Экология • 16 Сәуір, 2024

Қызылорда облысындағы көлдер арнасына толды

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстандағы су арналары мен өзен-көлдердегі қазіргі сыйымдылық көрсеткішін жариялады, деп жазады Egemen.kz. 

Қызылорда облысындағы көлдер арнасына толды

Фото: el.kz

Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ете отырып, 92% су жинады. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелгенін атап өткім келеді, бірақ ол кезде де мұндай қарқынды ағынның қалыптасуы болған жоқ. Су ағындарының арқасында қазір екі су қоймасы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады.

Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші - 99,6%. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту мүмкіндік береді.

Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шығып, құны 2 млрд теңгеден асқан еді.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені арқылы 1 текше шақырым су жинау жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым су алуға мүмкіндігі бар Жайық-Көшім суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды.

Ертіс өзенінің су қоймаларынан жіберілген су Павлодар облысының ауыл шаруашылық қажеттілігін өтеуге және Қостанай облысындағы көлдерді толтыруға мүмкіндік берді.

Шығыс Қазақстан облысында 10 сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймалары каскадынан су жіберу жүзеге асырылады. Бұл Шідерті-Өлеңті аймағын тиімді суландыруға және Әулиекөл көлдерін толықтыруға мүмкіндік берді.

Қарағанды облысында жиналған тасқын суы бір жыл бойы өңір экономикасының қажеттіліктеріне жетеді.

Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі өтті, қазір су қоймалары 100% толды. Ағындардың өсуі күтілмейді. Жиналған су жыл бойына аймақ экономикасының қажеттіліктерін толығымен өтеуге мүмкіндік береді.

Ұлытау обдысындағы су қоймасынан жіберілген су алғаш рет Қызылорда облысының көлдерін толтырды.

Ұлытау облысында Кеңгір су қоймасын пайдалану тарихында алғаш рет 270 млн текше метр көлемінде ең көп су жіберу жағдайы тіркелді. Осыған байланысты Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті.

Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинауы байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына жағымды әсер етуі тиіс.

Іле өзені арқылы Балқаш көліне 2,3 текше шақырым су түсті. 

Іле трансшекаралық өзенінің ағыны Алматы облысының Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуге мүмкіндік берді.

Жалпы, тасқын суы барлық су қоймаларын толтыруға, тіпті құрғақ аймақтарда да су жинауға мүмкіндік берді. Бұл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және ауызсу үшін маңызды. Сондай-ақ Атырау облысына келген тасқын суы Каспий теңізіне жіберілетінін, ол үшін қазір қосымша канал қазылып жатқанын қоса кету керек. Яғни Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір су қоймаларында жиналған тасқын суын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.