Пікір • 12 Сәуір, 2024

Дамудың қозғаушы күші

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе жас ғалымдарды ғылымға тарту, оларды рухани және материалдық тұрғыдан ынталандыру жұмысының жүргізілуі талай жастың ғылым жолына түсуіне себеп болып отыр.

Дамудың қозғаушы күші

Жас ғалымдардың жобала­рын қаржыландыруға арнал­ған гранттық конкурстар, бағдар­ламалар мен тағылым­дамалар туралы жеке-жеке тоқталуға болады. Бірақ осы ретте қазір қызмет етіп жатқан, жаңадан мәртебе алған Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жас ғалымдарды қолдауға қатыс­ты тың шешімдеріне тоқталғым келеді. Жыл басында академияда Жас ға­лымдар кеңесі құрылды. Бұл ұйым еліміздегі талантты жас ға­лымдарды бір ортаға шоғырлан­дырып, ғылым саласындағы мәселе­лерді көтеріп, олардың шешу жолдары бойынша тәуелсіз ұсыныстар беріп, құқықтық-нормативтік құжаттар мен ережелердің жобасын дайындап, оған өзгеріс енгізуге нақты ойын жеткізеді. Осы кеңес құрамында отандық ғылымда тұңғыш рет жас ғалымдардың құқығын қорғайтын омбудсмен лауазымы енгізіліп, маманымыз өз жұмысын бастап кетті.

Мемлекеттің ғылымға көңіл бөлуі – жақсы үрдіс. Дегенмен жалпы алғанда, елімізде ғылым­ды қаржыландыру әлі де тиісті деңгейде емес. Кейінгі жылдар­дағы оң өзгерістерге қарамастан, Қазақстан – ғылымға инвестиция құю  бойынша әлі де артта қалған ел қатарында. Қоғамда «Қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтері, Марғұландары қайда?» деген сауал қойылады. Егер қажетті технология­ларды шетелден сатып аламыз деп, жылдар бойы өз ғалымдарымызды мойындамасақ, ғылыми зерттеу­лерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан қалыптаспақ? Кейінгі жылдары елімізде ғылымды қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің шамамен 0,13% бөлініп келеді, салыстырмалы түрде қара­сақ, ғылымды қолдауға ішкі жалпы өнімнің Израильде – 4,9%, Оңтүстік Кореяда – 4,6%, Тайванда – 3,5%, Швецияда – 3,4%, Жапонияда – 3,2%, АҚШ-та – 3,1%, Қытайда  2,2% бөлінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді бастамалары нәтижесін­де елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағыттағы жұмыс қазіргідей жақсы қарқынмен жалғасса, елімізде ғылым дамудың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз.

 

Қуантар ӘЛИХАНОВ,

Ұлттық ғылым академиясы Пәнаралық ғылым орталығының директоры, PhD