Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Дайындық дамылсыз жүргізіліп жатыр

51 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жайық өзенінің жоғары бастауынан келетін тасқын су Батыс Қазақстан облысы аумағына бірер күнде келіп жетеді. Мамандардың айтуынша, өзен бойындағы 84 елді мекен тұрғындарына қауіп төніп тұр.

Дайындық дамылсыз жүргізіліп жатыр

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департа­мен­тінің аға инженері Нұржан Төлеуіш­тің айтуынша, өңірде Бөрлі ауданының – 9, Бәйтерек ауда­нының – 20, Теректі ауданының – 19, Ақжайық ауданының – 32 елді меке­ніне, Орал қаласының 4 ауданына нақты қауіп бар.

Жайық өзенінің суы қарқынды көтеріліп жатыр, қауіпті деңгейге жетуі жақын. Барлық күш-құрал қазір өзен бойында, тасқынның алдын алуға жұмылдырылған. Орал­ға еліміздің 7 облысынан көмек келіп, жоғарыдағы елді ме­кен­­дерге бөлінген. «Қазір геодезис­тер жұмыс істеп жатыр, қаланың төмен орналасқан аудандарын анық­тап, халықты көшіріп жатыр», деді төтеншеліктер өкілі.

Сәуірдің 15-і күні Жайық өзені жағалауында орналасқан бірнеше елді мекенге эвакуация жарияланды. Ең алдымен балалар мен аналар, қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар қауіпті аймақтан шығу, үй жануарларын уақытша көшіру ескертіліп жатыр. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов: «Өзен жайылмасындағы елді мекендер мен саяжай үйлерін су басу қаупі жоғары. Әсіресе, Орал қаласының Курени, Старица, Коминтерн, Самал, Жас натуралистер стансасы, облыстық аурухана аумағында тұратын халыққа эвакуация істеуіміз қажет», деп хабарлады.

Тасқын қаупіне байланысты Орал қаласында су басу қаупі төн­ген №27 мекемесінде жазасын өтеу­шілер шұғыл түрде өзге өңір­лер­ге – Ақтөбе, Тараз, Шымкент және Қызылорда қала­ла­рына көші­рілген.

Мамандардың айтуынша, Ресейден судың мол көлемі бір-екі күнде Орал қаласына жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазірдің өзінде Жайықтың дең­гейі 8 метрге жуықтап қалды. Су тасқынына қарсы жұмысқа жергі­лікті атқарушы органның және төтен­ше жағдай қызметінің бар­лық ресурсы тартылған. Қазір 350 арнайы техника, 2 мыңға жуық адам тас­қынға тосқауыл қоюға жұ­мыл­ды.

Орал қаласындағы «Батыс» өңір­лік қолбасшылығының баспа­сөз қызметі өңірде Қараған­ды, Қызылорда, Шымкент қала­ла­ры­нан келген мыңға жуық ұландық сарбаз бен 40-тан аса техника жүргенін хабарлады. Сарбаздар ел басына күн туған сәтте ойланбастан көмекке ұмтылып, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жатыр. 14 сәуірде Орал қаласы маңындағы елді ме­­кен тұрғындарын эвакуациялау барысында 30-ға жуық адам отырған жүк көлігі тасқын судың ортасында қалып қойды. Сол жерде кезекшілікте тұрған Ұлт­тық ұлан 5517 әскери бөлімінің қыз­мет­кері Мәулен Мәрленов жедел қимылдады. Өзінің жүк көлі­гі­мен топан судың ортасына қойып кетіп, батып қалған көлікті қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Мұндай оқиға көп.

Сәуірдің 15-інен бастап Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының және Орал қала­сы­ның орта білім беру, кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдары қашықтан оқуға көшкенін хабарлаған едік. Бұл бастамаға Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті де қосылып, студенттерді еріктілер қатарына қосылуға шақырды.

Кеше Алматы облысынан келген 150-ден аса техника, оның ішінде тиеу, инженерлік, жүк және су таситын техникалары және моторлы қайықтар тиісті жер­ге жөнелтілді. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының ТЖД құтқарушылары Теректі ауданы Тоқпай ауылында жағалауды нығайтып жатса, Қызылорда облысынан келген төтеншеліктер Орал қаласындағы Жайық өзенінің жағалауын көтеріп жатыр. Ал ТЖМ-ның 52859 әскери бөлімі сарбаздары осы сағатта Бәйтерек ауданына қарасты Январцев елді мекенінде жүр. Айта кетейік, Ресей аймағынан келе жатқан алапат тасқынды алғаш қарсы алатын да – осылар.

 

Батыс Қазақстан облысы