Театр • 17 Сәуір, 2024

«Қобыланды» жаңаша қойылды

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында Дина Жұмабаеваның режиссурасымен қойылған «Қобыланды» спектаклінің премьерасы өтті. Эпостың сахналық нұсқасын өзі жасаған режиссер спектакльді қаһармандық үлгіде шешуден бас тартып, эпикалық сарынның сақталуына мән берген.

«Қобыланды» жаңаша қойылды

Режиссер Д.Жұмабаева эпос­тың мәтінін түгел­дей кейіп­кер­­лердің аузы­на салып нар­ра­­тив­ті үлгіде шеш­кен. Ол әр сөз­ді түрлендіріп, төл сөздерді ин­то­нациялық тұр­ғыдан төлеу сөз­­дерге айналдырып, ойна­тып, мән мағынасын әрекет қи­мыл­мен өрнектеуден көп ұт­қан. Қойылымда автор сөзі жақ­сылық пен жамандықтың жар­шы­лары ретінде Ақын мен Көк­ланға берілген. Домбырамен жыр­лап шыққан Ақын – Абзал Құ­дайбергенов сексенге жасы келген Тоқтарбай – Кеңес Кемалбаев пен елудегі Аналық – Айгүл Оразалина бәйбішенің баласыздықтан қайғыдан қан жұтып, ақылынан адасқан, қабырғасы қайысқан кезде бір ұл, бір қыз көріп, қуа­ныш­қа кенелгенін нанымды жет­кізеді. Бұл сөздердің барлығы сах­нада әрекетпен ұласып жата­ды. Режиссер қойылымда театр семантикасын, метафоралар мен сим­волдарды молынан әрі нақ­ты пайдаланған. Ақынмен бірге қойылымның басынан аяғы­на дейін жүріп, эпостың оқиға­сын баяндайтын кейіпкер Көк­лан – Жанна Сұлтанқұлова кейіп­керлердің төбесінен қызғыш­тай төніп, қарғадай қарқылдап, болашақтарын болжап жүреді. Мыстанның сыртқы түрі мен іс-әрекеттерінен мифтік кейіп­керге тән ерекшеліктер бірден аңғарылып, қойылымның эпи­ка­лық әсерін күшейте түседі. Осы­лайша, эпостағы бүкіл оқиға режиссер ұсынған нақты ми­зансценалық суреттеулер арқылы жүйелі әре­кет­ке құрылып көрер­меннің көз алдында тіріледі.

Қобыланды рөліндегі Мұхтар Әділеттің бойынан ел тыныштығы мен еркіндігін ойлаған шынайы өмірдегі батырлардың дәстүрлі бейнесін емес, сырт сымбаттылығы, батырға лайық тұлғасы, албырт жастығы, ширақ әрекеті арқылы нағыз эпостық қаһарманды көрдік. Дүниеге келген сәбидің қалт-құлт еткен қимылдарынан бастап, етікті аяғына қиіп алып еңбектеп, асыр салып ойнап есеюін дәл жеткізеді. Жасөспірім бола тұра бірінші жорығына аттанарда әкесі Тоқтарбайдың (Кеңес Кемалбаев) жерге шаншылған қанжарын тыраштанып шығара алмауы да нанымды. Ал соғыс, аттың үстінде шабу сахналарындағы актердің физикалық мүмкіндігінің жоғары екенін байқатты. Десек те актер ойынында сөз айтуды жете меңгермегендігі, сөздің астарын толық ашуға шорқақтығы тәрізді олқылықтар байқалды. Орындаушы ақ өлеңмен жазылған эпос жолдарының сахнадан өзіндік айтылу мәнерін толық таба алмаған. М.Әділеттің бұл бірінші ірі рөлі екенін ескере отырып оған өз қаһарманының сырт сымбаттылығымен бірге, оның рухани әлеміне әлі де болса баса көңіл аударғаны дұрыс болар еді деген тілек айтқымыз келеді.

Естеміс рөліндегі Еламан Дос­жанов өз кейіпкерінің әлемін жаңаша бағалаған. Бұл қойылымда Естеміс – әрдайым Қобыландының көлеңкесінде қалып қоятын батыр. Мұны режиссер кейіпкерді ортадағы шайқастарға жақын­датпай, авансценаға шығарып, Қобыландының әрекетін бақылау­шы ретінде көрсетуі арқылы шешкен. Бірақ актер Естемістің осы философиясын тура жеткізуге әлі де күш салғаны дұрыс. Дәл солай Аружан Базарбаеваның Құртқасы сырттай әдемі, нәзік болып көрінгенімен де, кейіпкердің психофизикалық әрекеттерін шашыратып, сөздің астарын аша алмады. Алдағы уақытта арудың ішкі жан дүниесіндегі арпалыстарды жеткізуге мән бергені жөн. Әсіресе соңғы сахнада актрисаның ағыл тегіл жылап тұрып сөйлеуінің өзі режиссер ұсынған ой-тұжырымға сай келмеді.

