жаңа қырынан түсіндіріп бермек.

«Жылу қуатын сақтау жүйесі». Мұнымен әлемнің озық ғалымдары бір ұжымдай айналысып жатыр. Мысалы, бізде өткен ЭКСПО-да таныстырылған жасыл энергия немесе күн қуатын жаз айларында жинап, қыс айларында пайдалану – осы ғылыми бағыттың зерттеу нысанасы.

Үй немесе тұрмыс роботтары. Бұл саланың болашағы – қолымыздағы смартфонның қажеттілігіндей және икемділігіндей болғалы тұр. Мұның арғы-бергі жағында кешенді цифр­ландыру үдерісі бар. Тұрмыстағы, өндіріс­тегі, жұмыстағы, мемлекеттік құрылымдағы, бизнестегі цифрландыру тек ғылым күшімен жүзеге асады. Жасанды интеллект – әрі іргелі, әрі қолданбалы ғылым нысанасына айналды. «Z», «А» ұрпақпен ымдасып емес, шындасып сөйлесу, ең қиыны – құндылықтарды бірлесе сіңіру міндеті тұр. Бұл да – ғылымға байлаулы қадам.

Біз осы ғасыр басындағы үшінші өндірістік төңкерісті – ақпараттық технология, интернет заманы деп белгілесек, енді төртінші өндірістік төңкеріс – киберфизикалық жүйені өндірістің бар саласына, адамның тұрмысы мен игілігіне дейін енгізу жүріп жатқаны мәлім.

Ата-бабамыз білімді азаматты, кітап атау­лыны айрықша қадірлеген. Еуропа бағытта 1841 жылғы Жәңгір хан мектебінен 1918 жылғы Абай атындағы ҚазПИ-дің бастауына дейінгі жол – Ыбырай, Шоқан, Абай, Алаш зиялылары ұлт білімін сапаландырған кезең. Бастапқы «Молда бол!», кейінгі  «Мұғалім (мұғалым) бол!» деген батаның астарында ағартушылық ой жатыр. Соңғысының өзегінде «ғалым» тұр. Мұғалімнің ХХ ғасыр басындағы рәмізі – Ахмет Байтұрсынұлы болса, ғылымды темірқазық еткен 50-60 жылдардағы рәмізі – Қаныш Сәтбаев. Бұл тұлғалардың қарым-қатынасы ұстаз бен шәкірттей екені айдан анық.

Дана қайраткер Әлихан Бөкейхан: «Күш-қуатын игілік жолына жұмсаған жұрт тарқы ету жағына шығады» дейді. Мұндағы «тарқы» («тараққин» яки еуропа қарпінде «теракки» – арабша өсу) – прогресс яғни ғылым деген сөз. Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де осы ұстаным әлі көкейкесті.