Қоғам • 15 Сәуір, 2024

Арқаның ақ пейілі

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұма күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жариялаған «Жүректен – жүрекке!» республикалық акциясы аясында қалалық Достық үйіндегі көмек жи­нау пунктінен Қостанай облысына екі жүк көлі­гімен гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Арқаның ақ пейілі

Жүктің көлемі – 40 тонна. Жолға шыққан гуманитарлық көмек керуенінде негізгі қажеттіліктер қамтылды. Азық-түлік, киім-кешек, санитарлық-гигиеналық бұйымдар, төсеніш жабдықтары, генераторлар, күректер, жарық шамдары, шатырлар секілді керек заттар жиналды.

Ағайынға көлеңке жол тартқан жүк көліктеріне облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ақ жол тілеп, мұндай игілікті істің әрмен қарай жалғасатынын жеткізді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде арнайы өңірлік штаб құрылып, этно-мәдени бірлестіктердің, кәсіпкерлердің, тұрғындардың арқасында көмек жиналды. Екі жүк көлігімен 40 тоннаға жуық азық-түлік және су тасқынына қажетті құрал-жабдықтар жіберілді. Бұл жұмыс жалғасын табады. Осы игі іске мұрындық болып, басы-қасында жүрген барша азаматқа, қарағандылықтарға алғысымды білдіремін. Азаматтың азаматтығы осындай қиын-қыстау күндерде сындарлы сәттерде білінетіні сөзсіз. Сондықтан бірге болайық! Еліміз осындай уақытша қиындықтан жылдам шығып, оңалып кетуіне тілектеспін, – деді Е.Бейсембайұлы.

Бұған қоса «Victory Trans» ЖШС кәсіпорны жүктерді тасымалдау бойынша шығындарды толығымен өз мойнына алып, жомарттық танытты. Гуманитарлық көмекті жинауға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этно-мәдени бірлестіктер өкілдері, кәсіпкерлер, еріктілер, жастар, блогерлер, өңір тұрғындары белсене қатысып, бір кісідей жәрдемдесті.

– Жолға шыққан күннің ертеңінде Қостанайға аман-есен жеттік. Арқа жұртының аманат етіп тапсырған гуманитарлық көмегін қабылдау пунктіне тапсырдық. Қостанайлықтар қиын-қыстау кезеңде Қарағанды жұртына бірге болғандары үшін, ақ пейілі үшін алғысын жаудырып жатыр, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Думан Малаев.

 

Қарағанды облысы