Қойылымда көзге түскен кейіп­­­кердің бірі – Қарлыға. Аси­ла Төреғалиеваның орын­дауын­дағы бұл бейне талай жазу­шы­лардың пьеса жазуына түрт­кі болған сүйіктісі үшін өз әке­сін, бауырын өлтірген көне грек мифологиясындағы Медея бей­несіне дейін көтерілген.

Спектакльдегі әр мизансцена ойналып, әдемі суреттеу тап­қан. Әйтсе де режиссерлік ой-пайым­дау мен түсінік, жүйелеу бар да, оларды актерлердің ойыны арқылы жүзеге асыру оңай шаруа емес. Осы тұрғыдан қарағанда Қараман (Рахат Төрежан), Қазан (Нұрсұлтан Айтқалиев), Бірсінбай (Нұрсұлтан Есет), Алшағыр (Бек­жан Қайроллин), Көбікті (Ар­ман Ахметов) бейнелері бір бірі­не ұқсас суреттеліп, өзіндік ерекше­ліктерімен дараланбай қалған.

Режиссердің халық жатқа білетін жырға өзіндік көзқарасымен келуі, мәтінге жаңа екпін, астар беруімен де қойылым қызықты болып шыққан. Актерлер сөздерін түрлендіріп, әңгімелеп те, жырлап та, речитативті түрде де, тақпақтап та жеткізуінің өзі Қобыланды және өзге кейіпкерлерді жаңа қырынан ашылуына мүмкіндік жасаған. Бір сахна екінші сахнамен алмасып, үздіксіз әрекет жүріп жатуы – режиссер Д.Жұмабаеваның шығармашылығына тән ерекшелік.

Д.Жұмабаева ойының ауқым­дылығы мен қиял көкжиегінің кең­дігін танытатын бұл қойылым­ның эпикалық ауқымын күшейтуге жекелеген актерлер зор үлес қосты. Сонымен қоса режиссер мен арнайы шақыртылған суретші Лилия Хисматуллина сахна алаңын толық пайдаланып, суреттелетін болмыс тынысын барынша кеңейтуге күш салған. Сахнаны бөліп тұрған шымылдықтың оқиға барысында түсіп, көтеріліп отыруы уақыттың өткенін, оқиға орнының алмасуын дәл жеткізіп отыратын әрекетті сценография болды. Бұған жарықтың тигізген ықпалы да зор. Әсіресе шайқас сахналарында жарықты нақты нүктелермен батырларға түсіру арқылы соғыс алаңының атмосферасын бере алған.

Қойылым басынан соңына дейін пластика мен музыкаға құрылуының өзі шығарманың ішкі мазмұнын тереңдетіп әрі көрерменге визуалды тұрғыдан әсер беріп, көне эпостың атмосферасына кіргізеді. Анна Цойдың хореографиясы мен Нұрсұлтан Төреәлінің арнайы жазған музыкасы бір «кілтте» шешілуі, заманауи хореолексиканың ұлттық әуенде орындалуы бір-бірімен органикалық байланыс тапқан. Осыған орай спектакльдің ха­лық сахналары да жанды, әрбір жекеліктен тұтастық тауып, оның көркемдік бірлігін құраған. Шайқас сахналарындағы кейіпкерлердің өмір үшін найза мен қылыш сер­месуін және батырлардың атпен шауып келе жатқан қозғалыстарын актерлердің ширақ қимылдары арқылы әдемі шешкен. Ал Қобы­ланды мен Құртқаның арасындағы махаббатты көрсетуде лирикалық әуен мен биязы да нәзік пластика орын алған. Бұл ретте Құртқаның бастапқыда мойнына орап шыққан қызыл орамалды бірде беліне орап, бірде екеуі бүркенуі арқылы да режиссер мен хореограф екі жастың арасындағы буырқан­ған ғашықтық сезімдерді аша түскен.

Қойылымнан шығармашы­лық үрдістің қызық өткені, ре­жис­сер ұсынған тәсілдердің актер­­лік шеберлікті ұштауға ықпал жасағаны да байқалып тұрды. Д.Жұ­мабаева сахнаның пластика­лық шешімін, пішінін дәл тапқаны­мен де актерлерге әлі де болса бейнені ашуға тек сырттай келмей, кейіпкерлердің өсу эволюциясы мен психологиялық толғаныс сәттерін жеткізуде іздене түссе спектакльдің мазмұны тереңдей түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ театр ұжымы тіл тазалығына көңіл бөліп, сахналық тілді жаттықтыруды күн­делікті шығармашылық ізденіс­тің негізіне айналдырса үлкен нә­ти­жеге жетер еді деген ойдамыз. Әйтсе де осындай бірді-екілі олқылықтарға қарамастан «Қо­бы­­ланды» спектаклі Т.Ахтанов театры­­ның көркемдік дәрежесін көрсе­тетін заманауи дүние болып шыққаны ұжым үшін де, қазақ театры үшін де үлкен жетістік.

 

Анар ЕРКЕБАЙ,

Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театртанушы